Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттарын айқындау туралы
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27, 37-баптары, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағы 3) тармақшасына сәйкес Атырау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- Осы қаулының қосымшасына сәйкес облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары айқындалсын.
- Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
- Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі С. Шәпкенов
Атырау облысы әкімдігінің
2024 жылғы _____________
№______ қаулысына қосымша
Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары
1. Жалпы ережелер
- Осы облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттары «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 5-тармағы 3) тармақшасының негізінде әзірленді және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
2. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу шарттары
- Ынталандыру үстемеақысы персоналды ынталандыру мақсатында белгіленетін төлем болып табылады.
- Бюджеттік ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақысына ынталандыру үстемеақысы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қарастырылған материалдық көмектің және ынталандыру төлемінің бұрыннан бар түрлеріне қосымша төлем болып табылады.
- Жұмыскерлердің лауазымдық айлықақысына ынталандыру үстемеақысын төлеу жұмыскерлердің еңбегін ынталандырудың төлем жасалған түрлерін (сыйлықақы, қосымша ақы, лауазымдарды қоса атқарғаны үшін, қамту аймағын кеңейткені үшін үстемеақы, үстеме жұмыс үшін ақы және басқалар) тоқтатуға негіз болып табылмайды.
- Жұмыскерлердің лауазымдық айлықақысына ынталандыру үстемеақысын төлеу күнтізбелік жыл ішінде ай сайын жүзеге асырылады.
- Ынталандыру үстемеақысы еңбекақының негізгі көрсеткіштерін, бюджет мүмкіндіктерін талдауға негізделе отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда жыл сайынғы негізде қайта қаралуы мүмкін.
- Ынталандыру үстемеақысы:
- жұмыскер сынақ мерзімінде болған кезеңде;
- алынбаған тәртіптік жаза болған кезде;
- ұйымда бір айдан аз жұмыс істегендерге;
- лауазымның тиісті санатының функцияларын уақытша атқарған жағдайда;
- жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде;
- жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңінде;
- оқу демалысы кезеңінде;
- жүктілікке және бала (балалар) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс кезеңінде;
- бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңінде төленбейді.
- Атырау облысының облыстық бюджеті бюджеттік ұйым жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақысына ынталандыру үстемеақысы төлемін қаржыландыру көзі болып табылады.
- Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылары Атырау облыстық мәслихатының шешімі бойынша белгіленеді.
3. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу тәртібі
- Бюджеттік бағдарлама әкімшісі ынталандыру үстемеақысының белгіленген мөлшері негізінде қосымша бюджет қаражатына қажеттілікті қалыптастырады және бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға бюджеттік өтінімді жолдайды.
- Бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес ынталандыру үстемеақысы бойынша қосымша қажеттілікті облыстық бюджет комиссиясына қарауға шығарады.
- Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің лауазымдық айлықақысына қосылатын ынталандыру үстемеақысына бюджет қаражаты бөлінген кезде ұйым басшысы құрылымдық бөлімшелер басшыларының жазбаша ұсынымы (бұдан әрі – Ұсыным) негізінде жұмыскерлерге ынталандыру үстемеақысын төлеу туралы бұйрық шығарады.
Ұйымның басшысы Ұсынымды қарау нәтижесінде ол тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келіседі не лауазымдық жалақыға ынталандыру үстемеақысын белгілеуден бас тарту себептерін негіздей отырып, тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде бас тартады. Жұмыскер шешім шығарылғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде бас тарту туралы хабардар етіледі.
- 7-тармақта көрсетілген шарттар жұмыскерлерге ынталандыру үстемеақысын төлеуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
- Ұсынымда жұмыскердің тегі мен лауазымы, ынталандыру үстемеақысының негізі мен мөлшері және тәртіптік жазаның жоқ екені туралы мәліметтер көрсетіледі.