Ядролық медицинаны дамыту және атомдық технологияларды қауіпсіз пайдалану

Ядролық медицинаны дамыту және атомдық технологияларды қауіпсіз пайдалану

Қазақстан Республикасының Атомдық энергия жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Д.Ж. Әлиақпаров бастаған делегация Ядролық физика институтының Астана қаласындағы  филиалында болып қайтты.

Сапардың негізгі мақсаты – атом энергиясын ғылыми және медициналық мақсаттарда пайдаланатын ұйымдардың қызметімен танысу, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптарының сақталуын бағалау болды.

Кездесулер барысында ұйым өкілдері қолданылып жүрген технологиялар, арнайы жабдықтарды пайдалану тәртібі, радиациялық бақылауды ұйымдастыру және персонал мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы ақпарат ұсынды.

Комитет делегациясы келесі бағыттар бойынша практикалық аспектілермен танысты:

  • иондаушы сәуле көздерін пайдалану кезінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
  • радиациялық мониторинг жүйелерінің жұмыс істеуі;
  • ұйымдардың кадрлық және техникалық әлеуеті;
  • ядролық медицина мен ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту перспективалары.

Комитет төрағасы Д.Ж. Әлиақпаров атомдық технологияларды пайдалану арқылы ғылыми-техникалық және медициналық базаны дамыту елдің стратегиялық маңызды бағыты екенін атап өтіп, атом энергиясын қауіпсіз және тиімді пайдалану мақсатында мемлекеттік реттеуді одан әрі нығайтудың қажеттілігін ерекше айтты.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде тәжірибе алмасу, сараптамалық өзара іс-қимыл және қауіпсіздік мәдениетін дамыту мен мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізуге дайын екенін білдірді.

Атомдық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасында атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.