«Құрманғазы ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне 2022 жылдың І жартыжылдығына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдаудың нәтижелері туралы талдамалық анықтама

«Құрманғазы ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне

2022 жылдың І жартыжылдығына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдаудың нәтижелері туралы

талдамалық анықтама

 

         «Құрманғазы ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі                  Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы, С.Көшекбаев көшесі №2 үй,                     8 (71233) 2-03-34, факс 2-06-90. эл.пошта: org_otdel_akimat@mail.ru.

         «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңының 8 бабының 5 тармағына және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығына сәйкес, аудан әкімі аппараты басшысының 2022 жылдың                        9 тамыздағы №125 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» бұйрығы бекітілді. Аталған бұйрық негізінде аудан әкімі аппаратына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу аудан әкімі аппаратының құқықтық қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің бас маманы Г.Рахметоваға жүктелді.

         Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау 2022 жылдың тамыз айының 9-12 күндері аралығында жүргізілді.

         Талдау кезінде аудан әкімі аппаратының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, персоналды басқару, мүдделер қақтығысын реттеу, мемлекеттік қызмет көрсету, бақылау-қадағалау қызметтерін іске асыру және ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзге де мәселелер бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағыттары қамтылады.

         Аудан әкімі аппараты өз қызметін жүзеге асыру кезінде келесі нормативтік құқықтық актілер қолданады:

      - «Қазақстан Республикасының Конституциясы» 1995 жылы 30 тамыздағы;

      - «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және                 өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148-II Қазақстан Республикасының Заңы;

     - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы            23 қарашадағы №416 Қазақстан Республикасының Заңы;

     - Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі».

         Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағымен №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі баршаға көрнекі жерде ілінген. Құрманғазы ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдің міндеті 2021 жылғы 6 сәуірдегі №115-ө өкімімен аудан әкімі аппаратының басшысы К.Булековке жүктелді.

Аппараттың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау кезінде мүдделер қақтығысы, басшымен аффилирленген аппарат қызметкерлер анықталған жоқ, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шектеулер мен тыйым салулардың бұзушылықтары орын алмады.

Кадрлардың ауысуына және штат саны мен бос лауазымдарға талдау жүргізілді. «Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің штат саны 19 мемлекеттік қызметші. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 19. Бос лауазымдардың жалпы саны – 0.

Аудан әкімінің 2022 жылғы 10 қаңтардағы №6-ө өкімімен мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары бекітілген. Барлық мемлекеттік қызметшілер бекітілген біліктілік талаптарына сай.

Есептi кезеңде жақын туыстарының, жұбайлары (зайыптары) мен жекжаттарының бiрге қызмет (жұмыс) iстеу фактiлерi, жұмысқа қабылданған қызметкерлердiң үлестестiгi анықталған жоқ. Ішкі талдау жүргізу кезінде Аппарат қызметкерлерінің арасында өздерінің лауазымдық өкілеттігін лайықсыз орындауға әкеп соғатын фактілер анықталған жоқ.

Бұқаралық ақпарат құралдарында аппараттың қызметкерлеріне қатысты заңға қайшы әрекеттері мен теріс іс-қимылдарын әшкерлейтін материалдары  жарияланған жоқ.

І. Нормативтік құқықтық актілерді шығару кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша:

Құрманғазы ауданы әкімі аппаратында 2022 жылдың                                      I жартыжылдығында аудан әкімдігімен – 238 қаулы, аудан әкімімен – 17 шешім және – 188-ө өкім қабылданды. 

Сонымен қатар, аудан бойынша Әділет органдарында тіркелген нормативтік-құқықтық актілер бойынша –  57 нормативтік құқықтық актілер күні бүгін қолданыста тұр.

Аталған құқықтық актілерді талдау кезінде сыбайлас жемқорлық әрекеттерді жасау немесе шешімдер қабылдау мүмкіндігін туғызатын сыбайлас жемқорлыққа бейім дискрециялық өкілеттіліктер мен нормалар анықталған жоқ.

Прокуратура мен әділет органдары тарапынан аталған мәселеге байланысты қандай да бір ұсыныстар мен наразылықтар келіп түскен жоқ.

ІІ. Аппаратта рұқсат беру және бақылау – қадағалау  функцияларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша:

Аудан әкімі аппаратымен мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Олар: «әскерге шақыруды кейінге қалдыру» және  «азаматтарды әскери құызметке шақырудыдан босату». Рұқсат беру функциясы жоқ.

Аудан әкімдікке қарасты 8 дербес бөлімдер мен 19 ауылдық округ әкімі аппараттарымен көрсетілетін қызметтерге мониторинг жасап, бақылау жүргізеді, атап айтқанда бекітілген стандарттарына сәйкес уақытылы және сапалы көрсетілуін, рәсімделуін қадағалайды.

Жүргізілген талдау нәтижелері аудан әкімі аппараты лауазымды тұлғаларының өз қалауы бойынша шешімдер қабылдауына, жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру кезінде кедергі жасауға ықпал ететін жағдайлар, нормативтік-құқықтық актілерді өз еркінше түсіндіруге әсер ететін құқықтық олқылықтар анықталмады. 

Дискрециялық өкілеттіктер мен нормалардың болуы анықталған жоқ.

 

 

ІІІ. Жалпы бөлім қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша:

         Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу үшін бөлімнің қызметін қозғайтын төмендегілер нормативтік құқықтық актілерде және құқықтық актілер зерделенді:  

  • «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 Заңы;
  • «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы Заңы;
  • «Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1196 қаулы;  
  • «Әкімшілік рәсімдік – процестік кодекс» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы №350-VI Заңы.
  • «ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауының жобасын дайындау, келісу және ҚР Президентінің қарауына ұсыну, ҚР Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауын  іске асыру, ҚР Президентінің актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақҚазақстан Республикасы Кауіпсіздік Кеңесінің және қазақстан халқы Ассамблеясының шешімдерінде қамтылған тапсырмалардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі №976 Жарлығы;
  • ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы №703 «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қаулысы;
  • ҚР Бас Прокурорының 2021 жылғы 19 мамырдағы №70 «Мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін жолдамаларды тіркеу, есепке алу, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы.

         Құрманғазы ауданы әкімі аппаратында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдап, тіркеп, есепке алу және қарау бойынша Заң талаптарының сақталуына тексеру жүргізіп, қадағалап отыру аудан әкімі аппаратының жалпы бөліміне жүктелген.

         Бөлім басшысы мен мамандардың міндеттеріне қызметтік хат-хабарларын, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау, пайдалануы шектеулі құжаттарды есепке алу және бақылау кіреді. Хаттарды, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау және жөнелту функциялары нормативтік құқықтық актілермен жеткілікті реттелген және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жасауға мүмкіндік бермейді.

         Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері хат-хабарларды, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдайтын  қызметкерлердің жеке кәсіби және этикалық қасиеттеріне байланысты болуы мүмкін. Осы қызметкерлер азаматтармен тікелей байланыста болады, оның өзі тәуекелге баруға себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты бөлім қызметкерлері үшін кәсібилік, сабырлылық, даулы жағдайларда әрекет ете білу маңызды қасиет болып табылады.

         Бөлім «Іздестіру жұмыстары үшін жер учаскесін қолдануға рұқсат беру» және «Жер учаскеснің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері жөнінде «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы ұсынған құжаттарды алғашқы қабылдауға және тіркеуге қатысады. Есепті кезенде келіп түскен өтініш – 0.

         Аталған мемлекеттік көрсетілетін қызметінің алғашқы іс-қимылдарында бұзушылықтар анықталған жоқ.

2022 жылдың І жартыжылдығында Құрманғазы ауданы әкімі аппаратына  барлығы – 225 өтініш түсті.

