Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдаланған кезде жеке табыс салығын (ЖТС) салымшының таңдауы бойынша төлеуге болады: БЗТ алған кезде немесе кесте бойынша зейнетақы төлемдеріне дейін кейінге қалдырумен. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік осал санаттарға жататын тұлғалар БЗТ түріндегі табысқа стандартты салық шегерімдерін қолдануға құқылы.
Бұл ретте БЖЗҚ-дан БЗТ түріндегі салық салынатын табыс сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:
БЗТ түріндегі табыс сомасынан Салық кодексінің тиісті баптарында көрсетілген салық шегерімдерінің сомасы алынады. Қорытынды қалдық салық салынатын табыс болып есептеледі.
Мысалы, егер салымшының 2021 жылы алған БЗТ түріндегі табысы 5 000 000,00 теңгені құраса, салық міндеттемелері 500 000,00 теңгені құрайды (5 000 000,00* 10%), содан кейін 2021 жылы 882 АЕК мөлшерінде 2 572 794,00 теңге (882*2 917,00[1] теңге) сомасында стандартты салық шегерімдерін қолданған кезде міндеттемелерді азайту бағытында салық түзетулері жүргізіледі.
Осылайша, салық міндеттемелерінің қалдығы (кейінге қалдырылған ЖТС) 242 720,60 теңгені құрайды, ол былайша есептелген:
((5 000 000,00 - 2 572 794,00)*10%).
Егер Сіз БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушы болсаңыз және кейінге қалдырылған ЖТС сомасы толығымен немесе ішінара ұсталып, бюджетке аударылған болса, салықты қайтару үшін БЖЗҚ-ға берілген құжаттар негізінде 882 АЕК шегінде берешек қалдығын түзете отырып, ЖТС өтеледі және төленеді.
Жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты 2026 жылғы 1 қаңтардағы қалған салық міндеттемелері 2026 жылғы қаңтарда жойылады.
[1] 2021 жылғы айлық есептік көрсеткіш 2917 теңгеге тең болды