Елдігіміздің ажырамас бөлігі
Жер бетіндегі әр елдің, тіпті әр тайпа, рулардың өз таңбалары, тулары, өмір сүрген ортасына сай белгілері болғаны белгілі. Кешегі Кеңестер Одағы тарап, 16 одақтас республика өз тәуелсіздігін жариялаған уақытта бұл белгілер, яғни рәміздер айрықша сипат алды. Сол кезеңде жас қазақ елін тану үшін Туымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз қажет болды. Ол белгілер еліміздің дербестігін, тәуелсіздігін бүкіл әлемге паш етіп, еліміздің өткені мен бүгінін және болашағының айқын көрініс табуына, халқымыздың қаһармандығы мен асқақ арман-тілегін айқындауы қажет еді.
Елбасының көреген саясатының арқасында ең алдымен Тәуелсіздік декларациясы қабылданды. Осы арқылы мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп 1992 жылы Жоғарғы Кеңесте рәміздерімізді дайындау үшін жұмыс тобы құрылып, арнайы шығармашылық комиссия өз жұмыстарын бастады. Оған елімізге белгігі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Конкурсқа көптеген жобалар тапсырылды. Оның ішінде Ту эскизіне – 1200, Елтаңба -245, Әнұранға – 750 нұсқа сарапқа түсіп, бүгінгі пайдаланылып, қолданып айтылып жүрген рәміздер қабылданды.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дамуының ажырамас бөлігі. Осы рәміздер арқылы елімізді, яғни қазақ халқын бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі көрініс береді. Аспан түстес көк Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз- баға жетпес құндылықтарымыз. Осы құндылықтарымызды қастерлеп, құрметтеп, дәріптеп мемлекеттік рәміздерді отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеудің негізгі әдістеріне айналдыру басты міндетіміз. Мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың өзіңдік талаптары мен стандарттары бар екендігі белгілі. Өзім жасайтын аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің рәміздеріне келер болсақ, «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңы талаптарының, өзіндік ресми қолданылу тәртібі стандарттарына сай келеді. Елтаңба мен маңдайша жазулары латын қарпіне ауыстырылып, жаңартылған.
Қазір біздің бүлдіршіндер балабақшадан бастап «Менің Қазақстанымды» нақышына келтіріп шырқағанда, спортшыларымыз шет елдерде жеңіске жетіп көк туымызды әуелете көтергенде жүрегіңді шаттық кернейді.
Т.Орынғали, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы