2026 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің делегациясы Швейцария Конфедерациясының Берн қаласында бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Делегация құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің өкілдері де кірді.
Сапар аясында Швейцария Федералдық энергетика басқармасының директоры Бенуа Ревамен (Benoît Revaz) кездесу өтті. Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ атом энергетикасын мемлекеттік реттеу және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды талқылады.
Халықаралық стандарттар мен Швейцарияның озық тәжірибесін ескере отырып, ядролық және радиациялық реттеудің ұлттық жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелеріне маманданған швейцариялық NAGRA компаниясының өкілдерімен жеке кездесу өтті. Тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен NAGRA арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Бұдан әрі ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен NAGRA арасында бұрын қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум негіз болды. Осы меморандум аясында радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ынтымақтастықтың жол картасы әзірленді.
Қазақстан тарапы радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи ұлттық жүйесін қалыптастыру басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, күшіне енді. Заң радиоактивті қалдықтардың түзілуінен бастап оларды жинау, қайта өңдеу, сақтау, тасымалдау және көмуге дейінгі кезеңдерді құқықтық реттеудің негізін қалыптастырады.
Осыған байланысты ұлттық жобаларды іске асыру барысында Швейцарияның тәжірибесін зерделеу және халықаралық озық практикаларды қолдану ерекше маңызға ие.
Өткізілген кездесулер Қазақстан мен Швейцарияның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық қауіпсіздік және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу салаларындағы салалық диалог пен тәжірибе алмасуды одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Анықтама үшін:
Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Курчатов қаласында орналасқан. Орталық ядролық энергетика және қауіпсіздік салаларында ғылыми-зерттеу әлеуетіне ие. Орталық ИВГ.1М және ИГР зерттеу реакторларын пайдаланады, сондай-ақ реакторлар қауіпсіздігі мен материалтану бағыттарында зерттеулер жүргізеді.
Швейцариялық NAGRA компаниясы радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу, оның ішінде оларды түпкілікті көму бойынша шешімдер әзірлеуге маманданған. NAGRA-мен ынтымақтастық радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің заманауи ұлттық жүйесін қалыптастыру тұрғысынан Қазақстан үшін практикалық маңызға ие.
2026 жылғы 20 қазанда Агенттіктің кұрылымдық бөлімшелерінің, Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің және Оңтүстік өңіраралық инспекцияның мемлекеттік қызметшілері үшін "Мүдделер қақтығысын реттеу: қауіпсіздік және әдеп стандарттары" тақырыбында семинар өткізілді.
Аталған кездесуде Агенттіктің Әдеп жөніндегі уәкілі Н. Н. Джалпақов семинарды ашып, семинар спикеріне Агенттік төрағасының штаттан тыс кеңесшісіне, "КАЭС" ЖШС-тің комплаенс қызметінің басшысы Д.Е. Ақшаловқа сөз берді.
Спикер өз сөзінде тыңдаушыларға презентация ұсына отырып, мүдделер қақтығысын реттеу, қауіпсіздік және әдеп стандарттары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар, мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызмет, жақын туыстарының, жұбайларының немесе жекжаттарының бірлескен қызметіне (жұмысына) жол бермеу мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Семинарға 17 мемлекеттік қызметші қатысты, қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға жаңа түзетулерді талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша осы тақырыпты талқылау ұйымдастырылды, Дәурен Есалыұлы семинарға қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауап берді. Тыңдаушылар мұндай кездесулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама талаптарының хабардар болуына оң әсер ететінін атап өтті.
2026 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің делегациясы Женева қаласындағы Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымына (ЦЕРН) барды.
Қазақстан делегациясының құрамына Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының және Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Женевадағы Тұрақты өкілдігінің өкілдері кірді.
Делегацияны ЦЕРН-нің Бас директоры Марк Томсон қарсы алды. ЦЕРН-нің зерттеулер және есептеу жүйелері жөніндегі директоры Готье Амель де Моншено қазақстандық тарапқа ұйымның қазіргі ғылыми бағдарламасын, соның ішінде Үлкен адрондық коллайдерде жүргізіліп жатқан зерттеулерді таныстырды.
Кездесу барысында тараптар мынадай мәселелерді талқылады:
Сапардың негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің «Ядролық физика институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен ЦЕРН арасында газ детекторларын зерттеу және әзірлеу жөніндегі DRD1 (Detector Research and Development 1) бірлестігіне қатысу туралы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылуы.
