Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде жұмыс берушінің де, жұмыскердің де құқығы анық айтылған. Бұл ретте өзінің құқығын толық қорғайтын басты құжаттың бірі –еңбек шарты. Еңбек шарты – қызметкер мен жұмыс беруші арасында жасалатын шарт. Ол екіжақты міндеттер мен құқықтарды айқындайды және міндетті түрде жасалуы керек және бір данасы қызметкердің қолында болуы тиіс. Жұмысқа тек қана еңбек шартына қол қойылғаннан кейін кірісу керек. Егер де жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты жасалмаса, ондай адамның еңбек құқы бұзылғаны туралы ешқандай мемлекеттік орган не болмаса сот растап, қорғап қалуы екіталай. Еңбек шартына қол қоярда, ең бірінші, келісімшартты мұқият оқып шығуыңыз керек. Түсініксіз болса, заңгердің не өзге құқықтық сауаты бар адамның көмегіне жүгініп, еңбек шартын талқылаған жөн. ҚР заңнамасы негізінде әр салаға байланысты белгіленген уақыт мерзімдері бар, вахталық қызмет болса да, түнгі уақыт болса да, қосымша төленетін ақысынан бастап барлық шарты заңнама аясында жазылуы керек. Еңбек шартына өзгерістер тек тараптардың келісімі бойынша енгізілуі тиіс, егер еңбек шартының нормасы заңға қайшы болса, жұмысшы еңбек шартынан бас тарта алады. Көп жағдайда еңбек шартында ақы төлеу, еңбек демалысының мерзімі көрсетілмейді, тынығу уақыты толығымен белгіленбейді, дұрыс қарастырылмайды, сондықтан мұқият танысқан жөн. Келісімшартта көрсетілген жалақы мөлшері жұмыскермен ауызша уағдаласқан жалақыдан аз болмауы керек. Өйткені, арты сотқа тірелетін жағдайда, жалақыны өндіріп алу қиынға соғады. Себебі сот жұмыскерге мекеме есепшілерінде ресми тіркелген соманы ғана өндіріп бере алады.
Жұмыскердің құқықтары
Жұмыс беруші алдап кетпес үшін және "құлдықтан" сақтанудың заңды жолдары бар. Кез келген қазақстандыққа өз қалауы бойынша еңбек шартын өзгертуге болады. Жұмыскердің міндеттері ҚР Еңбек кодексінің 22 бабында айтылған. Ол –ең бірінші еркіндік. Сонымен қатар, жұмыс беруші сияқты еңбек шартын өзгертуге, толықтыруға, тоқтатуға, бұзуға құқы бар. Еңбек қауіпсіздігін, еңбекті қорғауды талап етуге құқылы. Бұл шарттар келісімшартта да көрсетілуі тиіс. Міндеттерге келетін болсақ: еңбек міндеттерін толық орындап, еңбек тәртібін сақтауы керек, жұмыс берушінің мүлкіне ұқыппен қарауы тиіс, егер нұқсан келтірсе, ҚР заңнамасы негізінде шығынды өтеуі міндеттеледі. Бұл да еңбек шартында көрсетілуі тиіс.
Жұмыскер өндірісте жарақат алса
Қызметкер жұмыс уақытында, жұмыс орнында өндірістік жарақат алса немесе денсаулығына зиян келсе, жұмыс беруші әлеуметтік жәрдемақы төлеуге жауапты. Басқаша айтатын болсақ, "уақытша жұмысқа жарамсыздығына байланысты төленетін жәрдемақы" деп аталады.
Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес жұмыс берушіні өз қаржысы есебінен уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге міндеттейді. Ол үшін жұмыскер есептеу бөліміне еңбекке жарамсыздық парағын, оны жоғалтып алған жағдайда – көшірмесін ұсынуы қажет. Егер еңбек шартындағы талаптар орындалмаса еңбек инспекция басқармасына жүгінуге болады. Егер бұл мәселе дұрыс қарастырылмаса сотқа жүгіне алады. "Ұжымдық дау" деген ұғым да бар. Ұжымдық еңбек даулары – ұйымдарда еңбек жағдайларын белгілеу мен өзгертуге және еңбекке ақы төлеуге, ұжымдық шарттар мен келісімдер жасасуға, оларды орындауға байланысты, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдардың, ұжымдық шарттар мен келісімдердің ережелерін қолдану мәселелері бойынша жұмыс беруші (жұмыс берушілер бірлестігі) мен қызметкерлер ұжымдары (қызметкерлер өкілдері) арасындағы келіспеушіліктер. Яғни, жұмыс беруші тарапқа бір ғана жұмысшы емес, тұтас бір ұйым наразы болуы – ұжымдық еңбек даулары деп аталады. Ол ҚР Еңбек кодексінің 163 бабында қарастырылған. Мәселе Ұжымдық еңбек келісімшарты негізінде қарастырылады. Бұл жерде татуластыру комиссиясы құрылып, тараптардың іс-әрекеттерін тексеру, қарастыру, татуластыру үшін жұмыс жасалады. Одан бөлек, Еңбек кодексінің 166 бабына сәйкес, "Еңбек төрелігі" деген ұғым бар. Яғни, ұжымдық еңбек дауын сотқа дейін реттеу. Осы кодекстің 167 бабы бойынша Ұжымдық еңбек дауын қараудың кез-келген сатысында тараптар делдалға жүгiне алады. Ұжымдық еңбек дауларын делдалдың қатысуымен қарау тәртiбiн дауласушы тараптармен келiсiм бойынша делдал белгiлейдi. ҚР Еңбек кодексінің 53 бабына сәйкес еңбек келісімшарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылса, ол жұмыскерге бір ай бұрын жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Еңбек кодексінің 131 бабына сәйкес, егер еңбек шартын жұмыс беруші бұзса, бір айлық орташа жалақы көлемінде жұмысынан айырылу себебіне байланысты өтемақы төленуі тиіс деп айтылған. Қысқарту да осы категорияға жатады.
Айта кететін мәселе осы Кодекстің 26 бабында еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға салынатын тыйымдар және қойылатын шектеулер қарастырылған.
Атырау облысы әкімдігінің жанынан әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия жұмыс жасайды, бұл комиссияның басты бағдары – лайықты еңбек шарттарын құру.
Бұл – билік пен жұмыс берушілердің диалогқа ашықтығының, әлеуметтік-еңбек саласындағы күрделі мәселелерді бірлесіп шешудің белгісі.
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі жолға қойылды. Соңғы жылдағы оң динамикаға қарамастан, жазатайым оқиғалар да болып жатады. Сондықтан да, әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, әр кәсіпорындарда кәсіптік қатерлердің алдын-алуға негізделген жүйе қалыптасты. 2016 жылы күшіне енген Еңбек кодексінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға қатысты "Өндірістік кеңес" түсінігі келтірілген. Әр кәсіпорында паритеттік негізде "Өндірістік кеңес" құрылып, кәсіподақ, кәсіпорын тарапынан өкілдер тағайындалады. Бұл кеңес осы кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау шараларының орындалуына бақылау жүргізеді. Өндірістік кеңестің шешімдері жұмыс беруші тарапынан орындалуға міндетті. Қазіргі таңда кәсіподақтардың ұсынысы бойынша техникалық инспекторлар жұмыс атқарады. Еңбек инспекторының ай сайын тексеруге мүмкіндігі болуы үшін өндірістік кеңестерді жандандыру керек. Яғни, бүгінгі таңда облысымызда 95- тен астам өндірістік кеңес құрылса, соның 60%-ға жуығы бюджеттік мекемелер болып табылады. Ал, ірі өндірістік кәсіпорындардың еңбек шарттарымен қамтылуы 100% құрайды.
Бүгінгі күні облыстағы барлық мекемелерде, кіші, орта және ірі кәсіпорындарда еңбек заңнамасы бойынша, оның ішінде еңбек шартын жасасудың маңыздылығы түсіндіру, ақпараттық қолдау жұмыстарын үзбей жүргізу арқасында жұмысшылардың еңбек құқықтары толығымен қорғалып келеді. Еңбек құқықтары бұзылса еңбек инспекциясына жазбаша шағым қалдыру қажет. Арызда: арызданушының аты- жөні, лауазымы, мекеме атауы, қандай жұмыс атқарып жатқаны және қандай еңбек заң бұзушылығы болғаны жайлы неғұрлым толық аппарат болуы қажет. Егер Еңбек инспекциясы ешқандай шара қолданбаса, әрі қарай сотқа жүгінеді. Ал Еңбек инспекциясына шағым қалдырмай, арызданса сот істі Еңбек инспекциясына жолдайды.