ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

21-маусымда Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, “Жәрдем-Атырау” корпоративтік қорының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен “дөңгелек үстел” өткізілді.

Мақсаты – діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу, конфессияаралық диалогты, ынтымақтастықты нығайту, өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығын сақтауға ықпал ету.

Жиынға Атырау қаласындағы ҚМДБ өкілдерінен мешіттердің бас имамдары және Атырау қаласында тіркелген өзге діни бірлестіктердің өкілдері, оның ішінде Атыраулық кришнатану қоғамының өкілі Казиева Әлия және Атырау қаласы “Жаңа өмір” Евангельдік Сенім Мәсіхшілерінің Сенушілер Қауымы” жергілікті діни бірлестігінің өкілі Айгуль Сейтова қатысты.

Атырау облысы Дін істері басқармасының  басшысы Қаһарман Мусаев қатысып, баяндама жасады. Қатысушы діни бірлестік басшыларына және қызметкерлеріне діни рәсімдерді өткізу кезіндегі қауіпсіздік турасында қаперге алынар жайттарды, конфессияаралық келісімнің маңызын кеңірек айта отырып, ескертпелер мен бірқатар мәселелерге тоқталды.

Одан әрі “Ақпараттық-талдау орталығы” КММ-ның басшысы Сейтқалиев Рүстем Атырау облысындағы діни бірлестіктерге жүргізілетін зерделеу жұмыстарының барысына тоқталып, ұсыныстарын білдірді. Оның ішінде, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жаңадан ашылған “Дінтану” кафедрасында діни бірлестіктер туралы дәріс жүргізу және діни бірлестік өкілдеріне берілген медиа-жоспар бойынша мақалаларды уақытында әрі мазмұнды ұсыну және халыққа діни бірлестіктер турасында дұрыс ақпараттарды кеңінен тарату үшін арнайы аудиториясы ауқымды сайттарға, әлеуметтік желі парақшаларына жариялау.

Сондай-ақ, басқарма қолдауымен,”Иманғали”мешітінің жанынан ашылған “Азан” радиосының шығарылымдарына, бағдарламаларға қатыса отырып, басқа дін өкілдері арасындағы конфессияаралық бірлікті көрсету, облыстағы дінаралық байланысты таныта отырып, Қазақ жеріндегі әр азамат тіркелген діндерді қабылдауына еш кедергі жоқтығын ел арасында насихаттау, жат діни ағымдармен бірге күресуді алға тартты.

Сонымен қатар, “дөңгелек үстел” барысында Атырау облысы Дін істері басқармасының бас маманы Ерғалиев Ерлан ҚР-ның Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңын түсіндіріп, діни толеранттылық, азаматтардың діни көзқарасының еркіндігі жайында жеткізді. Ал, “Ақпараттық-талдау орталығы” КММ-ның басшысының орынбасары Кульчиков Рүстем “Атырау облысындағы діни ахуалға сыртқы факторлардың әсері” тақырыбында баяндамасын ұсына отырып, қоғамдағы дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдар жайлы мәлімет беріп, діннің әлеуметтік аспектілеріне, әлемдік орынына тоқталды.

Нәтижесінде діни бірлестіктер жұмысын жандандырып, ғибадат үйлеріне келушілерге ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді күшейту, қала тұрғындарына діни бірлестіктердің ынтымақтастығын көрсету алға қойылды.

Дата публикации
23 сентября 2024