Анықтама: DRD1 – 2023 жылы ЦЕРН аясында құрылған, бөлшектерді тіркеуге арналған жаңа буын газ детекторларын әзірлеумен айналысатын халықаралық ғылыми бірлестік. Оның құрамына Еуропа, Азия, Америка және Австралия елдерінен 150-ден астам ғылыми-зерттеу институты кіреді. Газ детекторлары жоғары энергиялар физикасында, ядролық физикада, радиациялық бақылауда және медицинада зарядталған бөлшектерді тіркеу үшін қолданылады.
Қазіргі уақытта «Ядролық физика институты» – Қазақстандағы ЦЕРН-нің халықаралық эксперименттік бірлестіктеріне тікелей қатысатын жалғыз ғылыми ұйым. Институт мамандары NA62, LHCb және DRD1 эксперименттеріне қатысады. Сонымен қатар институт – Орталық Азияда стриу-детекторлар (бөлшектердің траекторияларын бақылауға арналған жұқа қабырғалы, газбен толтырылған түтіктер) өндіретін алғашқы алаң.
«DRD1 бірлестігіне қатысу – қазақстандық атом ғылымының әлемдік зерттеулердің нәтижелерін пайдаланумен ғана шектелмей, жетекші ғылыми орталықтармен бірлесіп технологиялар әзірлеуіне мүмкіндік беретін нақты қадам. Қазақстан өнеркәсібі ЦЕРН детекторларына арналған компоненттерді қазірдің өзінде өндіреді. Бұл ғылымның отандық өндірісті дамытуға серпін бере алатынын көрсетеді. Біз үшін осы тәжірибе мен құзыреттердің Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің атом саласын дамытуға қызмет етуі маңызды», – деді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов.
Қазақстанның ЦЕРН-мен ынтымақтастығы 2018 жылы қол қойылған халықаралық ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылады. DRD1 бірлестігіне қосылу Қазақстанның ғылыми зерттеулерге қатысу аясын деректерді талдаудан детекторлық технологияларды бірлесіп әзірлеуге дейін кеңейтеді.
Сапардың екінші жартысында делегация Үлкен адрондық коллайдердің төрт ірі детекторлық кешенінің бірі – жер астында 100 метр тереңдікте орналасқан LHCb экспериментімен танысты. LHCb бірлестігінің жетекшісі, профессор Тим Гершон және LHCb калориметрі жобасының жетекшісі Филипп Ролофф делегацияға эксперимент инфрақұрылымын, соның ішінде жер үстіндегі залды, тұрақты экспозицияны және жер астындағы эксперименттік залды көрсетті.
Анықтама: LHCb эксперименті b- және c-кварктары бар бөлшектердің ыдырауын зерттеу арқылы Ғаламда антиматерияға қарағанда материяның неліктен басым екенін анықтауға бағытталған. «Ядролық физика институты» 2025 жылы қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум негізінде LHCb экспериментіне қатысады.
Электромагниттік калориметрді жаңғырту аясында институт мамандары қорғасын негізіндегі қорытпадан жасалған, аса дәлдікпен бұрғыланған алғашқы эксперименттік модульді дайындады. Өлшемі 12 × 12 × 10 см болатын блокта сцинтилляциялық талшықтарды орналастыруға арналған 3 136 тесік бар. Қазіргі уақытта институт осындай 1 500 модульді сериялық өндіруге дайындалып жатыр.
Делегация Қазақстанда өндірілген модульдер орнатылатын орынмен танысып, Филипп Ролоффпен калориметр модульдерін жаңғырту жұмыстарының барысын талқылады.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық ғылыми ұйымдардың ЦЕРН бағдарламаларына қатысу аясын кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастыруға келісті.
Ағымдағы жылдың 14 қазанында Бельгия Королі Филипп пен Матильда Патшайым Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Алматы қаласындағы Ядролық физика институтында болды. Мәртебелі қонақтарға Бельгияның ғылыми ұйымдарымен және компанияларымен ынтымақтастық нәтижелері – бірлескен зерттеулерден бастап онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттарды өндіруге дейінгі бағыттар таныстырылды.
