Ауыл тазалығы-Халық айнасы!
«Тазалық — денсаулық кепілі» демекші, жалпы тазалық төңірегінде бұл мәселе айта-айта жауыр болғаны шындық. Округте басқа бағыттағы жұмыс қарқынды жүргенімен, тазалық мәселесіне келгенде ақсап тұрғаны жасырын емес. Оған себеп — өзіміздің салғырттығымыз.
Күн санап дамып келе жатқан тұрмыс-тіршілігімізге қуана қараймыз. Әйтсе де, сол даму қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Мәселен, дүкен сөресінде самсап тұрған тағамдар мен сусындардың барлығы арнайы қорапқа немесе полиэтилен пакетке түрілген. Сүт, сұйық май, шырын, сусын бәрі-бәрі түрлі қорапқа немесе шыны ыдысқа, қала берді «баклажкаға» құйылған. Міне, ең алдымен ауыл тазалығын ластайтын осы тұрмыстық қалдықтар. Өз үй-жайларының айналасындағы көң-қоқысты көше шетіне шығару өз алдына бөлек әңгіме.
Округ көлемінде көркейту, көгалдандыру және санитарлық тазалықтың екі айлығы өткені мәлім. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші 200-ге жуық адам білек сыбана кірісіп, оған 2 техника, 170 түрлі сала қызметкері жұмылдырылды. Ал, тазалық барысында ауылымыздың кіре-беріс жолдары,көшелеріміз тазаланып, 600 тұрғын үй мен 1300 ағаш түбі әктеліп, жаңадан 380 дана көшет отырғызылды. Жалпы 2000 текше метр күл-қоқыс арнайы полигонға шығарылды.
Тазалық-әр ауладан басталады демекші, әрбір ауыл тұрғыны өз үй-жайларының айналасын жинап, жанатын тұрмыстық қалдықты мұқият өртеп, басқа қалдықтарды уақытылы арнайы күл-қоқыс төгетін орынға апарса құба-құп болар еді.
Біздің де өмірімізді жарық қылатын,жан-жағымызға тамаша сәулесін шашатын ,өмірдегі басты байлық-денсаулық.Денсаулық-бұл адамның еңбекке белсенді болуы,әрі ұзақ өмір сүруі,тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну.
«Ауылына қарап азаматын таны» дейді атам қазақ. Сырттан қараған сыншыл көз ауылымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Осы ретте, өскелең ұрпағымыздың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысайық, ағайын!
Сарбаева Жанаргуль Жаңбырбекқызы
Мұқыр ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы