ЖАТ АҒЫМДАРДЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕЙІК !

Қай мемлекеттің болсын айбарын аспандатып, халықтың тыныштығын қорғауда елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалып, кез келген ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп, темірдей тәртіп сақталған жерде ғана мемлекет экономикасының абыройы артып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қадам басатыны анық. Ал, халықтың тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қадағалаудағы басты күш – құқық қорғау органдарында.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде құқық қорғау органдарының қызметтеріне ерекше тоқталып өтті. Онда күштік құрылымдардың қолбасшылары жаңа жауынгерлік дағдыларды шыңдауға, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтарымен жабдықтауға, Ұлттық ұланның санын ұлғайтып, күштік құрылымдардағы арнаулы бөлімше қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру мен билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындарға жауапкершілікті күшейтуге, шекара қызметінің ұйымдастыру және басқару принциптерін қайта қарау керектігі жөнінде тапсырма берді.

Еліміздегі төтенше жағдайдан кейін ауданымызда да кешкі сағат 23:00 мен таңғы сағат 07:00 аралығында коменданттық сағат жарияланған болатын. Бұл ретте, қазіргі таңда төтенше жағдай режимін бұзған 8 тұлға анықталып, олардың үстінен Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 476 бабына сай әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар аудандық сотқа жолданды.

  Президентіміз атап өткендей, қарулы күштер, құқық қорғау құрылымдары, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы барлау органдары бір мақсат шеңберінде, яғни азаматтарымызды, конституциялық құрылысты, егемендікті кез келген сипаттағы және ауқымдағы қауіп-қатермен барынша тиімді қорғау үшін үйлесімді жұмыс істеуі тиіс. Полиция қызметкерлері мен әскери сарбаздар әрқашанда тосыннан болар келеңсіз жағдайларға сақадай сай болып, дер кезінде алдын алу керек. Қазіргі таңда әскер қатарына шақырту келсе түрлі сылтау айтып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуден қашып жатқан жастар баршылық. Соның салдарынан олар түрлі жат ағымдарға ерік беріп, солардың жетегінде кетуде.

Бүгінгі жастар мәңгілік елдің ұлы керуенін түрлі қауіптерден кірпік қақпай күзететін ертеңгі сарбаздар. Сондықтан, Ұлан сапында қызмет етсем дейтін кез келген азамат білімі мен білігін жетілдіріп, ішкі рухы мен сыртқы қуатын қатар дамыта отырып шыңдалуы керек.

Т.Қозбақов

Тайсойған ауылдық округ әкімі

 

 

ЖАТ АҒЫМДАРДЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕЙІК !
Дата публикации
26 июля 2022