Сапар барысында қонақтар Институттың ғылыми және өндірістік инфрақұрылымымен, жаңа Cyclone-18/9 циклотрондық қондырғысы мен ССР-Қ зерттеу реакторының жұмысымен танысты. Ядролық медицинаны дамытуға және келешекте қазақстандық-бельгиялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Серіктестіктің негізгі нәтижелерінің бірі бельгиялық IBA компаниясының 2014 жылы Cyclone-30 циклотронын жеткізуі болды. 2019 жылдан бастап аталған қондырғыда ПЭТ арқылы диагностика жасауға қолданылатын «Фтордезоксиглюкоза F-18» радиофармацевтикалық препараты өндіріледі, осы уақыт ішінде Институт тарапынан 63 мыңнан астам емделушіні медициналық тексеруден өткізуге жететін препарат мөлшерін өндіріп шығарды.
Сонымен қатар, Cyclone-30 қондырғысында Германия, АҚШ, Франция және Ресей елдеріне экспортталатын өнеркәсіптік мақсатта қолданылатын кобальт-57 радиоизотопы өндіріледі.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев: «Ядролық физика институтында орнатылған бельгиялық циклотрон Қазақстанның ядролық медицина инфрақұрылымында айрықша рөл атқарады және әлеуметтік маңызы бар радиофармацевтикалық препараттарды өндіру үшін қолданылады. Осы жобаның жүзеге асырылуы халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықтың практикалық маңыздылығын, сондай-ақ оның отандық денсаулық сақтауды дамытуға, ерте диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи медициналық көмек көрсету әдістерінің қолжетімділігін арттыруға қосқан үлесін айғақтайды», – деп атап өтті.
ССР-Қ зерттеу реакторы мен Cyclone-30 циклотроны базасында медициналық радиоизотоптар шығарылады, олардың негізінде Институтта онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын диагностикалауға, сондай-ақ қалқанша безінің ауруларын, оның ішінде онкологиялық ауруларды емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндіріледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанның медициналық орталықтарына үш радиофармпрепарат, оның ішінде йод-131 мен молибден-99 негізіндегі препараттар жеткізіледі. Сонымен қатар, Институт өзі әзірлеп, патенттеген технологиясы бойынша технеций-99m генераторларын шығарады. Радиофармпрепараттар өндірісі халықаралық GMP стандартының талаптарына сәйкес ұйымдастырылған.
Институттың бельгиялық серіктестермен ғылыми ынтымақтастығы бірлескен зерттеулер жүргізуді, мамандар даярлауды және ғылыми-техникалық тәжірибе алмасуды қамтиды. 2022 жылы MYRRHA жобасы аясында Бельгияның SCK CEN ядролық зерттеулер орталығымен ынтымақтастық орнату келешектері талқыланды. Ұлттық радиоэлементтер институтымен (IRE) радиоэкология саласындағы өзара әрекеттестікті қарастыратын ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Келешектегі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басты бағыттарының бірі актиний-225 радиоизотопын өндіру технологиясын игеру болып табылады.
Ректорлар форумы алаңында 13 қазанда Ядролық физика институты мен Гент университеті (Ghent University) арасында қол қойылған меморандум халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды.
«Сапар қарсаңында Ghent University Гент университетімен жасалған меморандум ынтымақтастықты дамытудың жаңа белесін айқындады. Бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – Қазақстан, Бельгия және Корея Республикасы мамандарының қатысуымен суды тазартуға арналған радиациялық технологияларды әзірлеу. Сонымен қатар тараптар халықаралық бірлескен зерттеулер жүргізуге, ядролық медицинаны дамытуға, жас мамандарды оқытуға және тәжіририбе алмасуға мүдделі. Бұл бірлескен ортақ бастамаларымыз, ең алдымен, екі ел халқының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға үлес қосатынына сенімдімін», – деді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.
Институт ғалымдары Бельгияның Гент университетімен және оның ғаламдық кампусымен бірлесе отырып, суды органикалық ластағыштардан, соның ішінде антибиотиктерден фотокатализдік әдіспен тазарту жолдарын зерттеуде. Зерттеу жұмыстары аясында Сорбұлақ су қоймасынан алынған ағынды сулардың құрамы зерттеліп, маусымдық өзгерістердің тазарту тиімділігіне әсері бағаланады. Жүргізілген жұмыстардың алғашқы нәтижелері алынып, бірлескен ғылыми мақала жарияланды.
Кездесу барысында IBA SA бас директоры Оливье Легран, Гент университетінің ректоры Петра Де Суттер, Trasis компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Эммануэль Бертран және UC Louvain ректоры Франсуа Смэт сөз сөйледі. Олар медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотопты өнімдерді өндіруге қажетті жабдықтарды жеткізу мен ғылыми зерттеулер саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен ынтымақтастық келешектерін таныстырды.
