Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші кез келген тіркеуші органға, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың ЖАО-на немесе Мемлекеттік корпорацияға қалауы бойынша жазбаша нысанда не портал арқылы электрондық түрде қажетті құжаттарды қоса отырып, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш береді.
Көрсетілетін қызметті алушының сауалнамалық деректері азаматтық хал акт жазбасында көрсетілген мәліметтермен сәйкес келмеген не АХАЖ АЖ-да азаматтық хал акт жазбасы болмаған кезде атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуге жол берілмейді.
Мұндай жағдайларда көрсетілетін қызметті алушы азаматтық хал акт жазбасын қалпына келтіру, өзгерістер, толықтырулар немесе түзетулер енгізу туралы тиісті өтінішпен жүгінеді.
Азаматтық хал актісі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген жағдайда тегін, атын, әкесінің атын ауыстыру туралы мәселені дұрыс шешу және өзгерістер, түзетулер мен толықтырулар енгізу үшін азаматтық хал акт жазбаларының көшірмелерін талап етеді.
Көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша тіркеуші орган өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы өтініштерді қабылдайды, неке (ерлі-зайыптылықты) қию, бұзу, кәмелет жасқа толмаған балалардың туу туралы акт жазбаларына тиісті өзгерістер енгізеді, тиісті куәліктерді қалыптастырады.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркегеннен және растайтын құжаттарды (атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік, туу туралы акт жазбасына өзгерістер енгізілген жағдайда - туу туралы куәлік) алғаннан кейін азамат бір ай мерзімінде жеке басын куәландыратын құжаттарды ауыстыруы қажет.