Исатай ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 19-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңына және «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес Исатай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
- Осы шешімге 1-қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Исатай ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері бекітілсін.
- Осы шешімге 2-қосымшаға сәйкес Исатай аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
- 3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Исатай аудандық мәслихатының 2024 жылғы «__» ____________
№___шешіміне
1-қосымша
Исатай ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері
- Осы Исатай ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы №84 «Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №22394 болып тіркелген) бекітілген «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (бұдан әрі - шығындарды өтеу Қағидалары) сәйкес әзірленді.
- Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (бұдан әрі - оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу) «Исатай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мүгедектігі бар баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орнының анықтамасы негізінде жүргізеді.
- Оқытуға жұмсалған шығындарын өндіріп алу (толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы мүгедектігі бар балалардан және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балалардан басқа) отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне беріледі.
- Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу өтініш берілген айдан бастап (оқу жылы ішінде) мүгедектігі бар баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан анықтамада көрсетілген мерзім аяқталған айға дейін жүргізіледі.
- Оқуға жұмсалған шығындарды өтеуді тоқтатуға (мүгедектігі бар баланың он сегіз жасқа толуына, мүгедектік мерзімінің аяқталуына, мүгедектігі бар баланы мемлекеттік мекемелерде оқыту кезеңінде, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуына, Исатай ауданынан тысқары жерге тұрақты тұруға кетуге) әкеп соққан мән-жайлар туындаған кезде төлем тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
5.1. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының бірі немесе өзге де заңды өкілі жоғарыда көрсетілген мән-жайлардың басталғаны туралы «Исатай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесін дереу хабардар етуге міндетті.
5.2. Артық төленген сомалар ерікті немесе сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
- Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі-портал) арқылы осы шығындарды өтеу Қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса шығындарды өтеу Қағидаларының 1 немесе 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.
Өтініш беруші оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу бойынша төлемді тағайындау үшін портал арқылы жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және шығындарды өтеу Қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес өтініш нысанында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.
- Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшері оқу жылы ішінде әр мүгедектігі бар балаға ай сайын 5 (бес) айлық есептік көрсеткішке тең.
- Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алудан бас тарту негіздері:
1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігін анықтау;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін келісу туралы сұрау салуға теріс жауабы, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;
4) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге ұсынылатын келісімінің болмауы.
Исатай аудандық мәслихатының 2024 жылғы «__» ____________
№___шешіміне
2-қосымша
Исатай аудандық мәслихатының күші жойылған шешімдерінің тізбесі:
- Исатай ауданы мәслихатының 2015 жылғы 19 қарашадағы №284-V «Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын айқындау тәртібі мен мөлшерін белгілеу туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №3395 болып тіркелген) шешімі;
- Исатай ауданы мәслихатының 2015 жылғы 19 қарашадағы №284-V «Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын айқындау тәртібі мен мөлшерін белгілеу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» 2020 жылғы 21 тамыздағы №323-VI (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №4712 болып тіркелген) шешімі;
- Исатай ауданы мәслихатының 2015 жылғы 19 қарашадағы №284-V «Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» 2023 жылғы 6 маусымдағы №15-VIІІ (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5038-06 болып тіркелген) шешімі.