Экскурсия барысында Бельгия Королі мен Патшайымына Ядролық физика институтының радиофармпрепараттарды өндірудегі мүмкіндіктері және өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған жоспарлары таныстырылды.
Үдеткіш технологиялар бөлімі бастығының орынбасары Александр Сильнягин ағымдағы жылдың мамыр айында Институт игілігіне беріліп, Алматы қаласына жеткізілген Cyclone 18/9 циклотрондық қондырғысы жайында баяндады. Мамандар оның алдын ала құрастыру жұмыстарын орындап, негізгі жүйелерін қосты, техникалық қызмет көрсету мен бастапқы сынақтар жүргізді. Алдағы уақытта қондырғыны толық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл онкологиялық және басқа да ауруларды ПЭТ-диагностикалау үшін фтор-18 мен фтордезоксиглюкоза (ФДГ) радиофармацевтикалық препаратын тұрақты түрде өндіруге мүмкіндік береді.
Cyclone 18/9 қондырғысын іске қосу радиофармпрепараттар өндірісінің көлемін ұлғайтуға, олардың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге және қолданыстағы Cyclone 30 циклотронына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа қондырғыны іске қосу сұранысқа ие басқа да радиоизотоптарды өндіру бойынша мүмкіндіктерді кеңейтеді. Қазіргі уақытта Институт кобальт-57 изотопын өндіреді, сонымен қатар ядролық медицинада қолданылатын германий-галлий генераторларына арналған германий-68 изотопын өндіруді дамыту жоспарлануда. Ал ұзақ мерзімді болашақта перспективті радиоизотоптардың бірі – актиний-225 өндіру технологиясын игеру көзделіп отыр.
ССР-Қ зерттеу реакторына сапар шеңберінде Институт бас директорының орынбасары Асхат Бекбаев аталған қондырғының тарихи кезеңдері мен оны ғылыми зерттеулерде, қолданбалы міндеттерді шешуде, сондай-ақ радиоизотоптық өнімдер шығаруда қолдану барысымен таныстырды.
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов Қазақстанда атом электрстанциясын салу жоспарлары туралы ақпарат беріп, Институттың ядролық сала мамандарын даярлайтын оқу базасы ретіндегі маңызын атап өтті.
Бұл сапар ядролық медицина, ғылыми зерттеулер және мамандарды даярлау бағытындағы қазақстандық-бельгиялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын растады. Бірлескен жобаларды дамыту Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайтуға, отандық радиофармацевтикалық препараттардың отандық өндірісін дамытуға және ядролық медицинаның мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Тыштықбаев Баймұрат Қажмұратұлы, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті Ядролық физикалық қауіпсіздік басқармасының басшысы.
Қазақстан Республикасында атом энергиясын пайдалану технологиялары медицина, өнеркәсіп және ғылыми қызметті қоса алғанда, әртүрлі салаларда қолданылады. Ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін пайдалану олардың сенімді қорғалуын талап етеді, өйткені атом энергиясын пайдалану объектілерін заңсыз иемдену, ұрлау, рұқсатсыз тасымалдау немесе оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасау халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Ядролық физикалық қауіпсіздік – атом энергиясын пайдалану объектілеріне және (немесе) пайдаланушы ұйымға қатысты ұрлау, диверсия, рұқсатсыз қол жеткізу, заңсыз беру, айналымға түсіру немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға, оларды анықтауға және (немесе) оларға ден қоюға бағытталған ұйымдастырушылық, инженерлік және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесінің жай-күйі.
Ядролық физикалық қауіпсіздік атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің дербес бағыты болып табылады. Апаттардың алдын алуға бағытталған ядролық қауіпсіздіктен және адам мен қоршаған ортаны иондаушы сәулеленудің әсерінен қорғауды қамтамасыз ететін радиациялық қауіпсіздіктен айырмашылығы, ядролық физикалық қауіпсіздік рұқсатсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
Ядролық физикалық қауіпсіздіктің негізгі мақсаты – ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін ұрлау немесе оларды рұқсатсыз пайдалану, диверсиялар және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің ықтимал салдарларынан халықты, қоғамды, мемлекетті және қоршаған ортаны қорғау.
Қазақстан Республикасында ядролық физикалық қауіпсіздік режимі заңнамалық реттеуді, мемлекеттік қадағалау мен бақылауды, пайдаланушы ұйымдардың қызметін, атом энергиясын пайдалану объектілерінің физикалық қорғалуын, персоналды оқытуды және оның ден қоюға дайындығын тексеруді қамтитын көпдеңгейлі жүйені білдіреді.
