Атырауда 150-ден астам жұмыскердің жалақы берешегі өтелді
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Атырау облысында 153 жұмыскерге жалпы сомасы 58,5 млн теңге жалақы берешегі төленді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы К. Иманғалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, есепті кезеңде департаментке 4 645 өтініш келіп түскен. Оның 3 936-сы қаралып, 1 870 азаматтың еңбек құқықтары қорғалған. Тексеру нәтижесінде 22 мекемеден 40,3 млн теңге жалақы берешегі өндіріліп, 62 жұмыскердің құқығы қорғалды.
– Жалақыны уақытылы төлеу – жұмыс берушінің заңмен белгіленген міндеті. Департаментке келіп түскен өтініштер негізінде тиісті шаралар қабылданып, нәтижесінде бірқатар кәсіпорындағы берешек өтелді. Сонымен қатар жұмыс берушілермен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында тағы 91 жұмыскерге 18,2 млн теңге жалақы төленді, – деді К. Иманғалиев.
Қазір облыстағы 10 кәсіпорында 71 жұмыскерге жалпы сомасы 20,7 млн теңге жалақы берешегі бар. Департамент берешекті өтеу мәселесін бақылауда ұстап отыр.
Өңірде еңбек қатынастарын цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Биылғы тоғыз айда 7 776 кәсіпорынның электрондық еңбек шарттары “Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу” жүйесіне енгізілген. Электрондық еңбек шарттарымен қамту деңгейі 96 пайыз. Ал жүйеде тіркелген шетелдік қызметкерлердің қолданыстағы еңбек шарттары толықтай электрондық форматқа көшірілген.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Дүйсембайұлы Шамұратов облысымыздағы мұнайгазхимия саласындағы іске асырылып жатқан ұлттық ірі инвестициялық жобалардың бірі “Бірінші интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы. Екінші кезең: полиэтилен өндірісі” жобасы, операторы “Силлено» ЖШС-нің бас мердігерлері «Текнимонт КЗ» ЖШС, «SINOPEC Shanghai Engineering Company Limited» ЖШС және «Tecnicas Reunidas S.A.» ЖШС өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуге Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша Департаментінің басшысы К. Иманғалиев қатысты.
Кездесу барысында компания өкілдеріне еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсартып, жұмысшыларды арнайы құралдармен қамтамасыз ету, жалақыларды уақытылы төлеу және жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы өзара жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, шетел жұмысшыларының Қазақстандық азаматтармен өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, қандай да бір кемсітусіз, жұмыскерлерге бірдей еңбек үшін бірдей ақы, сондай-ақ бірдей өндірістік-тұрмыстық жағдайлар қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысының орынбасары еңбек қатынасы заңдылық қағидаттарын сақтау, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Ағымдағы жылдың 16 қазанында Атырау өңірінде «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен Құрманғазы ауданында «Тегін заң көмегі» акциясы өткізілді.
Іс-шараға облыстық Әділет департаментінің, прокуратура, полиция, тұрғын үй және жер қатынастары, жұмыспен қамту салаларының, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті және Атырау облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің мамандары, адвокат, нотариус және жеке сот орындаушылары қатысып, аудан тұрғындарына құқықтық мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсетті.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің Талдау бөлімінің басшысы С.Ж.Убигалиева «Тегін заң көмегі» акциясы барысында Құрманғазы ауданының азаматтарын қабылдап, еңбек саласына қатысты туындаған сұрақтарына жауап беріп, құқықтық түсіндірме берді.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін түсіндіру, сондай-ақ қолданыстағы заңнама нормалары бойынша білікті құқықтық кеңес беру.
«Тегін заң көмегі» акциясы халықтың құқықтық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері туралы хабардарлығын арттыруға бағытталды.
Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарымен таныстырылуы тиіс екенін білесіз бе?
Кез келген өндірісте, құрылыс алаңында немесе басқа да жұмыс орындарында белгілі бір қауіп-қатерлер болады. Сондықтан уақтылы өткізілетін нұсқама – жай ғана формалдылық емес, жазатайым оқиғалардың алдын алудың маңызды шарасы.
