Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы №2 «Білім-инновация» лицейінің ғимараты су тасқыны салдарынан апатты деп танылған еді. Биыл аталған білім ордасы Атырау қаласы Талғайраң елді-мекеніндегі жаңа ғимаратқа көшті. Жаңа оқу ордасы 600 орынға есептелген, қазір мұнда 270 оқушы білім алады.
Мектеп қабырғасында бұрыннан білім алатын 140 оқушы болса, биыл жаңадан 130 шәкірт қабылданды. Оларға 30 жоғары білікті ұстаз сабақ береді.
Жаңа мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай заманауи үлгіде жабдықталған.
- Ғимарат ішінде кең сынып кабинеттері, спорт залы, асхана, зертханалық бөлмелер бар. Сонымен қатар, 270 орындық жатақхана жұмыс істеп тұр, алдағы уақытта қосымша 300 орындық жаңа жатақхана салу жоспарланған.
Оқу орны қазақ тілінде білім береді. Ал жаратылыстану бағыты бойынша химия, биология, информатика, математика және физика пәндері ағылшын тілінде оқытылады.