Орталық Азия мемлекеттері үшін Интерполдың "Гейгер" жұмыс тобының кездесуі

Орталық Азия мемлекеттері үшін Интерполдың "Гейгер" жұмыс тобының кездесуі

Қырғызстанның астанасы Бішкекте 2025 жылғы 11-13 қараша аралығында Орталық Азия елдері үшін Интерполдың "Гейгер" жобасы бойынша радиологиялық және ядролық оқиғалардың алдын алу және оларға ден қою мәселелеріне арналған жұмыс тобының кездесуі өтті.

Интерполдың "Гейгер" жобасы ядролық және радиоактивті материалдармен байланысты қылмыстарға қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ елдердің жаңа қауіп-қатерлерге дайындығын арттыруға бағытталған.

Қазақстанды атом энергиясын пайдалану, қауіпсіздік және стратегиялық маңызды объектілерді қорғау саласындағы мамандар ұсынды.

Қатысушылар Орталық Азия өңірінің аумағында медицинада, өнеркәсіпте және басқа да қызмет салаларында қолданылатын радиоактивті көздер мен ядролық материалдардың едәуір саны шоғырланғанын атап өтті. Сондықтан жедел ден қою және мемлекеттік құрылымдар арасындағы үйлестіру мәселелері шешуші болып қала береді.

Интерполдың "Гейгер" жобасының жұмыс тобының отырысы барысында Орталық Азия өңірінің елдері заңнаманы және төтенше жағдайларда үйлестіру ерекшеліктерін қоса алғанда, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерінің негізгі элементтерін көрсететін қысқаша презентациялар ұсынды.

Кездесуде:

- радиологиялық және ядролық инциденттердің алдын алу тетіктері;

- радиоактивті материалдардың заңсыз айналымына байланысты тәуекелдер;

- радиологиялық оқиғаларға әрекет етудің ұлттық жүйелерінің архитектурасы;

- өңір мемлекеттерінің нормативтік-құқықтық базасы;

- ведомствоаралық стандарттар және оқиғалар кезіндегі өзара іс-қимыл рәсімдері талқыланды.

Бұл кездесу өңірлік өзара іс-қимылды дамытудағы және Орталық Азиядағы жалпы қауіпсіздік жүйесін нығайтудағы маңызды қадам болды, өңірдің радиоактивті материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және заңсыз айналымының жолын кесуге қатысатын құзыретті ведомстволарының өкілдерін біріктірді.