GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Басқарма туралы
Құжаттар
Қызметі
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
06 октября 2026
Облыс әкімі педагогтерді Ұстаздар күнімен құттықтады

Атырауда Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – білімнің шамшырағы» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға қатысқан білім саласының ардагерлері, педагогтер, жас ұстаздарды облыс әкімі Болат Ақшолақов құттықтап, олардың жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие берудегі еңбегіне алғыс білдірді.

–Ұстаздық – жай ғана қызмет емес, бұл – ұлы миссия. Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал сол жас буын сіздер берген білім мен тәрбиенің арқасында қалыптасады. Әрине, бұл бағытта мектеп, ата-ана және қоғам болып бірлесіп жұмыс істегенде ғана жақсы нәтижеге жете алатынымызды есте ұстауымыз керек. Соңғы жылдары білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға арналған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі заман талабына сай жаңа «Келешек мектептер» салынып, ескі мектептер жөнделу үстінде. Мұның бәрі – оқушыларға сапалы білім беруге жағдай жасау мақсатындағы шаралар. Президент Жолдауында мұғалімдерге жаңа талаптарға сай біліктілік арттыру, жаңа оқыту әдістемелерін меңгеру сияқты маңызды тапсырмалар берілді.
Бұл – қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған қадам және ол ұрпақ болашағына тікелей әсер етеді деп ойлаймын. Мереке құтты болсын! Ұстаз — шәкіртімен биік. Талапты, білімді, ойлы оқушылар көп болып, еліміз гүлдене берсін! – деді облыс әкімі.


Салтанатты жиында Президент Жарлығымен бірқатар педагог білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды

«Құрмет» орденімен:

* Мұқаш Қоса Құбашұлы;
* Серікбаева Мустахима Құспанқызы;
* Исенғұлова Рулана Атласқызы.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен:
* Жиенқұлова Жанар Амандыққызы;
* Шварц Елена Александровна;
* Ғалиева Алмагүл Құлжанқызы;
* Омашева Майра Латипқызы.

«Еңбек ардагері» медалімен:

* Молдашева Сания Арыстанбекқызы;
* Тұхфатова Мерует;
* Добыхова Нұрзила;
* Стамғали Дина;
* Тулешова Ания Ақанқызы.

«Ыбырай Алтынсарин» медалімен:

* Жұпарғалиев Сабыржан Төлегенұлы;
* Қамалиденов Талғат Әнесұлы;
* Асанова Майра Әділханқызы;
* Қыстаубаева Назгүл Тұрғанбайқызы;
* Таңатарова Рита Хамитқызы.

«Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен:

* Мазенова Рысгүл Дудашқызы;
* Капуова Сандуғаш Ғарипуллақызы;
* Мұқанова Айгүл Тайбайқызы;
* Губайдуллина Гүлмира Ғилажқызы.

Атырау облысы әкімінің Алғыс хатымен:

* Нұралиева Гүлмира Табиғатқызы;
* Рабаева Қарлығаш Төлеуғалиқызы;
* Умешова Бибігүл Хажиқызы;
* Тұндыбаева Амангүл Абдисақиқызы;
* Идркенова Талшын Ғабитқызы;
* Жаналисов Қоныс Мағзомұлы;
* Масалова Гүлбану Кадылбекқызы;
* Башанова Замира Нұрышақызы;
* Наурызалиева Бибігүл Қариполлақызы;
* Кубиева Гүлжанар Мендігерейқызы;
* Қалуова Сәнім Уапқызы
Барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! Еңбектеріңіз еленіп, шәкірттеріңіз биіктерден көріне берсін! 

30 сентября 2026
АТЫРАУЛЫҚ ӘКЕЛЕР ПАТРУЛЬГЕ ШЫҚТЫ

Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған "Әкелер патрулі" Білім беру басқармасының «Ұрпағыңмен мың жаса» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Басты мақсат – балалардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ата-аналар қауымдастығының белсенді қатысуын арттыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және ата-аналардың бала қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін күшейту.

