Индер ауданы әкімдігіне
қарасты мемлекеттік органдармен 2020 жылы көрсетілген
мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат
Есеп, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2013 жылғы 25 маусымдағы №193 «Орталық мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандар, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі қызметінің есебін қалыптастыру мен ұсыну қағидаларын және оның үлгі нысанын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген 2-қосымшаға сәйкес жасақталған.
Жергілікті атқарушы органдардың ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 Қаулысымен бекітілген Мемлекеттік қызмет көрсетулердің тізіліміне сәйкес Индер ауданы бойынша дербес бөлімдермен, Индербор кенті, ауылдық округтер аппараттары арқылы жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдар арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандарт пен регламентке сәйкес дайындалып қызмет алушыға уақытылы ХҚКО арқылы ұсынылады.
Индер ауданында 104 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 2020 жылы 13737 мемлекеттік қызмет көрсетілді. (Оның ішінде қағаз түрінде көрсетілгендер –1262 (9,1%), «электрондық үкімет» веб-порталы және (немесе) Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету мүмкіндігі болса да, қызметті берушілермен (Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілгендерді қоспағанда) қағаз түрінде көрсетілгендер – 446 (3,2%), Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілгендер – 2418 (17,6%), электрондық түрде көрсетілгендер – 9611 (70%) құрап отыр)
Ағымдағы жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында 388 шара өткізілді. (Оның ішінде 89 жиналыс, 45 мақала, 64 бейнеролик, 127 түсіндірме ақпарат, 45 тікелей эфир, 12 ішкі бақылау жұмыстары, 4 Қоғамдық кеңес отырысы, 1 жәрмеңке, 1 комиссия отырысы)
Ауданда мемлекеттік қызметтің түрлері бойынша қызмет көрсетуде басымдыққа ие – аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы бөлімдері болып табылады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы №78 бұйрығына бекітілген Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидаларының 42 тармағына сәйкес аудан әкімі аппаратымен 2020 жылы - 12 ішкі бақылау іс-шаралары жүргізілді.
Ішкі бақылау тексеру қорытындысымен жергіліктің атқарушы органдар басшыларына тиісті ұсынымдар беріліп, бақылауға алынды.
«Жалғыз терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметті қолжетімді алу үшін ауданда 1 ХҚКО бөлімі жұмыс істейді. Алшақ елді мекендерді қамту үшін ай сайын мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы (М-ХҚКО) мамандары жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру бойынша түсіндірме іс-шараларымен аталған кезеңде – 5800 тұрғын қамтылды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді тұрғындарға түсіндіру, насихаттау және ақпараттандыру бағытында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментімен дайындалған «Сіз мемлекеттік қызметтер алу кезінде өз құқықтарыңызды білесіз бе», «Пара беру бас бостандығыңнан айырады» атты 5000 дана брошюралары таратылды.
Халықты ақпараттандыру және сауаттылығын арттыру, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бағытында жоспар жасақталып, ағымдағы жылдың маусым, шілде, тамыз айларында «Digitаl Аgеnt» қосымшасы арқылы 4500 тұрғын оқытылды.
Индер ауданы әкімдігіне қарасты жергілікті атқарушы органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Индер аудандық бөлімінің ғимараттарында қызмет алушылардың шағымдары мен пікірлеріне арналған жәшіктер орналастырылған.
2020 жылы қызмет алушылар тарапынан шағымдар мен арыздар түскен жоқ.
Аудан әкімі аппаратымен аталған кезеңде «Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет көрсету» тақырыбында біліктілігін арттыру курсынан мемлекеттік қызмет көрсетуге жауапты 12 қызметкер біліктілігін арттырды.
Аталған кезеңде аудан бойынша 3870 адам электрондық сандық қолтаңба алды. Сонымен қатар, Индербор кенті және 6 ауылдық округ әкімі аппараттары ауыл тұрғындарына электрондық түрде қызметтер көрсету мақсатында соңғы үлгідегі компьютер, принтерлермен толықтай қамтамасыз етіліп, жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда «Өзіне – өзі қызмет көрсету бұрышы» арқылы «электрондық үкімет» веб-порталынан қызметтің 24 түрінен 5432 қызмет көрсетілді.
Аудан бойынша электронды түрде көрсетілетін қызметтердің санын арттыру және оған қолжетімділікті қамтамасыз ету, халықтың мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы хабардарлығын одан әрі жоғарылату, құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу басты назарда қала бермек.