Оның ішінде: жеке тұлғалардан – 196, заңды тұлғалардан – 26 өтініш, шағымдар саны – 3.

Сондай-ақ, 2022 жылы жоғары тұрған органдардан (мекемелер мен ЭҮП): Облыс әкімі аппаратынан – 8, электронды үкімет порталынан – 4, «Нұр Отан» партиясынан – 0, Құрманғазы аудандық прокуратурасынан – 7, облыстық білім басқармасынан – 0, ҚР парламент сенатының депутатынан – 0 өтініш түсті.

Есепті кезенде қаралған барлығы 545 өтініштің 352 оң шешіліп; 193 заң шеңберінде түсінік берілді.

Тұрғын үй бөлу және коммуналдық-шаруашылық – 9; еңбек және жұмыспен қамту – 1; әлеуметтік және зейнетақы – 7; білім –0; жер және жерді пайдалану – 322; денсаулық сақтау – 2; кәсіпкерлік – 0; құрылыс – 0; ауыл шаруашылығы – 0; мәдениет және өнер, спорт – 0; басқа да мәселелер – 11 (кәріз жүйесін тазалауға көмек сұрау; отбасы жағдайы; картридждерді, интернет желісін, кілемдерді ұсыну және тағы да басқа мәселелер) қамтылды.

2022 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша аудан  әкімімен  барлығы 7 қабылдау өткізіліп, 27 азаматтың жеке қабылдауы ұйымдастырылды. Оның ішінде 27 азаматтың мәселесі (тұрғын үй мәселесі, коммуналдық шаруашылық және т.б мәселелер) бойынша заң шеңберінде түсінік берілді, 0- тұрғынның мәселесі оң шешілді.

Сондай-ақ, есепті кезенде аудан әкімінің ресми сайтына күні бүгінге дейін өтініш түскен  жоқ.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасына  2022 жылдың  4 шілдесіндегі №06-07-01-01/1888 санды хатымен №1-ТӨ нысанды жиынтық есебінің салыстыру актісі 19 ауылдық округтер, 8 дербес бөлімдер мен аудан әкімі аппаратының 2022 жылдың І жартыжылдық бойынша есебі жолданып, ай сайын салыстырмалы тексеру актісі тапсырылып отыр.

Заңға сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі бақыланады, яғни өтініштер қай тілде келіп түсті, сол тілде жауап беріледі, сондай-ақ екі тілде келіп түскен кезде жауап беріледі. Өтініштердің бірегей нөмерлері, ЖСН нөмерлері салынуы және дұрыс толтырылуы бақыланады.

2022 жылдың І жартыжылдық мерзімі ішінде прокуратура және сот органдарынан қадағалау немесе басқа да актілер мен ұсыныстар түскен жоқ. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты мен регламентінде өтініш беру үшін қажетті құжаттардың толық тізбесі, құжаттарды қабылдаудан бас тарту және мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздердің тізбесі айқындалған. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелі аз. 

ІV. Құқықтық қамтамасыз ету, құқық қорғау органдарымен жұмыс және жұмылдыру дайындығы бөлімінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша:

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу үшін бөлімнің қызметін қозғайтын төмендегілер нормативтік құқықтық актілерде және құқықтық актілер зерделенді:  

  • «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңы;
  • «Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі  Заңы;
  • «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі Заңы;
  • «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы Заңы;
  • «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 жарлығы;
  • «Қазақстан Республикасының террористік тұрғыдан осал объектілерінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы №876 қаулы;
  • «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі №480-V Заңы;
  • «Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереженi бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашағы  №1072 қаулы;
  • Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 тамыздағы  №486 «Құқықтық мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы» қаулы;
  • «Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы №569  қаулысы.

