Тұрғын үй кезекпен беріледі
Сыбайлас жемқорлық - заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Осыған орай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау мақсатында мемлекеттік органның оң, ашық бейнесін құруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Бөлім бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізімі және 2020 жылы бөлімге жүргізілген ішкі талдау нәтижелері Қызылқоға ауданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында жарияланған.
2020 жылдың 27 қарашасы күні мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруді, халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатын көздейтін жоба - «Сервистік әкімдік» ашылды. Бұл жобаның мақсаты - мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландырып және азаматтарға қолайлы жағдай жасауымен ерекше. Яғни, бұл жерде атқарушы билік өкілдерінің жергілікті тұрғындармен бетпе-бет отырып жұмыс жасауына кедергі жоқ. Оның үстінде шаруасы қауырт адам аудан орталығының әр жерінде орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмай, қажетті қызметін бір ғимараттың ішінен тауып, ісін қиналмай-ақ бітіруіне қол жеткізу мүмкіндігі бар. Бөлім бойынша осы сервистік әкімдік ашылғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін 158 адамға кеңес беріліп, қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, 2020 жыл басынан бастап аудан әкімі жанынан құрылған мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру және жекешелендіру комиссиясы мәжілісінің 5 отырысы өткізіліп, «көп балалы отбасы» санаты бойынша 34 отбасыға «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй және жергілікті атқарушы орган арқылы 1 көп балалы отбасына және «Жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған ҚР-ның азаматтары» санатымен – 4 отбасыға жалдамалы тұрғын үй және 18 мамандарға қызметтік тұрғын үй берілді.
Сонымен қатар, тұрғын үй кезегіндегі азаматтар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары арқылы баспаналы болуда. «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 2019-2020 жылдары аралығында 16 отбасы «Отбасы банкі» арқылы ипотекамен баспаналы болды.
«Отбасы банкі» арқылы бағдарламаларға қатысу туралы толық мәліметтер бөлімнің әлеуметтік желілерінде орналасқан және жарияланып отырады.
ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, азаматтарды тұрғын үй кезегіне тіркеу 6 санат бойынша жүзеге асырылады. Жыл бойынша ҰОС ардагерлері санаты бойынша кезекке тіркелгендер жоқ. Қазіргі таңда көп балалы отбасы – 81, халықтың әлеуметтік әлсіз топтар санаты бойынша – 137, бюджеттік мекеме қызметкерлері санатымен - 63, жетім балалар санатымен - 29 және тұрғын үйі апатты жағдайда тіркелгендер азаматтар - 23, барлығы - 333 адам тұрғын үйге мұқтаж отбасы тіркелген.
Тұрғын үй кезегін e.gov.kz порталы арқылы сервистер бөлігінде «кезекте тұрған және тұрғын үйді алған кезектегі адамдардың тізімін қарау» сервисі арқылы өз санатыңызды, облыс, ауданыңызды таңдап қарауға болады. Сондай ақ сервистер бөлігіндегі «мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезек номерін қарау» сервисі арқылы ЭЖҚ немесе ЖСН теру арқылы қарауға да болады.
Тұрғын үй қатынастары саласы - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте аса күрделілердің бірі болып табылады. Көптеген адамдар тұрғын үйді есепке алу секторына, аудан әкіміне қиын тұрмыстық жағдайларын, денсаулық жағдайын, күрделі материалдық жағдайын және т.с.с. ескере отырып, кезектен тыс пәтер беру өтінішімен жолығады. Бірақ, заңнамада тұрғын үйді тек кезектілік тәртібімен ғана беру көзделген. Осының алдын алу мақсатында 2020 жылдан бастап «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдау» көрсетілетін мемлекеттік қызмет сервистік бағдарламалық өнім арқылы (СБӨ) кезекке қабылданады және беріледі. Бұл бағдарламаның ерекшелігі мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сай жасақталған және тұрғын үй кезегіне тапсырған азамат туралы мәліметтер автоматты түрде шығарылады және барлық бақылаушы органдарға қол жетімділігі болып табылады. Сондықтан, тұрғын үй кезегіне есепке алу және тұрғын үй беру қатаң түрде Заң шеңберінде жүргізіледі.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі сыбайлас жемқорлықпен күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.