❗ Жұмыс беруші нені қамтамасыз етуге міндетті?
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабына сәйкес жұмыс беруші:
✅ Нұсқама беру және оқытуды жүргізуге – жұмыскерлерге еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау қағидаларын түсіндіруге және олардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша білімін тексеруге;
✅ Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге – кәсіптік тәуекелдерді анықтауға және олардың алдын алу мен төмендету жөнінде шаралар қабылдауға;
✅ Қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге – жұмыскерлерді белгіленген нормаларға сәйкес арнайы киіммен, аяқкиіммен және қажетті жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге;
✅ Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауға – белгіленген қағидалардың орындалуын қадағалауға және анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюға;
✅ Медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыруға – заңнамада көзделген жағдайларда өз қаражаты есебінен медициналық қарап-тексерулер өткізуді қамтамасыз етуге міндетті.
⚠ Білу маңызды!
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қажетті оқытудан және білімін тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.
Сонымен қатар, жұмыскердің өзі де белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауға, қорғаныш құралдарын дұрыс пайдалануға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
Нұсқаманы тек формалды түрде өткізу қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді. Әрбір жұмыскер ықтимал қауіп-қатерлерді түсініп, қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі маңызды.
Есіңізде болсын: жазатайым оқиғаның салдарын жойғаннан гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.
Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті және әрбір жұмыскердің құқығы!
#ЕңбектіҚорғау #ЕңбекҚауіпсіздігі #ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #МЕИК
Әрбір жұмыскердің жалақысын уақтылы алуға, қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбек құқықтарының сақталуына құқығы бар.
Алайда іс жүзінде жұмыс берушінің жалақыны кешіктіруі, тиесілі төлемдерді төлемеуі, еңбек шартының талаптарын бұзуы немесе еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтамауы сияқты жағдайлар кездеседі.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, не істеу керек?
📌 1-қадам. Өтініш беріңіз
Жұмыскер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық департаментіне, оның ішінде e-Otinish порталы арқылы өтініш бере алады.
📌 2-қадам. Өтінішті қарау
Мемлекеттік еңбек инспекторлары өтініште көрсетілген мән-жайларды зерделейді, ұсынылған құжаттарды талдайды және заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда жұмыс берушіге тексеру жүргізеді.
📌 3-қадам. Тиісті шаралар қабылдау
Егер заңбұзушылықтар расталса, мемлекеттік еңбек инспекторы өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдайды. Атап айтқанда, жұмыс берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілуі, ал кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
📌 4-қадам. Орындалуын бақылау
Еңбек инспекциясының жұмысы заңбұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмейді. Мемлекеттік еңбек инспекторлары берілген нұсқамалардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады және жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.
Біздің міндетіміз – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіруге ықпал ету.
Егер еңбек құқықтарыңыз бұзылса, бұл жағдайды назардан тыс қалдырмаңыз. Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгініңіз.
#ЕңбекИнспекциясы #ЕңбекҚұқықтары #ЖұмыскерлердіңҚұқықтарынҚорғау #ЕңбекЗаңнамасы #МЕИК
Ағымдағы жылдың 14 қазаны Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Б. Карабалиева Атырау облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің мемлекеттік қызметшілерімен кездесті.
Кездесу барысында 2026 жылғы 19 мамырда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы № 290-VIII Заңы және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, еңбек заңнамасы, еңбек қатынастары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сұрақтарға жауап берді.
Ағымдағы жылдың 13 қазаны Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті.
Аталған жиынға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы, ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Убигалиева Самал Жалғасқызы арнайы қатысты.
Күн тәртібінде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, аудандағы кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатқан жұмыстары, мекемелерде ұжымдық шарттардың жасалуы және еңбек заңнамасы талаптарының сақталуы мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторы Самал Жалғасқызы кәсіподақ ұйымдарының қызметіне қатысты бірқатар түсінік беріп, еңбек заңнамасының талаптары мен оны сақтау тәртібі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ еңбек қатынастарында заңдылықты қамтамасыз ету, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың маңыздылығына назар аударылды.
