Өңір бойынша ішкі еңбек нарығын қорғау үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға квота қысқартылды.
Биылғы жылы шетелдік мамандарға квота 17 000-нан 10 567-ге дейін төмендетілді.
Шетелдік және қазақстандық қызметкерлердің жалақысындағы сәйкессіздік туралы мәселе бірнеше рет көтерілген. Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров хабарлағандай, тексерулермен 43 компания қамтылып, қазақстандық қызметкерлерді еңбекақы төлеу бөлігінде кемсітудің 109 фактісі, шетелдік қызметкерлердің берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұмысты орындауының 167 жағдайы, сондай-ақ шетелдік қызметкерлердің білімі атқаратын лауазымдарына сәйкес келмеуінің 114 фактісі анықталды.
Мысалы, жергілікті супервайзер-жұмыскердің жалақысы (жүк көтеру жұмыстары бойынша) 750 мың теңгені құрайды, ал шетелдік қызметкерлердің ұқсас лауазымдарында – 1,1 –ден 3,4 млн теңгеге дейін-яғни 4 есе көп.
Осыған ұқсас-бақылау – өлшеу аспаптары және автоматика инженері лауазымындағы жергілікті жұмыскердің лауазымдық айлықақысы 307 мың теңгені құрайды, ал шетелдік жұмыскердің осыған ұқсас лауазымындағы жалақысы 1,3 млн теңгені құрайды.
- Жұмыс берушілердің атына бұзушылықтарды жою үшін 24 ұсыныс енгізілді, 264 әкімшілік іс қозғалды, жалпы сомасы 96 млн.500 мың теңгеге айыппұл салынды, сондай – ақ шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген 262 рұқсатты кері қайтарып алу және одан әрі ұзарту үшін уәкілетті органға хаттар жіберілді, - деп хабарлады Игілік Айдарұлы.
Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Қазақстан Республикасының Үкіметі шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі мәселелерінде тәуекелдерді бағалау критерийлеріне өзгерістер енгізгенін, бұл еңбек инспекциясына бұрын анықталған бұзушылықтарды ескере отырып әзірленетін жоспар бойынша жыл сайынғы профилактикалық бақылау шеңберінде тексерулер жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еңбек инспекциясының тәуекелдер дәрежесін бағалау нәтижелері бойынша 2020 жылға арналған профилактикалық бақылау жүргізу жоспарына шетелдік жұмыс күшін тартатын өңірдің 10 ірі кәсіпорны (30 және одан көп) енгізілді. Кәсіпорындарды тексеру барысында еңбекақы және өндірістік-тұрмыстық жағдайлар бөлігінде кемсітушілік мәселелері, сондай-ақ бұрын анықталған бұзушылықтарды жою сапасы зерттеледі. Биылғы жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 2019 жылмен салыстырғанда 38% - ға, яғни 6 433-ке, 17 000-нан 10 567-ге дейін қысқартылды.
– Ағымдағы жылы кәсіпорындарда 141 тексеру жүргізіліп, 192 заң бұзушылық анықталды. Еңбек заңнамасының әртүрлі талаптарын бұзғаны үшін 89 ұйғарым берілді, 66 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 15,1 млн теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынды, – деп хабарлады И.Әубәкіров. - Еңбек қатынастары саласындағы бұзушылықтар көп. Еңбек қауіпсіздігі саласында, халықты жұмыспен қамту бөлігінде бұзушылықтар бар.
Айта кетейік, өткен жылы Жылыой ауданының әкімдігі Теңіз вахталық кентінің аумағында еңбек инспекторларының жұмысы үшін үй-жай бөлді. Теңіздегі бақылау үшін басқармада теңіз учаскесіне тұрақты негізде келген нақты мемлекеттік еңбек инспекторлары бекітілді. Қазір қатаң карантин салдарынан Теңіз кен орнына шығу шектелген, тиісінше, бару тек қажеттілігіне қарай жүргізіледі. Көбінесе өңірдің мұнай-газ саласының қызметкерлері төтенше жағдай және карантин кезеңінде жұмыс жағдайлары мен еңбекақы төлеуге байланысты сұрақтар қояды, оның ішінде қызметкерлерді жұмыстан босату (қысқарту), бос тұрып қалу туралы хабарландыру, ұстаусыз демалыс беру.