Техникалық байқау міндетті шара.

Техникалық байқау міндетті шара.

Қаһарлы қыс артта қалып, жайма шуақ көктем де келіп жетті. Бұл тіршілік атаулыға жан бітіп, оянатын мезгіл. Сонымен қатар, енді бір-екі айда нәсібін даладан терген шаруашылық құрылымдары, шаруа қожалықтары және жеке тұрғындар техникалары мен құрал-саймандарын сайлап, қысқы мал азығын дайындау және егіс егу қамына кіріседі. Осы орайда, биылғы жылдың сәуір айынан желтоқсан айына дейін аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы техникаларының барлық түріне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №269 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сай техникалық байқау жүргізіледі.

            Құжаттарды қабылдау жергілікті атқарушы органдардың кеңсесі, сонымен қатар «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Тағы ескерте кетер жайт техникалық байқаудан өткізу туралы өтініш электронды түрде қабылданады. Сондықтан техника иелері өздеріне электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) ашуы керек. Мемлекеттік техникалық байқаудан өту үшін заңды тұлғалар (не оның оның сенімхат бойынша өкілі) теңгерімде (баланста) тұрған техникалардың тізімі (маркасы, моделі, шыққан жылы, зауыттық, қозғалтқыш нөмірлері, мемлекеттік белгісі) техникалық паспорты және заңды тұлғаның мөрімен расталған техникаларды мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу актісін ұсынады. Ал, жеке тұлғалар (не оның оның сенімхат бойынша өкілі) осы қағиданың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш және машинаны тiркеу құжаты (техникалық паспорт) қажет. Техникалық байқау кезінде машиналардың кiмге тиесiлi екенiн нақтылайды, типінің, моделiнiң, шығарылған жылының, машинаның, шассидің, қозғалтқыштың, рамасының, зауыттық нөмiрiнiң және нөмiрлік белгiсiнiң тiркеу құжатында жазылған деректерге сәйкестiгiн тексередi. Сонымен қатар, машиналардың техникалық жай-күйінің машиналарды техникалық қарап-тексеруге қойылатын талаптармен реттелетін нормативтік техникалық құжаттарға сәйкестігін тексереді. Техникалық қарап-тексеруден өткен машиналарға тіркеу құжатына (техникалық паспортына) "Ақаусыз" деген жазу жазылады, ал техникалық қарап-тексеруден өтпеген машиналарға "Ақауы бар" деген жазу жазылады, ол жергілікті атқарушы органның (көрсетілетін қызметті берушінің) инженер-инспекторының қолымен және тіркеу пунктінің мөртабанымен расталады.

Соңғы жылдары техникалардың ескілігі, қосалқы бөлшектер мен трактор жүргізушілерінің жетіспеуі және жөндеу жүргізетін мамандандырылған орталықтардың болмауы себебінен техникалық байқаудан өту көрсеткіші төмендеп кетті. Маусымдық шөп шабу науқаны кезінде барлық техника иелері өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауы керек. Бұл бағытта арнайы органдар қатаң бақылау шараларын жүргізетін болады. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары тарапынан 2023 жылы техникаларды мемлекеттік техникалық қарап-тексеруден өткізу орны, мерзімі және уақыты әр ауылдық округтер бойынша белгіленді. Атап айтар болсақ: Миялы ауылдық округінде 20-21 сәуір, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара ауылдық округтерінде 25-27 сәуір аралығы, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтерінде       02-04 мамыр аралығы, Сағыз, Мұқыр ауылдық округтерінде 16-17 мамыр, Тайсойған ауылдық округінде 18 мамыр күндері өткізіледі деп жоспарлануда. Сондықтан, шаруа қожалықтар мен кәсіпорын, мекеме басшылары және жеке тұрғындар барлық ауыл шаруашылығы техникаларының уақытымен байқауға қатысуына көңіл бөлулері қажет.

 

Қазбек АЙЫПҚАЛИЕВ,

аудандық ауыл шаруашылығы және

жер қатынастары бөлімінің бас маманы.

 

 

Техникалық байқау міндетті шара.
Дата публикации
15 марта 2023