         Өз қызметінің ерекшелігіне байланысты бөлім жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының қызметі саласына қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық алуан түрлілігін жүйелі негізде зерделейді. Бөлімге сараптамаға ұсынылатын құқықтық актілер, шарттар, өзге де құқықтық сипаттағы құжаттар барынша әртүрлі сипатта болуы мүмкін: әлеуметтік сала, тұрғын үй құрылысы мен жолдар, көліктік қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, еңбек қатынастары, азаматтық қорғау, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, мемлекеттік сатып алулар, табиғи ресурстар және т.б. Сонымен қатар, бөлім заңнаманың аталған салаларында құқық қолданушы болып табылмайды, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару салаларында саясатты іске асырмайды. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоқ.

         Бөлім азаматтық құқықтық қатынастардың (азаматтық құқықтық қатынастардың тарапы ретінде) өзге де субъектілерімен теңдес, азаматтық материалдық және процессуалдық заңнаманың құқық қолданушысы болып табылады. Осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері заңнаманың жетілдірілмеуі себебінен емес, бөлім қызметкерлерінің  атқарушылық тәртіпті бұзу (сотқа талап арыз берудің, шағым берудің белгіленген мерзімдерін бұзу, шағым бойынша шаралар қабылдамау, өзге де процестік рәсімдер мен мерзімдерді бұзу) себебінен болуы мүмкін. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Азаматтық және Азаматтық процестік кодекстерінің нормалары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау тұрғысынан зерделенбеді.

         Сонымен қатар, бөлім аудан тұрғындары арасында төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтық қорғаныс жөнінде ақпаратты насихат жұмыстары, терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес, оны алдын-алып, жолын кесу, сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу, құқық бұзушылықты алдын алу, мемлекеттік шекара қорғау, нашақорлыққа қарсы жұмыстары жүргізіледі.

         Осы функцияларды жүзеге асыруы бөлім қызметкерлерінен жоғары кәсіби дайындықты, үнемі біліктілік деңгейін арттыруды талап етеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қоғамдық реттеудің осы  немесе басқа салаларындағы әлсіз білім деңгейі, қорытындыны пысықтау кезіндегі төмен жеделдік деңгейі себебінен болуы мүмкін. Дегенмен, бөлім қызметкерлерінің іс-қимылдары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларына негізделеді. Атап айтқанда, құқықтық сараптама   «қалаймын» - «қаламаймын», «мүмкін солай» - «мүмкін олай емес»  қағидаттарымен берілуі мүмкін емес. Қорытынды кез келген жағдайда сараптамаға ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, немесе сәйкес еместігіне негізделеді. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болмайды. 

  1. Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бойынша:

         Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) іс-әрекетіін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде және құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында төмендегілер зерделенді:  

  • Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек Кодексі;
  • «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңы;
  • «Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығы;
  • «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығы;

Әдеп жөніндегі уәкілдің атқарылған қызметі тоқсан сайын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне жолданады.

         Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің  қатысуымен Әдеп кодексіне қатысты 2022 жылдың 6 айында - 5 отырыс өткізіліп, мемлекеттік қызметшілер арасында мiндеттерiн атқару кезінде, қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтау, қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқару, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалану, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде киiм киюдiң iскерлiк стилiн ұстану сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер мiнез-құлық қағидаларын құрметтеп, жеке қабылдау, телефонмен сөйлесу, бір-бірімен сыпайы сәлемдесуге және дөрекiлiк, адамдық қадiр-қасиетiн кемсiту, жөнсiздiк фактiлерiне жол бермеуі сияқты қызметтiк этика нормаларын бұзу фактiлерiн болдырмауға, жолын кесу міндеттері түсіндірілді.

         Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша персоналды басқару бірыңғай қызметі бөлімінің лауазымды тұлғаларының өз қалауы бойынша шешім қабылдауына ықпал ететін, жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруда кедергі жасауға ықпал ететін жағдайлар, нормативтік құқықтық актілерді өз бетімен түсіндіруге мүмкіндік беретін құқықтық олқылықтар, дискрециялық  өкілеттіліктер мен нормалардың болуы анықталған жоқ.

