1995 жылы 30 тамызда Ата Заңымыз - еліміздің Конституциясы қабылданып, бұл күнде «Қазақстан Республикасының мерекелері» заңына сәйкес мемлекеттік мерекелер тізіміне енген болатын. Осылайша, Конституция күні барлық Қазақстан халқы мерекелейтін жалпы мемлекеттік мерекеге айналды.
Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстанда азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар бекітілді. Ең жоғарғы заңдық күші бар Қазақстан Конституциясы Республикадағы қолданылатын және қалыптасып жатқан құқықтық жүйесінің нормативтік бастауы бола тұра, қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың маңызды жақтарын реттейді.
Адамдардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында Женевада 1976 жылғы 21 маусымда қабылданған Халықаралық еңбек нормаларын бекіту туралы 1999 жылы 30 желтоқсанда № 12-II Заң қабылданып, еңбек нормаларын қолдануға жәдемдесу үшін Заңы Үшжақты консультациялар туралы Конвенция бекітілді.
Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi Женевада шақырған және 1976 жылғы 2 маусымда өзiнiң алпыс бiрiншi сессиясына жиналған Халықаралық Еңбек Ұйымы Бас Конференциясы,
еңбек саласындағы халықаралық конвенциялардың ережелерi мен ұсыныстарды, атап айтқанда: кәсiпкерлер мен еңбекшiлердiң еркiн және тәуелсiз ұйымдар құру құқықтарын растайтын және мемлекеттiк өкiмет пен кәсiпкерлердің, еңбекшiлердің ұйымдары арасында ұлттық деңгейдегi консультациялардың, сондай-ақ осы конвенциялар мен ұсыныстарды қолдану үшiн кәсiпкерлер мен еңбекшiлердің ұйымдарымен консультациялар жүргiзудi көздейтiн, еңбек саласындағы көптеген халықаралық конвенциялардың ережелерi мен ұсыныстардың тиiмдiлiгiн арттыру үшiн шаралар талап ететiн, Ассоциация бостандығы және ұйым құру құқықтары туралы 1948 жылғы конвенцияны, Ұйым құру және ұжымдық келiссөздер жүргiзу құқықтары туралы 1949 жылғы конвенцияны және Салалық және ұлттық ауқымдағы консультациялар туралы 1960 жылғы ұсынысты атап көрсете отырып,
Халықаралық еңбек нормаларын қолдануға жәрдемдесу үшiн бiрқатар ұсыныстар қабылдады. Халықаралық еңбек ұйымы - үкіметті, кәсіпкерлер мен еңбекшілерді тең құқықтар негізінде біріктірген халықаралық ұйым. Бүгінгі таңда, еліміздің егемендігі арқасында Қазақстанда жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға және еңбек нормаларын сақтауды бақылауға, халықты жұмыспен толық қамтамасыз етуге, тұрмыс деңгейін көтеруге, еңбек қауіпсіздігіне, жұмысшылардың денсаулығын сақтауға, адамның негізгі құқықтарының сақталуына жәрдемдесуге, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына, кәсіпкерлер мен жұмысшылар арасындағы ынтымақтастыққа септігін тигізуге жауапты органдар қызмет жасауда.
Ата Заңның 1-тармағында «Қазақстан өзін ең қымбат қазынасы-адам және азаматтың өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. Заңда белгіленген барлық тұжырым, қағидалар өмірдің салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының конституциясында 24-бапта, 1-тарауда былай деп айтылған: «Әркімнің еңбек ету бостандығын, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.»
Қазақстан Республикасы Конституциясының 24 бабында еңбек саласындағы қатынастарды құқықтық реттеудің мынадай қағидасы баяндалған: еңбек бостандығы және өзінің еңбекке қабілеттілігіне еркін билік ету, қызмет пен кәсіп түрін таңдау мүмкіндігі; мәжбүрлі еңбекке тиым салу және жұмыссыздықтан қорғау. Бұл еңбек саласындағы қатынастарды құқықтық реттеудің салааралық қағидаларына жатады. Ал еңбек құқығының салалық қағидалары сол құқық саласының нормаларының ерекшелігін көрсетеді. Қазіргі кезеңдегі еңбек құқығы саласының қағидалары мынадай үш топқа бөлінеді:
Еңбек қатынастары саласындағы құзыретті органдардың барлық жағдайларда қолдануға есептелген нормативтік нұсқаулардан тұратын құқықтық актілер еңбек құқығының көздері болып табылады. Еңбек туралы нормативтік-құқықтық актілер Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жасақталған.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 17 бабында жергілікті атқарушы органдардың еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреті:
1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингін жүзеге асырады;
3) өндірістік жарақаттану себептеріне талдау жүргізеді және оның профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлейді;
4) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен тергеп-тексереді;
5) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормативтерін жетілдіру мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасайды;
6) жұмыскерлердің, жұмыс берушілердің және олардың өкілдерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарайды;
7) өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингін жүзеге асырады;
8) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбекті қорғау және еңбек қауiпсiздiгі жөніндегі ақпараттық жүйе негізінде кезеңдік есептерді, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау жай-күйі мониторингінің нәтижелерін ұсынады;
9) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша ұжымдық еңбек дауларының мониторингін жүргізеді;
10) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға еңбек қатынастары бойынша қажетті ақпаратты береді;
11) жұмыс берушінің қызметін декларациялауды жүзеге асырады.
Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасымен ҚР Еңбек кодексі талаптарын бақылауды жүзеге асыруда нақты да айқынды жұмыстар атқарылуда.
Азаматтардан және заңды тұлғалардан келіп түсетін арыздарды қарау, өндірістік жазатайым оқиғаларына тергеу-тексеру жұмыстары, халыққа ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу маңызды критерийлер болып табылады.
Жыл басынан бері бүгінгі күнге түскен арыздар саны- 949.
Олардың: 864-арыз, 25-шағым, 60- түсіндірме сұраныс хаттар.
Арыздардың басым бағыты еңбекақы берешегі, жұмыстан заңсыз шығару немесе қысқарту, еңбек демалысын уақытында алмауы.
Еңбекақы – жұмыс берушінің жұмыскерге атқарған жұмысы үшін берілетін төлем немесе сыйақы. Еңбекақының есептелуі және төлену тәртібі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі.
Еңбек кодексі талаптарының сақталуын бақылаушы орган Мемлекеттік еңбек инпекция басқармасы болып табылады.
Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының негізгі міндеттері - еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен бостандықтарының сақталуын, соның ішінде қауіпсіз еңбекпен қамтамасыз ету, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы бойынша арыз – шағымдарын қарау болып табылады.
Жұмысшының еңбекақысын төлемеу әлеуметтік жағдайына әсер ететін фактор болғандықтан, еңбекақыны кідірту мен төлемеу жағдайларына жол бермеу мақсатында Мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы құзырлы органдармен бірге жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, қорытындысымен бірлескен шараларды қолданылуда.
Жыл басынан бері бүгінгі күнге түскен арыздар саны- 949.
Еңбекақы берешегі бойынша: ағымдағы жылы мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеруімен 1 146 жұмысшының 363 млн. теңге еңбекақылары өндірілді, оның ішінде мониторинг жұмыстарын жүргізу арқылы 538 жұмысшының 116 млн. теңге еңбекақысы және азаматтардың өтініштері негізінде тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 608 жұмысшының 248 млн. теңге жалақылары төленді.
Сонымен қатар, тексерусіз жедел түрде еңбек құқықтарын қалпына келтіру арқылы 9.2 млн. теңге еңбекақысын өндіру нәтижесінде 79 жұмысшы арыздарын кері қайтарып алды. Өндірісте орын алған жазатайым оқиғалар бойынша: облыс өңірінде орналасқан кәсіпорындарда орын алған 28 өндірістік жазатайым оқиғаның салдарынан 30 жұмысшы ауыр дене жарақатын алып, 4 жұмысшы қаза тапқан.
Өндірісте 18 жазатайым оқиға 100% жұмыс берушінің кінәсінен және 5 жазатайым оқиға 70% жұмысшының кінәсінен, 5 жазатайым оқиға 50% екі жақтың бірдей кінәсінен орын алған. Барлық өндірістік жазатайым оқиғалар бойынша жүргізілген арнайы тергеу құжаттары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқыққорғау органдарына жолданды.
Кәмелетке толмағандардың еңбегін қорғау бойынша:
Кәмелетке толмағандардың еңбегі маусымдық кезеңде жыл сайын ІІД (Атырау облысы Ішкі Істер Департаменті) арқылы рейд жүргізіліп анықталады. Рейдтер барлық аудандарда және Атырау қаласында жүргізіледі. Анықталған фактілер болды және олар бойынша құқық бұзушылыққа жол берген азаматтар ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекспен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Елімізде 2002 жылдан бері «Бала құқығы туралы» Заң қабылдаған. Заң бойынша, егер ата-ана баласын жұмыс істеуге мәжбүрлейтін болса, ата-ана құқығынан айырылады. Ал бала еңбегін заңсыз пайдаланған тұлғалар еліміздің Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 86-бабының 3- тармағына сәйкес айыппұл төлейді. Осы орайда, заңды бұзған шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 80, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынатынын айта кеткен жөн. Егер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн жұмыс беруші бiр жыл iшiнде тағы бір рет бала еңбегін заңсыз пайдаланатын болса, айыппұл мөлшері бірнеше есеге дейін өседі
Еңбек даулары бойынша:
Биыл облыс өңірінде 37 еңбек ұжымында еңбек даулары орын алып, оның ішінде 25 кәсіпорындағы ахуал жұмысшылардың пайдасына шешіліп, 12 кәсіпорынға қатысты қажетті шаралар қабылдануда. Еңбек дауларын алдын алу және еңбек дауларын сотқа дейінгі бейбітшілік жолмен шешу жолдарын қарастыру мақсатында 2019 жылдың 5 қарашасында «Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасы» және "Атырау облысы бойынша медиацияны дамыту орталығы" Республикалық қоғамдық бірлестігі арасында еңбек дауларын шешудің альтернативтік әдісі ретінде бірлескен ынтымақтастық МЕМОРАНДУМЫНА қол қойылды.