Атырау облысында өңірлік үшжақты комиссияның отырысы өтіп, онда әлеуметтік-еңбек қатынастарының тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек дауларының алдын алу және өндірістік жарақаттануды төмендету мәселелері талқыланды.
Отырыс барысында еңбек заңнамасының сақталуы, жалақы берешектерін өтеу, ұжымдық еңбек дауларының туындау себептері, еңбек шарттарын уақытылы тіркеу және міндетті зейнетақы жарналарын аудару мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында еңбек қатынастарына байланысты 6 еңбек дауы тіркелген. Олардың басым бөлігі жалақыны көтеру талаптарына, ал біреуі еңбекақыны төлемеуге байланысты туындаған.
Сонымен қатар, бірқатар кәсіпорында жұмыскерлер алдындағы жалақы берешектері толық өтелмегені атап өтілді. Осыған байланысты жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және еңбекақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, жекелеген кәсіпорындарда жұмыс уақыты режимі, еңбекақы төлеу тәртібі және жалақы мөлшеріне қатысты мәселелер көтерілді. Жұмыс берушілерге жұмыскерлердің талаптарын заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленістің туындауына жол бермеу қажеттігі ескертілді.
Еңбек қауіпсіздігі мәселесі бойынша 2026 жылдың 9 айында облыста 48 жазатайым оқиға тіркеліп, нәтижесінде 56 адам зардап шеккен. Оның ішінде 5 жұмыскер қаза тапқан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 11,6%-ға өскен. Әсіресе құрылыс саласындағы жағдай алаңдаушылық туғызады. Есепті кезеңде құрылыс нысандарында 6 жазатайым оқиға орын алып, 3 жұмыскер қаза тапқан, тағы 3 адам ауыр жарақат алған. Оқиғалардың негізгі себептері ретінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, қажетті жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етпеу, жұмыскерлерді оқыту мен нұсқамадан өткізуге және қауіпті жұмыстардың орындалуына бақылаудың жеткіліксіздігі аталды.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 9 қазандағы мониторинг деректеріне сәйкес, облыстағы 1 274 кәсіпорында 3 130 еңбек шарты есепке алынбаған. Сондай-ақ 6 541 ұйымның 33 943 жұмыскері бойынша міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылмау деректері анықталған.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты органдар мен кәсіпорын басшыларына анықталған бұзушылықтарды жою, жалақы берешектерін толық өтеу, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттанудың алдын алу жөніндегі шараларды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар қабылданған шаралардың орындалуын бақылауға алып, келесі комиссия отырысында атқарылған жұмыстар туралы есеп беру ұсынылды. Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау – мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің ортақ міндеті.
Демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алайда жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
📖 ҚР Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес, заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға олардың жазбаша келісімімен немесе өздерінің өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.
❗ Қызметкер нені білуі маңызды?
✅ Қызметкердің келісімі. Жалпы ереже бойынша жұмыс беруші қызметкерді оның жазбаша келісімінсіз демалыс күні жұмысқа тартуға құқылы емес.
✅ Еңбекақы төлеу. ҚР Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі.
✅ Басқа демалыс күні. Қызметкердің қалауы бойынша жоғарылатылған еңбекақы төлеудің орнына басқа демалыс күні берілуі мүмкін.
✅ Ерекше жағдайлар. Заңнамада қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға жол берілетін жекелеген жағдайлар көзделген.
⚖️ Есіңізде болсын: қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартудың белгіленген тәртібін сақтау – жұмыс берушінің міндеті.
📢 Өз еңбек құқықтарыңызды біліңіз және оларды қорғаңыз!
#ЕңбекҚұқықтары #ҚРЕңбекКодексі #ЕңбекИнспекциясы #ҚызметкерлердіңҚұқықтарынҚорғау #МЕИК #ҚРЕңбекМинистрлігі