Жүйенің құқықтық негізін атом энергиясын пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы құрайды. Өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі (бұдан әрі – Агенттік), Агенттіктің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті жүзеге асырады, ал пайдаланушы ұйымдар атом энергиясын пайдалану объектілерінің физикалық қорғалуын қамтамасыз етеді.
Пайдаланушы ұйымдар ядролық физикалық қауіпсіздікті қолжетімділікті бақылау, күзет және ден қою күштерінің болуын қамтамасыз ету, аумақтар мен үй-жайларды күзету, анықтау жүйелерін, бейнебақылау және ахуалды бағалау құралдарын, байланыс құралдарын, сондай-ақ белгіленген ден қою рәсімдерін қолдану арқылы қамтамасыз етеді.
Маңызды қағидаттардың бірі – бірнеше бірізді және өзара толықтыратын қауіпсіздік деңгейлерін көздейтін көпдеңгейлі (эшелондық) қорғанысты құру. Бір деңгей бұзылған жағдайда, келесі деңгейлер қатерді анықтауды, ықтимал құқық бұзушыны кідірту мен оның жолын кесуді жалғастырады немесе уақтылы ден қою үшін қажетті жағдайлар жасайды.
Қатерлер мен тәуекелдерді бағалаудың маңызы ерекше. Физикалық қорғау шаралары ықтимал қатерлердің сипатына, объектінің ерекшеліктеріне және құқыққа қайшы әрекеттердің ықтимал салдарына сәйкес болуы тиіс. Жүйенің тиімділігі тұрақты түрде бағаланады, ал техникалық құралдар мен персоналдың дайындығы жүйелі түрде тексеріледі.
Ядролық физикалық қауіпсіздік режимінің тиімділігі мүдделі мемлекеттік органдардың, пайдаланушы ұйымдардың, күзет және ден қою күштерінің үйлестірілген өзара іс-қимылымен, сондай-ақ ұйымдастырушылық, инженерлік және техникалық шараларды тұрақты жетілдірумен қамтамасыз етіледі.
Мұндай жүйелі тәсіл атом энергиясын пайдалану объектілерінің қажетті қорғалу деңгейін сақтауға және қауіпсіздік шараларын өзгеріп отыратын жағдайлар мен ықтимал қатерлерге уақтылы бейімдеуге мүмкіндік береді.
2026 жылғы 12–15 қазан аралығында Астанада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Қазақстанның ядролық инфрақұрылымына өзіндік бағалау есебін дайындауға және INIR (Integrated Nuclear Infrastructure Review) кешенді шолуының екінші кезеңіне дайындалуға қолдау көрсету жөніндегі бірлескен миссиясы өтуде.
Жұмысқа АЭХА сарапшылары, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-нің және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның өкілдері қатысуда.
Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты – өзіндік бағалау есебіне қатысты сарапшылардың ұсыныстарын талқылау, ұсынылған ақпаратты нақтылау және INIR миссиясына дайындық бойынша алдағы қадамдарды айқындау. Есеп ұлттық ядролық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйін жүйелі түрде қарастыруға және АЭС салу жобасын табысты іске асыру үшін қосымша пысықтауды қажет ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Бағдарламада АЭХА-ның кезең-кезеңімен іске асыру тәсіліне сәйкес инфрақұрылымның 19 бағытын талқылау көзделген. Олардың қатарында ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық физикалық қауіпсіздік, заңнамалық және реттеуші база, қаржыландыру, кадрлық әлеуетті дамыту, мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл, электр желілерінің дайындығы және ядролық отын циклі бар.
АЭХА-мен ынтымақтастық Қазақстанның атом энергетикасы бағдарламасын қауіпсіз әрі жауапты іске асыруға қажетті инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытуға бағытталған. Сараптамалық қолдау өзіндік бағалау есебінің сапасын арттыруға және ұлттық ұйымдардың алдағы жұмысының басым бағыттарын нақтылауға ықпал етеді.
Анықтама: INIR (Integrated Nuclear Infrastructure Review) – мемлекеттің сұрауы бойынша АЭХА жүргізетін ядролық инфрақұрылымның кешенді шолуы. Ядролық инфрақұрылым ұғымына тек құрылыс алаңы мен техникалық нысандар ғана емес, сонымен қатар атом энергетикасын дамытуға қажетті заңнама, қадағалау жүйесі, мамандар даярлау, қаржыландыру және қауіпсіздік шаралары да кіреді. Шолу осы 19 бағытты қамтиды және атқарылған жұмыстарды бағалауға, сондай-ақ одан әрі пысықтауды қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.