         Бөлімнің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағыты бойынша бөлім қызметкерлерінің басшымен мүдделер шиеленісі, теріс түсінік деректер, бөлім қызметкерлерінің тұрақтамауы, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шектеулер мен тыйымдарды бұзушылықтар анықталған жоқ.

         Бөлім мемлекеттік қызметтер көрсетпейді. Бақылау функциясы аудан әкімі аппараты ұжымы ішінде қызметкерлердің еңбек тәртібін, этика нормаларын сақтауын бақылауға қатысты іске асады, бұл функция өзге жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғамайды. 

         VІ. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімі бойынша: 

         1) Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу үшін аудан әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімі қызметін қозғайтын төмендегілер нормативтік құқықтық актілерде және құқықтық актілер зерделенді:  

  • Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын өткізуге байланысты жұмыстарды ұйымдастырады. Атап айтқанда округ әкіміне кандидаттардың өтінішін қабылдап, округтегі жергілікті қоғамдастың жиналысының келісімін алуды және аудан әкімінің ұсынысын аудандық сайлау комиссиясына ұсынуды ұйымдастырады;
  • Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық Заңына сәйкес, аудан бойынша сайлаушылар тізімін қалыптастырады. Аудан аумағында сайлау учаскелерін құру туралы, барлық кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін орындар белгілеу туралы нормативтік-құқықтық актілерді жасақтайды;
  • Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы «Мемлекеттiк наградалары туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік наградаларға үміткерлердің құжаттарын жинақтап, аудандық комиссияға ұсынады. Көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларына құжаттар жинақтап, облыс әкімдігіне ұсынады.

             Аудан әкімідігінің аппарат және әкімдік мәжілісінің жоспарын жасақтап, өткізілуін ұйымдастырады. Қызметтік міндеттеріне байланысты жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен қызметтік, еңбек және басқа атқарушылық өзара байланыс жүргізеді.

         Ішкі талдау жүргізу нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталмады.

         2) Бөлім қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде және құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында төмендегілер зерделенді:  

  • «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі Заңы;
  • «Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің 2016 жылғы 16 ақпандағы №35 бұйрығы;
  • «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерін әзірлеу жөніндегі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 3 желтоқсандағы №126 бұйрығы.

         Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша бөлімінің лауазымды тұлғаларының өз қалауы бойынша шешім қабылдауына ықпал ететін, жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруда кедергі жасауға ықпал ететін жағдайлар, нормативтік құқықтық актілерді өз бетімен түсіндіруге мүмкіндік беретін құқықтық олқылықтар анықталған жоқ. Дискрециялық  өкілеттіліктер мен нормалардың болуы анықталған жоқ.    

         Бөлім қызмет алушыларға мемлекеттік қызмет көрсетуге қатыспайды. Сонымен бірге бөлім мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізу жолымен бақылау-қадағалау функцияларын іске асырады.    

         Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрінің                   2016 жылғы 16 ақпандағы №35 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидаларымен бақыланатын объектілерді іріктеу рәсімдері, тексеру жүргізу шешімдерін қабылдайтын лауызымдық тұлғалардың өкілеттіліктері, бақылау нәтижелерін ресімдеу тәртібі, бақылау іс-шаралары объектілері басшыларының бақылау қорытындысына келіспеген жағдайда жазбаша қарсылық жасауға  құқығы, бақылау объектісі көрсететін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру мақсатында тексеру нәтижесі бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдау мәселелері жеткілікті мөлшерде реттелген.

Қорытынды: Жоғарыда баяндалғандар негізінде «Құрманғазы ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жоқ және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол беретін нормалар анықталмады.

 

 

 

 

 

 

«Құрманғазы ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне 2022 жылдың І жартыжылдығына сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдаудың нәтижелері туралы талдамалық анықтама
Дата публикации
16 августа 2022