Құрметті Аққыстау ауылының тұрғындары және жиынға қатысушылар!
Жаңа жыл басталғалы өздеріңізбен алғаш рет кездесіп отырмын. Барыс жылы берекелі жыл болғай! Өкінішке орай жаңа жылымыз еліміз үшін келеңсіз оқиғалармен басталды. Еліміздің тұрақтылығына біраз толқулар болды. Қазақта «басы қатты болсы, соңы тәтті болады» деген сөз бар. Ендігі уақытта бұндай жәйсіз оқиғалар орын алмасын деп тілейік. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев халықтың сұранысына сәйкес жаңа өзгерістер мен тиісті шешімдер қабылдады.
Өзіндік ерекшеліктерімен есте қалған, елеулі оқиғаларға толы болған 2021 жыл тарих қойнауына енді. Өткен жылдың белгілі бір қиындықтары болғанымен жалпы еліміз үшін сәтті жыл деп айтуға толық негіз бар.
Жаңа өздеріңіз округ әкімінің өткен жылы атқарылған және
2022 жылы жасалуы тиіс жұмыстардың есебін тыңдап өттіңіздер. Аудан әкімі ретінде 2021 жылы Исатай ауданында жүзеге асқан жобалар туралы тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артты. Жаңадан кәсіпкерлік нысандар іске қосылып, қосымша жұмыс орындары ашылды.
Аудан да өткен жыл қарқынды құрылыс жұмыстарымен есте қалды. Ауыл іштерін сапалы жолдармен қамтамасыз ету мақсатында:
Нарын ауылында 12 шақырым болатын кірме және ауылішілік (6 көше Жаңа құрылыс, Ардагер, Мектеп, Шұғыла, Ынтымақ, Достық) автокөлік жолдары салынып, пайдалануға берілді.
Тұщықұдық ауылы ішіндегі 6 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жол құрылысы аяқталса, 8,3 шақырым (26 көше) болатын автокөлік жолдарының құрылысы жүргізілуде.
Сонымен бірге, Жанбай ауылында 9,5 шақырым (18 көше) болатын жолдың асфальтінің төменгі қабаты салынып бітті, жоғарғы қабатын осы жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Исатай ауылында да 8,6 (18 көше) шақырым жолдың құрылысын биылғы жылы жалғастырамыз (мердігер Атырау Жолдары ЖШС).
Ауылдарды кешенді дамыту мақсатындағы «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында Аққыстау ауылындағы ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту бойынша 31 көшеге 16,3 шақырымға жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылға бөлінген қаражатқа сәйкес 4,7 шақырым ауылішілік жолдың асфалтінің төменгі қабаты төселді. 2022 жылы аталған нысан бойынша жұмыстар жалғасады (мердігер Информ-Строй Сервис).
Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Аққыстау ауылында 3 қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы салынуда. 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда (2019 жылы басталды, мердігер «Дан-строй-База-ЛТД»).
Ауыл балаларының сапалы білім алуларына жағдай жасау мақсатында аудан орталығынан 320 орындық білім беру нысанының құрылысы аяқтала келді. Қазіргі уақытта білім беру ұйымына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр (2019 жылы басталды, мердігер «Дан-строй-База-ЛТД»).
Сонымен қатар, Тұщықұдық ауылындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектепке 350 орынға арналған жапсаржай құрылысы салынуда (құрылысын жүргізуші Тоныкөк Құрылыс ЖШС).
Ұзақ жылдардан бері күрделі жөндеуді қажет етіп келген Зинеден ауылындағы Юрий Гагарин атындағы орта мектепке биыл күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жүргізілуде (мердігер «SCS-инжиниринг» ЖШС).
Ауданда тұрғындардың бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасау басты назарда. Бұл бағытта да ауданда жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, биылғы жылы Жанбай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары аяқталып, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілді. Дәл осындай спорт кешенінің құрылысын Тұщықұдық ауылында жүргізу үшін мердігер мекеме анықталып, алғашқы жұмыстарын бастаған болатын. Алайда, жер асты суының көтерілуіне байланысты жобаға қайтадан өзгертулер енгізілуде.
Сонымен бірге, Аққыстау және Өркен ауылдарында футболдан кіші аяқ доп алаңы, салынып қолданысқа берілді.
Ауылшаруашылығы саласының негізгі мәселесі – суландыру каналдарының жағдайы. Осы орайда, ауданның коммуналдық меншігіндегі, ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген «Қызылүй» каналына бюджеттен қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Аудан халқының әл-аухатын жақсарту үшін елді мекендерді
табиғи газ желісімен қамтамасыз ету басты міндет. Қазіргі уақытта ауданымыз 97 пайыз көгілдір отынмен қамтылған. 2021 жылы Зинеден ауылдық округіне қарасты Амангелді елді мекенінде (23 үй, 44 тұрғын) табиғи газ желісі іске қосылды.
Ұзақ жылдардан бері халықтың сұранысын тудырып келген, Жасқайрат (55,9 км), Қызыл үй (47,5 км) елді мекендеріне де газ желісін тарту жұмыстары өткен жылы басталды. Қазіргі уақытта Жасқайрат елді мекеніне 17 шақырым пластик құбырлар жалғанып көмілді, Қызылүй елді мекеніне 10 шақырым пластик құбырлар жалғанып көміліп, 6 шақырым пластик құбыр жалғанып қойды (мердігер Байсын-А).
Аудан тұрғындары үшін тағы бір қуанышты жаңалық: ауыл көшелерін жарықтандыру және электр желілерін жаңарту мақсатында 2012 жылы жұмысы басталып, тұрып қалған электр желілерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, 31 желтоқсан күні толықтай пайдалануға берілді.
Өткенімізден сыр шертіп, келер ұрпаққа рухани қазына ретінде Нарын ауылында «Құмаршық», Жанбай ауылында «Бекіре», Тұщықұдық ауылында «Қобыз» шағын сәулет нысандары бой көтеріп, Зинеден, Х.Ерғалиев ауылдарына кірер жерде ауылдың аты жазылған арка орнатылды.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына тарту ретінде Аққыстау ауылының орталығынан «Тәуелсіздік» мүсіндік композициясы бой көтерді. Аталған композиция Тәуелсіздік күніне орай салтанатты түрде ашылды.
Аудан тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жоспарланған жұмыстарымыз 2022 жылы да жалғасады. Ел Президентінің Жолдауында айтылған басым бағыттарды жүзеге асыру үшін, халықтың өтініштері мен ұсыныстарын орындау мақсатында жұмыс атқаратын боламыз.
Құрметті ауыл тұрғындары!
Жасалуы тиіс жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асады. Халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың жемісін көру үшін бізге ең бастысы ауызбіршілік, береке мен бірлік қажет. Ынтымағы жарасқан еліміздің Тәуелсіздігі тұғырлы, егемендігі еңселі болсын. Жаңа жылда елімізде жағымды жаңалықтар көп болып, халқымыздың әл-аухаты арта берсін. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!