ДІНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖИЫН ӨТТІ

ДІНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖИЫН ӨТТІ

26-наурызда Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған, өңірде ресми тіркелген діни бірлестік өкілдерінің, жетекшілерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өткізілді.

Жиынға Атырау қаласындағы ҚМДБ өкілдерінен «Құспан Молла», «Анашым», «Иман», «Бақтыгерей Молла», «Қайтпай Сұлтан», «Медет»мешітінің бас имамдары және Атврау қаласы Успен соборының, «Святость» шіркеуінің, Рим католиктік шіркеуінің әкімшілігінен, “Салем Атырау” протестанттық бағыттағы діни бірлестігінің өкілдері қатысты.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Қаһарман Мусаев қатысып, баяндама жасап, бірқатар мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқандарын, негізге алып, қатысушы діни бірлестік басшыларына және қызметкерлеріне зайырлылық қағидалары мен заң нормаларын сақтау, діни рәсімдерді өткізу кезіндегі қауіпсіздік турасында қаперге алынар жайттарды кеңірек айтты.

Сондай-ақ басқарма басшысы Қаһарман Рахметұлы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың 11-қаңтарда бекіткен 2024-2025 жылдарға арналған Съезді дамыту тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды.

Басқарма басшысы Қаһарман Рахметұлы: «Дін әрқашан адамзат өмірінде маңызды рөл атқарушы құбылыс. Егер біз діндер арасындағы диалогты айтатын болсақ, онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезінің мәні әлдеқайда кең екенін байқаймыз. Себебі, нақ осы діндермен байланысты өркениеттердің, мәдениеттердің, халықтардың диалогы маңызды.

Осы орайда, 2022 жылы 14-15 қыркүйек күндері ел ордамызда Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің кезекті VII съезі өтті. Елімізде әр үш жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отырған халықаралық жиынның осы жолғы тақырыбы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөліне арналды. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды», - деп қорытты.

Әрі қарай діни бірлестік өкілдері мен басшылары өз пікірлерін ортаға салып, салмақты диалогқа ұласты.

Соңында діни жоралғылар кезіндегі, діни ғибадат орындарындағы орын алған жағдайларды, өңірдегі діни ахуал турасында талқылап, қорытындылады.

 

Дата публикации
23 сентября 2024