Атырау облысында 2017-2022 жылдарға арналған Құқықтық ағарту саласын жетілдіру жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының орындалысы
Әлеуметтік сыртқы жарнама арқылы қоғамда құқықтық сауаттылықты және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін баннерлерді орнату, ақпараттық жадынамаларды және плакаттарды орналастыру тұрақты түрде эскиздерді кезеңді жаңарта отырып тарату көзделген. Осының аясында Индербор кенті, ауылдық округтерде 7 баннер, 800-ге жуық жадынамалар орналастырылды.
2020 жылдың 11 айында жеке және заңды тұлғалардан барлығы 624 өтініш тіркелсе, былтырғы жылы 11 айдың қортындысы бойынша 656 өтініштер келіп түскен. Өткен жылмен салыстырғанда 5 %-ға азайып отыр.
Өтініштердің барлығы аудан әкімі аппаратымен, аудандық бөлімдер, және ауылдық округ әкімі аппараттарымен қаралып, заңдылыққа сәйкес жауаптар берілді. Өтініштерге жасалған талдау нәтижесі көрсеткендей мәселелердің басым көпшілігі (тұрғын үй, әлеуметтік көмек, тұрақты жұмыспен қамту, жер мәселелері, коммуналдық мәселелер) болып отыр. Келіп түскен 624 өтініштің 65-і қанағаттандырылып, 559 –ына заң аясында түсінік берілді.
2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша аудан әкімінің жеке қабылдауы 41 (2019 жылы 43) мәрте өткізілді. Оның 26-сы онлайн форматта. Қабылдауда барлығы (2019 жылы 231) 203 тұрғын болды. Қабылдауда болған 169 тұрғынға заң аясында түсінік беріліп, 34 тұрғынның мәселесі оң шешілді.
Қоғамда азаматтардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында кең ақпараттық-насихаттау жұмысын ұйымдастыру мақсатында жыл басынан бері газет беттерінде 12 мақала жарияланды.
Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында арнайы айдарды құру және оларды құқықтық мәселелер жөніндегі ақпараттық-түсіндіру материалдарымен сапалы толықтыруды қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктің ресми интернет-ресурсында «Құқықтық ағарту» бөлімі ашылып, әр түрлі тақырыптардағы материалдармен толықтырылды.
Азаматтардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу кезіндегі құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жыл басынан бері халыққа қызмет көрсету орталығында көшпелі 4 жәрмеңке және 28 онлайн эфирлер өткізілді.
Аудан бойынша 12 кәсіби емес медиатор 1 кәсіби медиатор жұмыс жасайды. Және аудандағы білім беру ордаларында «Медиация» кабинеттері ашылған. Дауларды сотқа дейін жеткізбей шешудің балама тәсілі ретінде «Билер кеңесінің» халық арасында кездесулері өткізіліп, ақпараттық құралдар арқылы насихатталып отыр. 2020 жылы 53 талап арыз «Билер кеңесі» мүшелерінің қатысумен қаралып, 23 азаматтық іс бітімгершілікпен тоқтатылды.
Халықтың осал топтары үшін құқықтық ағарту іс-шараларын өткізу және тегін құқықтық көмек көрсету бойынша жыл басынан бері 2 рет «Адал көмек» құқықтық акциялары өткізілді.
Аудан әкімдігімен және Индербор кенті, ауылдық округ әкімдерімен қабылданатын, оның ішінде азаматтардың, кәсіпкерлердің мүдделеріне қатысты нормативтік құқықтық актілер (әрі қарай – НҚА) «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына алдын ала жариялану арқылы қабылдануда. Тұрғындардың НҚА жобаларын көпшілік талқылауға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жадынамалар таратылып, халық көп шоғырланатын жерлерге ілінді.
Аудан көлемінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идея құндылықтарын насихаттау барысында түрлі тақырыптарда іс-шаралар өтті. Республикалық «Менің Отаныма – менің бастамам» атты шығармашылық жобалар байқауының «Жаңғырту полюсі» номинациясы, «Буккроссинг ауылда» тақырыбы бойынша онлайн байқауы өтіп, ауданнан қатынасқан 1 оқушы жүлделі І орынды иеленді. Майдангер жазушы, Кеңес Одағының Батыры аты аңызға айналған халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай "Ұрпаққа үлгі ұлағатты ғұмыр" атты ерлік сағаты балалар кітапханасында өткізілді. Сонымен қатар І. Есенберлиннің туғанына 105 жыл толуына орай аудандық кітапхана «Халық тарихы – оның тағдырында» атты виртуалды кітап көрмесін фейсбук парақшасы арқылы көрермендерге ұсынылды. Аудандық мәдениет үйінде халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған!» атты мерекелік шара өткізілді. “Ұл-шаңырақ иесі” тақырыбында ұлдарға арналған апталық ұйымдастырылып өткізілді. Іс шаралар жоспарына сәйкес "Қашықтықтан оқыту жағдайында ұлттық-дәстүрді насихаттау" тақырыбында оқушыларға арналған “Ұлы даланың жеті қыры: Атқа міну өнері” бейнероликтер шеруі көрсетілді және арнайы платформаларда сынып сағаттары және “Асық - ұлттық ойыны”, "Асық-терапиясы", "Sport time: Ләңгі тебу" ұлттық ойындар эстафетасы өткізілді. Ауданның барлық білім беру ұйымдарында «Қазақтың салт - дәртүрлері», «Ұлттық әдет-ғұрыптарды білеміз бе?» тақырыптарында қашықтықтан онлайн түрде бейнебаяндар жариялау арқылы тәрбиелік шаралар өткізілді. Б.Нысанбаев және Махамбет атындағы орта мектептерінде «Қыз-ұлт келбеті» тақырыбында өткен апталық барысында "National food:қазақ асүйі" ұлттық тағамдар эстафетасы өткізілді.
Аудан жастарын, соның ішінде мектеп оқушылары мен студенттерді парасаттылық пен адалдыққа тәрбиелеу және құқықтық сауаттылығын қалыптастыру мақсатында мектептер жанынан «Парасаттылық мектебі» құрылды, «Адалдық сағаттары» өткізілді.
Индер ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен 2020 жылдың I тоқсанында тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру бойынша «Халық заңгері» акциясы өткізілді. Тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында ауданның мемлекеттік органдарының өкілдері, сонымен бірге кәсіби адвокат және «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі құқықтық сұрақтар бойынша келген азаматтарды қабылдап, толық түсініктемелер мен құқықтық кеңестер берді.Пандемия кезінде азаматтарды және заңды тұлға өкілдерін онлайн қабылдау, халықпен кездесулерді өткізу және азаматтар тарапынан неғұрлым сұранысқа ие мәселелер бойынша, әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы консультациялар өткізу алдын ала БАҚ-да және интернет желісінде аңдатпа беру арқылы 25 онлайн тікелей эфирлер өткізілді.
Халық арасында түсіндіру, профилактика жұмыстары жүргізілуде (28 кездесу). Сонымен қатар аудандық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарына 32 мақала және әлеуметтік желі парақшаларына 21 хабарландырулар, ақпараттар жарияланды.