Патрульдік шараға Атырау қаласының 5 шағын ауданынан 38 әке және Атырау қалалық Полиция басқармасының 12 қызметкері қатысты. Олар қоғамдық орындар, балалар мен жасөспірімдер көп шоғырланатын нысандарды аралады.

Әкелер кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы және балалардың мезгілсіз уақыттан ойын-сауық орындарында жүруін бақылауға алды.

Сонымен қатар ата-аналармен және нысан әкімшіліктерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіді. Оларға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатысты талаптар түсіндіріліп, ата-аналардың бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілігі туралы айтылды.

Іс-шара қорытындысы бойынша түнгі уақытта заңды өкілсіз жүрген 9 жасөспірімнің ата-анасына және 2 нысан әкімшісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

30 сентября 2026
«Дропперлік»: жастарды құқыққа қарсы әрекеттерден қорғау



Атырау облысы Білім беру басқармасы мен  Полиция департаментінің ұйымдастыруымен оқушылар мен студенттер арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, заңсыз қаржылық операцияларға тартылудың алдын алу және жаңа қылмыстық жауапкершілік нормаларын түсіндіру мақсатында облыстық семинар өтті.
 «Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік және жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге тартудың алдын алу» тақырыбында ұйымдастырылған семинарға 300 оқушы қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға банк шоттарын, төлем және сәйкестендіру құралдарын заңсыз пайдалануға беру немесе сатып алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарға байланысты қылмыстық заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді.

Мамандар жастарға өз банк картасын, шотын немесе жеке деректерін бөтен адамдарға берудің құқықтық салдары туралы айтып, интернеттегі қаржылық алаяқтық пен құқыққа қарсы әрекеттерге тартылудың алдын алу жолдарына тоқталды.

Жастардың заң талаптарын білуі – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетігі. Сондықтан мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

30 сентября 2026
АТЫРАУДА ОБЛЫСТЫҚ ӘКЕЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің акт залында Атырау облысы білім беру басқармасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі тәрбие мен жауапкершілік» тақырыбында облыстық Әкелер форумы өтті.

Форумға білім беру саласының өкілдері, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, әкелер кеңестерінің төрағалары, белсенді әкелер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Іс-шараның ашылуында Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, белгілі журналист әрі публицист Исатай Балмағамбетов сөз сөйлеп, әке тәрбиесінің маңызы, отбасы құндылықтары және ұрпақтар сабақтастығы жөнінде ойларын ортаға салды.

Форумның алғашқы бөлімінде IT-ағартушы, жасанды интеллект зерттеушісі, AI және IT саласының сарапшысы Тимур Бектұрдың қатысуымен «Жасанды интеллект және цифрлық дәуірдегі отбасы тәрбиесі» тақырыбында панельдік сессия өтті.

Сессия барысында заманауи әке бейнесі, цифрлық орта жағдайындағы бала тәрбиесі, жасанды интеллекттің отбасы өміріне ықпалы және жастардың тұлғалық дамуы мәселелері талқыланды. Сондай-ақ спикерлер ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас, отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

Форумның негізгі өзегі – цифрлық дәуірде әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі қандай болуы керек? деген маңызды сауалға жауап іздеу болды.

Бүгінде жасанды интеллект, гаджеттер мен цифрлық технологиялар балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты ата-аналардың, соның ішінде әкелердің балаға бағыт-бағдар беруі, оның цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі және тұлғалық дамуына қолдау көрсетуі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Осы тақырыптар форумның күн тәртібінде кеңінен талқыланды. Қатысушылар балалардың цифрлық қауіпсіздігі, отбасы құндылықтары, ұлттық тәрбие және әке мен бала арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Форумның екінші бөлігі Абай орталығында өткен форсайт-сессиямен жалғасты.

