Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында бүгінде қоғамдағы басты өзекті мәселелердің бірі – жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселесі тақырыбы кеңінен талқыланды.
Күн тәртібінде қаралған мәселені талқылауға облыстық прокуратурасы ұсынды. Отырысқа Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин бейнебайланыс арқылы, Атырау облысы прокурорының орынбасары Жұмақанов Бауыржан Альбертұлы, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық, қалалық, аудандық комиссиялардың мүшелері, қалалық прокуратура, сот, нотариалдық палата, юстиция, БАҚ, қорғаншылық, қамқоршылық органдарының өкілдері қатысты.
Талқылау алаңында жетім балалардың құқықтарын қорғау саласындағы бала асырап алу процесіндегі кемшіліктер, сондай-ақ, қазіргі тәжірибе, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар қарастырылды. Қатысушылар қызмет тәжірибесіндегі мысалдармен бөлісіп, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіліне кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот жүйесіне жаңа реформалар бойынша ұсыныстарын айтты.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке қою шараларын аса бақылауда ұстау, бала асырап алу процесіндегі ашықтықты қамтамасыз ету - басты назарда.