Сәлеметсіз бе! Мен - Ресей азаматымын. Бірақ геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанда тұрып, жұмыс істеймін. Егер мен өз азаматтығымды өзгертпесем, зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі қалай шешіледі?
ЕАЭО туралы 29.05.2014 жылғы Шарттың 98-бабының 3-тармағына сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбеккерлері мен олардың отбасы мүшелерін зейнетақымен қамсыздандыру тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасымен, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы жекелеген халықаралық шартқа сәйкес реттеледі. Мұндай халықаралық шарт 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Келісім (бұдан әрі - Келісім) болып табылады.
Келісімнің негізгі мақсаты - ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтарымен бірдей шарттарда және тәртіппен қалыптастыру. ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыру құқықтарының көлемін өз азаматтарына ұқсас шарттарда ұсынуға кепілдік беруге тиіс.
Осылайша, егер Сіз Ресей Федерациясының азаматы ретінде Қазақстан аумағында еңбек қызметін Қазақстанның жұмыс берушісімен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде уақытша жүзеге асыратын болсаңыз, онда жұмыс беруші табысыңызды есептеу кезінде зейнетақы жарналарын (МЗЖ/МКЗЖ) ұстап қалып, БЖЗҚ-ға аударуға міндетті. Бұл ретте МЗЖ және МКЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) жұмыс берушіден БЖЗҚ-ға МЗЖ/МКЗЖ-ның бастапқы сомасы түскен кезде автоматты түрде ашылады.
Еңбек шарты немесе жұмыс берушімен азаматтық-құқықтық шарт бұзылған жағдайда, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығыңыз Келісімнің 2-бабы 2-тармағының 2.3-тармақшасында көзделген жағдайлар туындаған кезде ғана пайда болады, атап айтқанда:
1) зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін;
2) егер мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топ мүгедектігі берілген кезде.
Бұл ретте жоғарыда аталған жағдайлар туындаған кезде, Сіз зейнетақы төлемін алу бойынша Келісімді іске асыру үшін Қазақстандағы құзыретті орган болып табылатын БЖЗҚ-ға немесе тұрғылықты мемлекеттің құзыретті органына, мысалы, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құжаттарды ұсына отырып, Ресей Федерациясының Зейнетақы қорына жүгінуге құқылысыз.