Форсайт-сессия барысында қатысушылар бүгінгі мәселелерді талқылаумен қатар, алдағы кезеңдегі мүмкіндіктер мен ықтимал сын-қатерлерді саралап, отбасы тәрбиесінің болашағына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Атап айтқанда, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде әке мен отбасы рөлінің өзгеруі, бала тәрбиесінде басымдық берілуі тиіс құндылықтар және балаларды болашаққа дайындау үшін бүгіннен бастап жасалуы қажет қадамдар талқыланды.

Топтық жұмыстар барысында әкелер өз тәжірибелерімен бөлісіп, отбасы тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді саралады. Пікір алмасу нәтижесінде болашаққа бағытталған бірқатар идеялар мен нақты ұсыныстар қалыптасты.

Облыстық Әкелер форумы – әкелер қауымдастығының өзара тәжірибе алмасуына, отбасы тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылауына және цифрлық дәуір жағдайында жауапты ата-ана моделін қалыптастыруға бағытталған пікірталас алаңы болды.

11 сентября 2026
«Қауіпсіз балалық: құқық, қолдау, сенім» атты облыстық балалар слеті өтті

Атырау облысының білім беру ұйымдарындағы ұл балалар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру, жауапкершілік пен өзара құрмет құндылықтарын нығайту мақсатында «Қауіпсіз балалық: құқық, қолдау, сенім» атты облыстық балалар слеті өтті.

Атырау облысы Білім беру басқармасының Психологиялық қолдау орталығы ұйымдастырған
Облыстық слетке Атырау қаласындағы 71 мектептен және Бином мектептерінен, сонымен қатар 7 ауданнан 10 оқушыдан, барлығы 250 ұл бала қатысты.

Слет барысында жасөспірімдер үшін маңызды әрі өзекті мәселелер қамтылып, қауіпсіз орта, құқықтық сауаттылық, интернеттегі қауіпсіздік, жеке қабілетті дамыту, эмоциялық жағдайды басқару және қиын жағдайда көмек көрсету жолдары туралы ақпарат берілді

 Сонымен қатар, «Трансцендентті арман. Еркіндік. Жауапкершілік», «Қабілетіңді табу және оны таныту», «Киберқауіпсіздік және интернеттегі қауіпсіздік», «LEVEL UP: Өз өміріңді басқар», «Эмоцияны басқару және психологиялық қауіпсіздік» тақырыптары кеңінен қамтылды.
слет кезінде  қатысушыларға танымдық сайыс, жастар флешмобы және кері байланыс алаңы ұйымдастырылды. 

09 сентября 2026
Жаңартылған оқу процесі: оқушылар үшін міндетті курстар мен оқу пәндері енгізілді

2026–2027 оқу жылында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты берген тапсырмаларын орындау аясында білім беру мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізді. Бұдан былай жаңартылған білім беру мазмұны шеңберінде оқушылардың заманауи білім мен қажетті дағдыларды меңгеруіне жол ашатын міндетті курстар мен пәндер оқытылады.

Атырау облысы Білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиеваның айтуынша, жаңа оқу жылында оқу бағдарламалары цифрлық және функционалдық сауаттылықты, жасанды интеллектті пайдалану дағдыларын, құқықтық білім мен практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған.

«Оқу мазмұнын жаңартуда оқушылардың цифрлық және функционалдық сауаттылығын арттыруға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және құқықтық білімін жетілдіруге ерекше мән беріліп отыр. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру және заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу бағыттары да күшейтілді», – деді Айнагүл Жұмағазиева.

Жаңа оқу жылынан бастап 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері» курсы оқытылады. Курс мемлекеттік құрылым, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және конституциялық міндеттері туралы негізгі түсініктерді қалыптастыруға бағытталған.

8–9 және 10–11 сыныптарда «Заң мен Тәртіп» курсы енгізілді. Оның мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру және заң талаптарын сақтау дағдыларын дамыту.