АЭХА-ның кезең-кезеңімен іске асыру тәсілінің екінші кезеңі – атом энергетикасын дамыту туралы шешім қабылданғаннан кейінгі дайындық кезеңі. Бұл кезеңде мемлекет алғашқы АЭС жобасын іске асыру үшін қажетті жағдайларды қалыптастырып, құрылысқа дайындалады. АЭХА сарапшылары осы дайындық деңгейін бағалауға және жетілдіруді қажет ететін бағыттарды айқындауға көмектеседі.
Азбергенов Мади Нурбекович ҚАЭС ЖШС энергетика тобының жетекші инженері
3 қыркүйекте Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Құжатқа қол қою жобаның жаңа, практикалық кезеңге өткенін білдірді. Болашақ станция «Балқаш» АЭС-і деп аталды және оны Алматы облысының Жамбыл ауданында салу жоспарлануда.
Бұл ретте атом электр станциясы жағдайында практикалық іске асыруға көшу келісімшартқа қол қойылғаннан кейін бірден алаңда бетон құю басталады дегенді білдірмейді. Құжаттарға қол қою мен алғашқы бетонның құйылуының арасында ауқымды инженерлік, жобалық және дайындық жұмыстарының кешені тұр. Оның үстіне бұл жұмыстардың бір бөлігі негізгі келісімшарт жасалғанға дейін әлдеқашан басталған.
«Балқаш» АЭС-ін салуға қолайлы басым алаңды айқындау мақсатында 2025 жылғы 8 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданында инженерлік-іздестіру жұмыстары басталды. Осы кезеңнің өзінде мамандар аумақты зерттеуге кірісті, өйткені атом нысанын салу үшін нақты алаңның табиғи және инженерлік-геологиялық жағдайлары туралы барынша толық ақпарат алу қажет. Далалық зерттеулер аясында геофизикалық жұмыстар жүргізілді, ұңғымалар бұрғыланды, топырақ пен судың шамамен мың сынамасы алынды, гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта алаңның аэрометеорологиялық, гидрологиялық және басқа да табиғи жағдайларын бақылау циклі жалғасуда.
Мұндай жұмыстар болашақта жобалау жұмыстарын жүргізу үшін қажет. Мамандарға топырақ қабаттарының ерекшеліктерін, жерасты суларының орналасуын, аумақтың геологиялық құрылымы мен сейсмикалық сипаттамаларын, сондай-ақ қандай табиғи және климаттық факторларды ескеру қажет екенін білу маңызды. Кейіннен бұл деректер жобалық шешімдерді әзірлеу және станцияның түрлі нысандарының параметрлерін айқындау кезінде пайдаланылады.
АЭС үшін жобаның нақты алаңға барынша бейімделуі ерекше маңызды. Бір өңірден екіншісіне еш өзгеріссіз көшіруге болатын әмбебап шешім мұнда болуы мүмкін емес. Жобалау кезінде аумақтың ерекшеліктері, климат, геология, сейсмикалық жағдай, гидрология және басқа да факторлар ескерілуі тиіс. Сондықтан ізденістердің нәтижелері жобалаушылардың одан әрі жұмысы үшін негізгі бастапқы базалардың біріне айналады.
Дайындықтың жеке бағыты — болашақ станцияның қауіпсіздігін негіздеу. Атом энергетикасында қауіпсіздік құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жобалау кезеңінің өзінде қаланады. Жобаны әзірлеу кезінде ықтимал сыртқы әсерлерді, алаңның сипаттамаларын, құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің сенімділігін, сондай-ақ станцияның өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын ескеру қажет. Сондықтан техникалық құжаттар мен есептеулердің едәуір көлемі негізгі құрылыс жұмыстары басталғанға дейін қалыптастырылады.
Алаңның өзін дайындау жұмыстары да маңызды. АЭС - бұл тек реактор ғимараты мен бірнеше энергоблоктан тұратын нысан емес екенін атап өткен жөн. Мұндай нысанды салу үшін көптеген мамандардың, техникалар мен ұйымдардың жұмысын қамтамасыз ететін кешенді инфрақұрылым қажет. Ол үшін кірме жолдарды, инженерлік коммуникацияларды, уақытша ғимараттар мен құрылыстарды, өндірістік және қоймалық нысандарды дайындау, логистиканы ұйымдастыру және ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті басқа да жағдайларды қамтамасыз ету қажет.
