Қоғамға жат құбылыс

Бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырған індеттің бірі - сыбайлас жемқорлық,бұл қоғамға кері әсерін тигізіп, елдің дамуына айтарлықтай қауіп төндіретін үлкен әлеуметтік қасірет.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – жемқорлықпен күресу және оның алдын алудың бірден – бір жолы түсінік жұмыстарын жүргізу.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың басты міндеті. Қоғамда жемқорлықты жою тетіктерінің бірі- адам бойындағы парасаттылықты қалыптастыру. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұлағатты  сөздің астарына үңілсек,  әділдік пен турашылдықты ту еткен ғасыр қайраткерлерімен , тарихи тұлғаларымыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да біртуар би-шешендеріміздің өмірі дәлел болғандығын тарихтан жақсы білеміз.Сондай – ақ қазақ үшін хәкім Абайдың қара сөздерінен асқан даналық жоқ екені анық. Ұлы ойшылдың он төртінші қара сөзінде: «Қазақ та адам баласы, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайраттың жоқтығынан азады. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» делінген. Яғни, жаманшылыққа бір бой алдырсақ, одан құтылудың жолын табу қиынның қиыны екені анық. Сондықтан, біз қоғамымызда жемқорлыққа қарсы күресті әрбір  азаматтарың  жүрегіне рухани ізгіліктерді, құндылықтарды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан бай адам, жемқорлықтай лас істерден жанын таза ұстайды.Ендеше, оның шипасы – халық арасында ағарту, насихат жұмыстарын тереңінен жүргізу. Яғни, оның сана – сезімін, сенімін, ішкі жан дүниесінің тазаруына ықпал етіп, жүрегіне иман ұялату. Осы мақсатқа жету үшін әрбір отбасында,  мектепте білім алатын оқушылардың бойына имандылық пен адамгершілікті, еліне, жеріне, ұлтына деген жанашырлық, патриоттық сезімді тереңінен сіңіруіміз қажет. Сонда ғана біз, оны, қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін жемқорлықтай келеңсіз әлеуметтік құбылыстан арашалай аламыз.

Қоғамға жат құбылыс
Дата публикации
29 ноября 2021