Ал, 5–11 сынып оқушыларына «Жеке қауіпсіздік» курсы жүргізіледі. Сабақ барысында қоғамдық және цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлық, қауіпті жағдайларды анықтау және қажет болған жағдайда көмекке жүгіну дағдылары қалыптастырылады.

Сонымен қатар, барлық оқу пәндерінің мазмұнына жасанды интеллект элементтері, Конституция қағидаттары, «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» құндылықтары кіріктірілді.

Осы өзгерістер жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын білім беру үдерісіне енгізуге, оқушылардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ заманауи дағдыларын дамытуға бағытталған.

09 сентября 2026
Бастауыш сынып оқушыларын бағалаудың жаңа тәсілі енгізілді

2026–2027 оқу жылынан бастап 2–4 сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілі енгізілді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталып, оның орнына аралық бағалау жүйесі қолданылады. Ал, 1-сынып оқушыларын бағаламау тәртібі өзгеріссіз қалады.

Атырау облысы Білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиеваның айтуынша, жаңа тәсіл оқушының тоқсан ішіндегі оқу нәтижелерін жүйелі түрде бағалауға мүмкіндік береді.

«Бағалау кезінде оқушының тек қорытынды нәтижесі емес, оқу барысындағы жетістіктері ескеріледі. Бұл мұғалімге баланың біліміндегі олқылықтарды дер кезінде анықтап, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деді Айнагүл Жұмағазиева.

Жаңа бағалау жүйесі бастауыш сынып оқушыларының оқу нәтижесін объективті бағалап, мұғалімге білім алушының ілгерілеуін бақылауға мүмкіндік беруге бағытталған. 

09 сентября 2026
Атырау облысында 65 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады

Жаңа оқу жылынан бастап Атырау облысындағы білім беру ұйымдарында 65 604 оқушыға бір реттік тегін ыстық тамақ беріліп жатыр. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тамақтану құны да артып, жаңа ас мәзірі бекітілді.

Тегін тамақпен облыстағы барлық мектептердегі бастауыш сыныптың 57 302 оқушысы және 5–11 сыныптардағы әлеуметтік осал топтарға жататын 8 302 оқушы қамтылады.
Атырау облысы Білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаровтың айтуынша, биыл оқушылардың тамақтану сапасына қойылатын талаптарға ерекше назар аударылып отыр.

«Жаңа оқу жылына арналған ас мәзірі 1 қыркүйектен бастап бекітілді. Балалардың жас ерекшелігі мен физиологиялық қажеттіліктері ескеріліп, бір балаға шаққандағы тамақтану құны да ұлғайтылды. Негізгі мақсатымыз – оқушыларды сапалы, құнарлы әрі қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету.
Биыл балалардың тамақтануына бөлінетін қаражат көлемі жас ерекшеліктеріне қарай артты. Мәселен, 7–10 жас аралығындағы балалар үшін бір реттік тамақтану құны 720 теңгеден 799,39 теңгеге дейін, ал 11–15 жас аралығындағы балалар үшін тамақтану құны 811 теңгеден 920 теңгеге, 16–18 жастағы оқушылар үшін 863 теңгеден 983,85 теңгеге дейін көбейді.», – деді Қадыржан Сапаров.
Тамақтану құнының көтерілуі ас мәзірін жақсартуға, тағамдардың түр-түрін арттыруға және балалардың күнделікті тамақтану рационының құнарлылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда облыстағы 197 мемлекеттік білім беру ұйымында білім алушыларды бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі конкурстық негізде ұйымдастырылған. Бұл бағытта 32 жеке кәсіпкер қызмет көрсетіп отыр.

Сонымен қатар, 27 білім беру ұйымында тегін ыстық тамақтандыру азық-түлік өнімдерін сатып алу арқылы ұйымдастырылған. Бұл білім беру ұйымдарына асханаларда тағам дайындау процесін өздері ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын тиімді пайдалану және тамақтандыру қызметін жетілдіру мақсатында облыстағы 65 мектеп асханасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі де іске асырылуда.

Білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру жүйесін ұйымдастырудың барлық тетіктері оқушылардың қауіпсіздігін, сапалы тамақтануын және санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

04 сентября 2026
Кітап – болашақтың негізі: Атырау облысында оқушылар арасында кітап оқу байқауы жалғасады

Балаға білім берудің ең тиімді жолдарының бірі – оны кітаппен дос ету.

Кітап оқыған бала тек шығарма мазмұнын меңгеріп қоймайды. Ол ойлануды, салыстыруды, талдауды, өз пікірін қалыптастыруды үйренеді. Сондықтан оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – білім саласының маңызды бағыттарының бірі.

Осы мақсатта Атырау облысы Білім беру басқармасы 2026–2027 оқу жылында оқушылар арасында кітап оқу сайысын жалғастырады.

«Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен өтетін байқауға облыс мектептерінің 7–8 және 9–10 сынып оқушылары қатысады. Жаңа оқу жылында кітап оқу сайысын төрт рет өткізу жоспарланып отыр.

Бұл жай ғана байқау емес. Бұл – баланың кітапқа қызығушылығын оятуға, мектеп қабырғасында оқырман ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жоба.

Кітап оқу мәдениеті бір ғана байқаумен қалыптаспайды. Ол мектептегі күнделікті ортадан, ұстаздың үлгісінен, ата-ананың қолдауынан, баланың айналасындағы адамдардың кітапқа деген құрметінен басталады.

Сондықтан мектептерде кітап клубтарының жұмысын жандандырып, оқушылардың оқыған шығармасын талқылауына, пікір алмасуына мүмкіндік беру маңызды.

04 сентября 2026
Атырау облысында үш жаңа «Келешек мектебі» алғашқы оқушыларын қабылдады

Білім күні Атырау облысында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған үш жаңа білім ошағы пайдалануға берілді. Оның екеуі Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында, тағы бірі Жылыой ауданының Құлсары қаласында бой көтерген.

Құрманғазы және Ақкөл ауылдарындағы мектептер 600 оқушыға арналған. Ал, Құлсары қаласындағы жаңа білім ордасы бір ауысымда 1200 оқушыны қабылдай алады.

Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарындағы мектептердің құрылысы 2023 жылы басталған. Бұған дейін аталған елді мекендердегі білім беру нысандарында оқушы саны жобалық қуатынан асып кеткен еді. Жаңа білім ордаларының  іске қосылуы мектептегі орын тапшылығын азайтып қана қоймай, ауыл балаларына заманауи талаптарға сай білім алуға кең мүмкіндік беріп отыр.

Жаңа білім ошақтарында заманауи оқу кабинеттері, STEM-зертханалар, робототехника және IT кабинеттері, шығармашылық шеберханалар, спорт залдары мен басқа да қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы орта қалыптастырылып, оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілген.

Құлсары қаласындағы мектеп те заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқушылардың ғылымға, технологияға және шығармашылыққа қызығушылығын арттыруға бағытталған кеңістіктермен қатар, сапалы білім алуға қажетті жағдай жасалған.

Өңірде тоғыз «Келешек мектебі» жұмыс істейді

Атырау облысында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында барлығы тоғыз мектеп салу жоспарланған. Бүгінде олардың барлығы пайдалануға берілді. Алты мектеп Атырау қаласында, ал үш білім ошағы Құрманғазы және Жылыой аудандарында орналасқан.

Атырау қаласында бұған дейін пайдалануға берілген алты «Келешек мектебі» бүгінде оқушыларға білім беріп, толыққанды жұмыс істеп келеді. Жаңа форматтағы мектептер заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіліп, балалардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына жол ашып отыр. 

Ал биыл ашылған үш мектептің екеуінің ауылдық жерде орналасуының маңызы ерекше. Бұл – ауыл балаларының тұрғылықты жеріне қарамастан заманауи білім беру ортасына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды қадам.

«Келешек мектебі» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушы орындарының тапшылығын азайту, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және балаларға қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.

 

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы