Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту

Шетелдік жұмыс күші деп шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар түсініледі:
* Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс беруші тартатын;
* маусымдық шетелдік жұмысшылар;
* өз бетінше жұмысқа орналасатындар;
* корпоративтік аударма аясында уақытша аударылатын.
Шетелдік жұмыскер – Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс беруші тартатын көшіп келушілер болып табылады.
Рұқсат алу үшін кім өтініш беруі керек?
Рұқсат алу үшін шетелдік жұмыс күшін тартуды жоспарлаған жұмыс беруші жүгінеді. Қызметкерлер мұндай рұқсат алу үшін өз бетінше өтініш жасамайды.
Егер Қазақстанда филиал, өкілдік құрмай өз қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлға-жұмыс беруші өз қызметкерлерін жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасына жіберген жағдайда, онда олардың рұқсат алуына байланысты құжаттарды ресімдеуді пайдасына жұмыстар орындалатын, қызметтер көрсетілетін заңды тұлға (оның ішінде филиал, өкілдік арқылы Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлға) жүзеге асырады (рұқсаттар беру қағидаларының 14-тармағы).
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты кім береді?
Жергілікті атқарушы орган рұқсат беру не рұқсат беруден бас тарту туралы шешімді жұмыс берушінің құжаттарын қабылдаған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Жергілікті атқарушы орган шешімді жергілікті атқарушы орган құратын комиссия ұсынымдарының негізінде қабылдайды.
Жергілікті және шетелдік қызметкерлердің ара-қатынасы.
Жергілікті атқарушы орган рұқсаттарды халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде береді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданыстағы, бұрын берілген рұқсаттардың саны халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган шетелдік жұмыс күшін тартуға бөлген квотаның тиісті күнтізбелік жылға арналған санынан аспауға тиіс.
Жергілікті атқарушы орган мынадай:
1) Қазақстан Республикасы азаматтар санының бірінші және екінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 70%-ын;
2) Қазақстан Республикасы азаматтар санының үшінші және төртінші санаттарға жататын жұмыскерлердің тізімдік санының кемінде 90%-ын құрауы шарттарын сақтаған кезде рұқсат беруді және (немесе) ұзартуды жүзеге асырады.
Қадрлардағы жергілікті қамтуды есептеу кезінде шетелдік жұмыскерлер қатарында 2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары есептелмейді.
Рұқсат алу кезіндегі қызметкерлердің санаттары
Рұқсат беру және (немесе) ұзарту тәртібі мен шарттарын айқындау мақсатында жұмыскерлердің мынадай санаттары белгіленеді:
1) бірінші санат – бірінші басшылар мен олардың орынбасарлары;
2) екінші санат – кәсіптік стандарттарда, басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығында, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін құрылымдық бөлімшелер басшылары;
3) үшінші санат – кәсіптік стандарттарда, басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығында, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін мамандар;
4) төртінші санат – кәсіптік стандарттарда, Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін білікті жұмысшылар.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың қолданылу мерзімі
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат:
1) бірінші санат үшін – жұмыс берушінің өтініші негізінде рұқсат мерзімін бір, екі немесе үш жылға ұзарту құқығымен бір, екі немесе үш жылға;
2) екінші және үшінші санаттар үшін – он екі ай мерзімге, бірақ үш реттен артық емес ұзартумен он екі айға;
3) төртінші санат үшін – ұзарту құқығынсыз он екі айға;
4) маусымдық шетелдік жұмыскерлер үшін – ұзарту құқығынсыз он екі айға дейінгі мерзімге беріледі.
Мынадай жағдайларда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмейді.
1) бөлінген квотаның мөлшерінен асып кеткен;
2) жұмыс беруші осы Қағидалардың 16-тармағында белгіленген шарттарды сақтамаған;
3) төртінші санат бойынша шетелдік жұмыс күшін алмастыру жөніндегі міндеттемелерді орындамаған;
4) жұмыс берушінің шетелдік жұмыскерлерді рұқсатсыз тарту, сондай-ақ шетелдік жұмыскердің рұқсатта көрсетілген кәсіпке немесе мамандыққа сәйкес келмейтін кәсіпке немесе мамандыққа тартылуы фактісі анықталған жағдайларда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмейді. Мұндай жағдайда осындай факт анықталған күннен бастап он екі ай бойы жаңа рұқсаттар берілмейді;
5) шетелдік жұмыс күшінің білім деңгейі (кәсіби даярлығы) және практикалық жұмыс тәжірибесі (еңбек өтілі) кәсіптік стандарттарға, Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына және Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына, ұйымдар басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес жұмысшы кәсіптеріне және басшылар, мамандар және қызметшілер лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеген жағдайда шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілмейді және ұзартылмайды.
Жергілікті атқарушы орган берген рұқсатты басқа жұмыс берушілерге беруге болмайды, ол тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ғана қолданылады.
Бұл ретте жұмыс берушінің рұқсат алынған шетелдік жұмыскерлерді өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағындағы кәсіпорындарға, ұйымдарға күнтізбелік бір жыл ішінде жиынтығы күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге іссапарға жіберуіне жол беріледі.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың қолданысы төмендегідей жағдайларда тоқтатылады:
1) ол берілген мерзім аяқталған;
2) рұқсат кері қайтарып алынған;
3) жеке тұлға – жұмыс берушінің қызметі тоқтатылған, заңды тұлға – жұмыс беруші таратылған;
4) жұмыс беруші рұқсатты жергілікті атқарушы органға өз еркімен қайтарған;
5) рұқсатты бергені және ұзартқаны үшін алымды төлегенін растайтын құжаттардың көшірмелерін енгізбеген;
6) рұқсатты басқа шетелдік жұмыскерге қайта ресімдеген жағдайларда тоқтатылады.
Шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 519 бабының 1 және 2 және 3 бөліктеріне сәйкес, жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз тартуы немесе жергілікті атқарушы орган беретін, өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтамалары немесе еңбекші көшіп келушіге ішкі істер органдары беретін рұқсаттары жоқ шетелдіктердің және (немесе) азаматтығы жоқ адамдардың еңбегін пайдалануы – жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Жұмыс берушiнiң шетелдiк жұмыскердi жергiлiктi атқарушы органның шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсатында көрсетiлген лауазымға (кәсiпке немесе мамандыққа) сәйкес келмейтiн лауазымға (кәсiпке немесе мамандыққа) тартуы – жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 193 бабының 13 тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік еңбек инспекторларының: жұмыс берушілердің Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны туралы заңнамасында белгіленген, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі мен шарттарын сақтауы тұрғысынан тексеру жүргізуге құқығы бар.
Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекция Басқармасымен жүргізілген жоспардан тыс тексерістің нәтижесінде 2019 жылы 180 шетелдік жұмысшы мамандығы бойынша берілетін рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқарғаны, ал 123 шетел азаматтарының білімі атқарып отырған лауазымына сәйкес еместігі анықталып, шетел азаматтарының рұқсаттары кері қайтарылды. Сонымен қатар, 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту заңдылығын сақтау мәселесі бойынша 2 компанияда тексеріс жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен 1 шетелдік жұмысшының берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқарғаны анықталып, шетелдік азаматтардың рұқсаттары кері қайтарылды. Ағымдағы жылы профилактикалық бақылау және қадағалау арқылы тексеріс нәтижесінде 3 шетелдік жұмысшының берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымда қызмет атқарғаны анықталып, шетелдік азаматтардың рұқсаттары кері қайтарылды.
Атырау облысының Мемлекеттік еңбек инспекторы Г.Д.Муханова

Дата публикации
17 августа 2021