Шетелдік жұмыс күштері бойынша:
Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция Басқармасымен жүргізілген жоспардан тыс тексерістің нәтижесінде 2019 жылы 180 шетелдік жұмысшы мамандығы бойынша берілетін рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқарғаны, ал 123 шетел азаматтарының білімі атқарып отырған лауазымына сәйкес еместігі анықталып, шетел азаматтарының рұқсаттары кері қайтарылды. Сонымен қатар, 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту заңдылығын сақтау мәселесі бойынша 2 компанияда тексеріс жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен 1 шетелдік жұмысшының берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқарғаны анықталып, шетелдік азаматтардың рұқсаттары кері қайтарылды. Ағымдағы жылы профилактикалық бақылау және қадағалау арқылы тексеріс нәтижесінде 3 шетелдік жұмысшының берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқарғаны анықталып, шетелдік азаматтардың рұқсаттары кері қайтарылды.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша: Жұмысшыларға, жұмыс берушілерге еңбек заңнамасы бойынша түсіндіру жұмыстары жандандырылды. Өз жағымыздан арнайы әлеуметтік желі ашылды, облыс әкімі тарапынан телеграмм желісі, басқарманың жедел нөмірі, топ ашылып жұмысшылардың еңбек заңдылығы бойынша сұрағы күннен күнге өсуде. Бұл халықтың, яғни жұмысшылардың сауаттылығының артығанын көрсетеді.
Әлеуметтік сала күрделі және маңызды сала екені баршаға белгілі, бірақ та көп жағдайда осы саланың қызметкерлерінен шағым-арыздар орын алып отыр. Тексеріс барысында жұмыс берушілер жағынан көптеген заң бұзушылықтар анықталуда, атап айтсақ еңбек шартын жасақтамау, еңбекақыны кешіктіріп беру, заңсыз жұмыстан босату немесе қысқарту, еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан жазатайым оқиғаларға жол беру сияқты бұзушылықтар бар.
Ақпараттық түсіндіру жұмыстары бойынша 2017 жылдан бері «Еңбек» акциясын қолдау бағытында халықтың көп таралатын орындарында плакаттар ілінді, «Еңбек шартын жасаңыздар!» атты акция өткізіліп, арнайы бейнероликтер дайындалып көрсетілуде және брошюралар даярланып таратылуда. 2020 жылы «Еңбек шартын жасаңыздар!», «Еңбек қауіпсізідігін сақтайық»», «Кәмелетке толмағандардың еңбегі заңмен қорғалады» атты бейнероликтер даярланып, Атырау қаласындағы барлық сауда орталықтарында, қоғамдық автокөліктерде, ЦОН-да көрсетіліп, оң нәтиежелерін беруде. Айта кету қажет, аталған бейнероликтер облыстық 7 аудандарына фейсбук желісі арқылы жіберілуде.
Еңбек заңнамасы бойынша, жалпы еңбек қатынастарына байланысты тұрғындардан қоңыраулар жиі түседі, басқармасының фейсбук желісі арқылы, немесе 87719927263 ұялы және қала тұрғындары үшін «1302» жедел телефоны арқылы хабарласып, еңбек заңдылығы бойынша кеңестер алып отырады.
Ата Заңымыз, әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына, жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығын жария етті.
Әр адам еңбек шарты бойынша, жұмыс iстейтiндерге заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқылы.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 22 және 23 баптарында жұмыс берушінің және жұмыскердің міндеттері мен құқықтары нақты айқындалған.
Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн, еңбегіне, жалақысына, жеке құқығына нұқсан келтіретін іс-әрекеттер мен деректерді лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғатынын есте ұстауымыз қажет.
Халық өзі қабылдаған заңын құрметтеп, қастерлеуі керек. Заң жақсы жұмыс істеу үшін, оны бұлжытпай орындау күнделікті дағдыға, әдетке айналуы керек. Заңға құрметпен қарау - біздің ортақ парызымыз.
Конституция күні - Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық өмірінде мән мен маңыздылығы жағынан ерекше орынға ие, халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Осы мереке күні барша қазақстандықтарға татулық пен келісім, денсаулық, еңбектеріне табыс пен молшылық тілеймін.
Ата Заңымыз тарихымыздың мақтанышына айналсын.
Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров