Жалпы ережелер
1. “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсы (бұдан әрі – конкурс) адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.
Конкурс осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген мерзімдерде жарияланады және “Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына сәйкес Отбасы күніне орай қорытындыланады.
Конкурсты өткізудің мақсаттары:
1) отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану;
2) ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;
3) отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын дәріптеу, және кеңінен насихаттау;
4) қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
2. Конкурсқа отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша қатысады.
3. Конкурсқа қатысуға мүшелерінің еңбекте, спортта, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері бар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке қатысатын ( волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік) отбасылар жіберіледі.
4. Мыналар:
1) қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін (кірген) мүшелері бар;
2) бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды.
Конкурсты ұйымдастыру тәртібі
5. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, жергілікті атқарушы органдар конкурсты ұйымдастырушылар болып табылады. Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.10.2023 № 866 қаулысымен.
6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен мүдделі мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және қоғам қайраткерлері арасынан конкурсты дайындау және өткізу жұмыстарын үйлестіру жөніндегі ұйымдастыру комитеті (бұдан әрі – ұйымдастыру комитеті) құрылады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.10.2023 № 866 қаулысымен.