Станцияны салу кезінде пайдаланылатын материалдарға да ерекше назар аударылады. Соның ең айқын мысалдарының бірі — бетон. Атом нысаны үшін оның қажетті көлемін ғана қамтамасыз ету жеткіліксіз. Оның құрамы, сипаттамалары, өндіру, тасымалдау, төсеу технологиясы және кейінгі бақылауы маңызды. Материалдардың сапасы мен технологиялық талаптардың сақталуы болашақ конструкциялардың сенімділігімен тікелей байланысты. Сондықтан бетон өндірісін және сапаны бақылау жүйесін дайындау да құрылыс негізгі көлемге шыққанға дейін ұйымдастырылуы тиіс жұмыстардың қатарына жатады.
Соңғы сәтке қалдыруға болмайтын тағы бір процесс — жабдықтарды дайындау және жеткізу. Атом электр станциясы өндірісі айтарлықтай уақытты қажет етуі мүмкін көптеген күрделі технологиялық жабдықтарды қамтиды. Олардың сипаттамалары, дайындау, жеткізу және монтаждау мерзімдері жобалық шешімдермен және жобаны іске асырудың жалпы кестесімен үйлестірілуі тиіс. Сондықтан АЭС құрылысының бағдарламасы жеке-жеке орындалатын дәйекті әрекеттер емес, өзара байланысты жобалық, өндірістік, логистикалық және құрылыс процестерінің кешені болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда, «алғашқы бетон» жобаның маңызды әрі көзге көрінетін белесіне айналады, бірақ оның нақты басталуы емес. Әдетте алғашқы бетон деп реактор ғимаратына байланысты негізгі конструкцияны бетондау жұмыстарының басталуын түсінеді. Көпшілік үшін бұл дайындық кезеңінің ауқымды құрылысқа тікелей ұласатын сәті. Алайда оған дейін жобалық құжаттама да, алаң да, құрылыс инфрақұрылымы да, өндірістік процестер де, сапаны бақылау жүйесі де дайын болуы, сондай-ақ қажетті жеткізілімдер қамтамасыз етілуі тиіс.
Сондықтан болашақ АЭС алаңындағы алғашқы жұмыстар әлдеқайда ертерек басталды. Жамбыл ауданындағы инженерлік-іздестіру жұмыстары 2025 жылғы тамызда жобаның алғашқы практикалық кезеңдерінің бірі ретінде бастау алды.
Бұл ретте дайындық жұмыстары бірден бірнеше бағытта жалғасуда. Техникалық бөлікпен қатар қазақстандық кәсіпорындардың жобаға қатысуына жағдай қалыптастырылуда. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі — барынша жергіліктендіру, яғни отандық компанияларды, мамандарды, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді тарту. Ол үшін қандай позицияларды ел ішінде өндіруге және орындауға болатынын, қандай құзыреттерді дамыту қажет болатынын және қандай кәсіпорындардың жобаны іске асыруға қатыса алатынын алдын ала анықтау қажет.
«Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС үшін бұл жұмыс та ұзақ мерзімді маңызға ие. Компания станцияның тапсырыс берушісі әрі болашақ операторы ретінде өзінің қатысуын нысанды пайдалануға беру алдындағы кезеңмен ғана шектемейді. Құзыреттерді қалыптастыру, жобаны дайындауға қатысу, серіктестермен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, кадрлық әлеуетті дамыту және болашақ пайдалануға дайындық осы ұзақ процестің бір бөлігі болып табылады.
Осылайша, «Балқаш» АЭС-інің алаңында алғашқы бетон пайда болған кезде, оның артында бір күннің немесе тіпті бір жылдың емес, бірнеше жылдық жұмыстың нәтижесі тұрады. Оған инженерлік зерттеулер, геология мен табиғи жағдайларды зерделеу, жобалау және қауіпсіздікті негіздеу, инфрақұрылымды дайындау, құрылыс материалдарын өндіру мен сапасын бақылауды ұйымдастыру, жабдықтарды дайындау, логистика және көптеген басқа да процестер алып келеді.
Көрермен немесе оқырман үшін алғашқы бетон құю құрылыстың айқын және көрінетін бастапқы нүктесі болады. Ядролық сала мамандары үшін бұл жобаның келесі кезеңі техникалық тұрғыдан дайындалған, басқарылатын және қауіпсіз болуын қамтамасыз етуі тиіс кең көлемді алдын ала жұмыстың нәтижесі болуы ықтимал. Дәл осы себепті атом электр станциясының құрылысы алғашқы бетон құрылымы пайда болғанға дейін әлдеқайда бұрын басталады.
