
2025 жылғы 23 қазан мен 5 қараша аралығында Қазақстан Республикасының Атомдық энергия жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау мен бақылау комитеті төраға Д.Ж. Әлиақпаровтың басшылығымен радиациялық технологияларды медицина саласында қолданатын бірқатар алдыңғы қатарлы ұйымдарға танысу сапарларын жүзеге асырды.
Сапар аясында Комитет делегациясы «Республикалық диагностикалық орталығы» АҚ мен «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы» ЖШС-де болып, олардың қызметімен жан-жақты танысты. Делегация мүшелері зертханалық кешендер мен өндірістік нысандарды аралап, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шараларды көрді.
Кездесу барысында медициналық мекемелердің басшылығы ағымдағы жұмыс және қауіпсіз пайдалану шарттарын сақтау бойынша жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы ақпарат берді. Тараптар атом саласын дамытудағы басым бағыттарды, соның ішінде мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру және денсаулық сақтау саласында радиациялық технологияларды кеңінен қолдану мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту, МАГАТЭ-мен өзара іс-қимылды арттыру және ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы озық халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесулер қорытындысы бойынша ғылым, медицина және өнеркәсіп арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың елдің технологиялық егемендігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы атап өтілді. Комитет өкілдері радиациялық мәдениетті арттыру, нормативтік талаптарды қатаң сақтау және қауіпсіздік жүйелерін үздіксіз жетілдірудің маңыздылығына назар аударды.