Азбергенов Мәди, «Балқаш» жобасы энергетика тобының жетекші инженері
Қазақстанда атом энергетикасы туралы сөз соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Технологиялар, болашақ атом электр станцияларының қауіпсіздігі, мамандар даярлау және электр энергиясын өндіру процесінің өзі қалай ұйымдастырылғаны талқылануда. Сонымен бірге, мамандар үшін қарапайым әрі базалық болып көрінетін көптеген процестер халықтың басым бөлігі үшін әлі де түсініксіз болып қала береді.
Осындай сұрақтардың бірі өте қарапайым естіледі: егер ядролық реактордың ішіндегі су 330 градусқа жуық температураға дейін қызса, ол неге қайнамайды?
Жауабы қысыммен байланысты. Біз судың 100 Цельсий градусында қайнауына үйренгенбіз, бірақ бұл тек атмосфералық қысымда ғана дұрыс. Қысым жоғарылаған сайын судың қайнау температурасы да артады. Дәл осы қағида қарапайым скороваркада (қысымды қазанда) қолданылады: оның ішіндегі қысым атмосфералық қысымнан жоғары, сондықтан су толықтай буға айналмай, 100 градустан жоғары температураға дейін қыза алады.
ВВЭР типті реакторларда бұл қағиданың принципиалды маңызы бар. Мысалы, ВВЭР-1200 реакторлық қондырғысында бірінші контурдағы қысым шамамен 16,2 МПа құрайды, ал жылу тасымалдағыштың температурасы 328,8 Цельсий градусына дейін жетуі мүмкін. Мұндай параметрлерде су сұйық күйде қалады, өйткені берілген қысымдағы судың қайнау температурасы оның жұмыс температурасынан жоғары.
Мұнда бұл сумен не болатынын түсініп алу маңызды. Бірінші контурдағы су жылу тасымалдағыш рөлін атқарады: реактордың белсенді аймағы арқылы өтіп, ол ядролық отыннан жылуды алып кетеді. Қызған су бу генераторына түседі, содан кейін жылуды берген соң қайтадан реакторға оралады. Айналым сорғылардың көмегімен жабық контур бойымен жүзеге асырылады.
Ал егер реактордағы су қайнамаса, онда турбинаны айналдырып, соңында электр энергиясын өндіруге мүмкіндік беретін бу қайдан алынады?
Бу екінші контурда түзіледі. Бу генераторында бірінші контурдың ыстық суы арнайы түтіктердің ішімен өтіп, олардың металл қабырғалары арқылы екінші контурдағы суға жылу береді. Бұл ретте екі ағын бір-бірімен араласпайды. Екінші контурдағы қысым төменірек, сондықтан су төменгі температурада қайнап, буға айналады. Бұл бу турбинаға бағытталып, оны айналысқа келтіреді, ал турбина электр генераторын іске қосады.
Осылайша, реактор мен электр энергиясы арасында түрленулердің тұтас тізбегі бар: ядролық отын жылу бөледі, бірінші контурдағы су оны белсенді аймақтан алып кетеді, бу генераторында бұл жылу екінші контурдың суына беріледі, түзілген бу турбинаны айналдырады, ал генератор электр энергиясын өндіреді.
Бірінші контурда жоғары қысымды ұстап тұруға қысым компенсаторы көмектеседі. Ол жылу тасымалдағыштың температурасы мен көлемі өзгерген кезде қысымды реттеп отырады. Бұл үшін электр жылытқыштары мен су бүрку жүйесі қолданылады.
Демек, ядролық реактордың судың жай ғана «атом энергиясынан қайнайтын» орны ретіндегі әдеттегі идеясы толығымен дұрыс емес екені белгілі болды. Реакторда, керісінше, ядролық отыннан жылуды тиімді алып кету үшін бірінші контурдағы су сұйық күйде қалуы тиіс. Ал судың буға айналуы басқа контурда, яғни жылуды турбинаға беру кезеңінде жүреді.
Айтуға қарапайым болып көрінетін мұндай сұрақтар атом станциясының жұмысы қалай ұйымдастырылғанын түсінуге көмектеседі. «Реактор», «жылу тасымалдағыш», «бу генераторы» және «турбина» сөздерінің артында әрбір элемент өз міндетін атқаратын жүйелі құрылым тұр. Ал процестің негізі — күнделікті өмірге мүлдем ұқсамайтын температуралар мен қысымдарда жұмыс істейтін қарапайым физика заңдары.