
Халықаралық энергетикалық агенттік болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлемдік электр энергиясын тұтыну екі есе артады. Мұндай өсім бірқатар факторларға байланысты: демографиялық және экономикалық даму, жедел индустрияландыру, көлікті электрлендіру, сондай-ақ энергияны көп қажет ететін цифрлық инфрақұрылымның ауқымды кеңеюі. Энергияға сұраныстың осындай қарқынды өсуі жағдайында елдер өздерінің энергетикалық стратегияларын қайта қарап, жаңа жобаларды іске асырып, энергетикалық әлеуетін арттыруда.
Осы тұрғыда атом энергетикасы сенімді, болжамды және жоғары тиімді базалық генерация көзі ретінде қайтадан алдыңғы қатарға шығуда. Ол ондаған жылдар бойы тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ете алады.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басында әлемнің 31 елінде жиынтық қуаты 377 ГВт болатын 413 ядролық реактор пайдаланылуда, тағы 66 энергоблок салыну кезеңінде. Жобалардың географиясы дамыған мемлекеттерді де, дамушы елдерді де қамтиды.
Жаһандық бағыттың тағы бір дәлелі ретінде 20-дан астам елдің COP28 климаттық конференциясы барысында 2050 жылға қарай атом генерациясының көлемін үш есе арттыру туралы декларацияға қол қоюын атауға болады. Қазақстан бұл декларацияға 2024 жылы қосылды.
Айта кету керек, атом энергетикасын дамыту елге тек энергетикалық емес, сонымен қатар елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділік береді. Ауқымды құрылыс және өнеркәсіптік жобалар дәл машина жасау, металлургия, құрылыс және электротехникалық материалдар өндірісі сияқты сабақтас салалардың дамуын ынталандырады. Мыңдаған жұмыс орындары ашылады (бір атом электр станциясын салу кезінде құрылыс кезеңінің ең жоғары сатысында 10 мың адамға дейін жұмыспен қамтылуы мүмкін). Сонымен қатар инженерлік, ғылыми, білім беру және сервистік құрылымдарда жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Ұлттық кадрлардың біліктілігі артып, экспорттық әлеует күшейеді, өңірлік даму жанданады.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан атом энергетикасы саласында берік ғылыми-техникалық базаға және бірегей институционалдық тәжірибеге ие. 1973-1999 жылдары Ақтау қаласында әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды энергетикалық реакторлардың бірі – БН-350 реакторы табысты пайдаланылды. Ол тек электр энергиясы мен жылу өндіруді ғана емес, сонымен қатар теңіз суын тұщыландыруды және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтамасыз етті.
1990-жылдардан бастап елде атом электр станциясын салу мүмкіндігіне қатысты базалық дайындық жұмыстары жүргізілді: тақырыптық зерттеулер орындалды, атом саласын дамыту мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. 2018-2019 жылдары жүргізілген зерттеулер сериясы аяқталып, олардың нәтижесінде АЭС салуға арналған ықтимал аудандар, реакторлық технология түрлері және станцияның нысаналы қуат параметрлері айқындалды. Алынған деректер халықаралық техникалық кеңесші – жапон консорциумы The Japan Atomic Power Company және Marubeni Utility Services, Ltd. тарапынан расталды. 2022 жылы бұл жұмыстар қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен өзектендірілді.
2023 жылы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі жүргізген INIR1 және SEED2 миссиялары аясында халықаралық сарапшылар жүргізілген зерттеулер мен қабылданған техникалық шешімдерді оң бағалап, Қазақстанның атом энергетикалық бағдарламасын дамытуға дайындық деңгейінің жоғары екенін растады.
2024 жылғы 6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтті. Референдум қорытындысы бойынша дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 %-ы Қазақстанда АЭС салуды қолдап дауыс берді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №1137 «« Атом электр станциясы» ядролық қондырғысы салынатын аудан туралы» қаулысына сәйкес, алғашқы АЭС салынатын аудан ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы айқындалды.
Кейіннен ашық бәсекелі диалог әдісі арқылы реакторлық технологиялардың жетекші әлемдік жеткізушілерімен келіссөздер жүргізілді. Бұл ретте бұрын «шорт-листке» енгізілген компаниялардың өндірістік нысандарына сапарлар ұйымдастырылды.
Анықтама үшін: Шорт-лист: «Росатом» (РФ), «China National Nuclear Corporation» (КНР), «Électricité de France» (Франция) и «Korea Hydro & Nuclear Power» (Ю. Корея).
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстандық атом электр станциялары ЖШС-мен бірлесіп және француз инжинирингтік компаниясы Assystem қатысуымен әзірлеген әдістеме негізінде ұсынылған реакторлық технологиялар мен әлеуетті вендорлардың басқа да ұсыныстарына кешенді бағалау жүргізілді. Бағалау барысында қауіпсіздік, технологиялық және қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, персоналды даярлау, жергіліктендіру деңгейі және басқа да бағыттар қарастырылды.
Жүргізілген талдау нәтижелері түрлі ведомствоаралық алаңдарда қаралып, соның қорытындысы бойынша Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысын жүзеге асыратын халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде «Росатом» МК айқындалды.
Алғашқы АЭС салу үшін басым алаңды анықтау мақсатында 2025 жылғы 8 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы аумағында инженерлік-іздестіру жұмыстары басталды. Инженерлік іздестірудің мақсаты – электр станциясын орналастыру үшін ең қауіпсіз әрі тиімді алаңды таңдау мақсатында табиғи, геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық, техногендік және әлеуметтік факторларға кешенді баға беру. Іздестіру жұмыстарының мерзімі шамамен 18 айды құрайды. Осы уақыт ішінде табиғи және климаттық жағдайлардың толық жылдық циклі, барлық маусымдық өзгерістер зерттеліп, алаң сипаттамалары бойынша объективті деректер жиналады. Бұл жер асты сулары деңгейінің маусымдық ауытқулары, су тасқыны мен метеорологиялық құбылыстар, сейсмикалық белсенділік сияқты факторларға байланысты тәуекелдерді жан-жақты бағалау үшін, сондай-ақ табиғи жағдайлардың станция құрылысына және оның әрі қарай қауіпсіз пайдаланылуына ықпалын ескеру үшін қажет. Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижелері ұлттық және халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес АЭС-тің жобалау алдындағы құжаттамасын әзірлеуге және кейінгі жобалау жұмыстарына негіз болады.
Сондай-ақ, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қасым‑Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында екінші және үшінші атом электр станцияларын салуды жоспарлауды бастау қажеттігін атап өтті. Осы тапсырма аясында, 2050 жылға қарай генерация қуаттарының болжамды тапшылығын және базалық генерация көздерін әртараптандыру қажеттігін ескере отырып, Агенттік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп кемінде үш АЭС салу мүмкіндігін зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Постановлением Правительства Республики Казахстан от 26 января 2026 года №40 «О строительстве и районе строительства ядерной установки «Вторая атомная электрическая станция» в качестве района для строительства второй АЭС определен Жамбылский район Алматинской области.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 қаңтардағы №40 «Екінші атом электр станциясы» ядролық қондырғысын салу және ол салынатын аудан туралы» қаулысына сәйкес, екінші АЭС салу ауданы ретінде де Алматы облысы Жамбыл ауданы белгіленді.
Қауіпсіздік отынның өзінен басталады. Отынның конструкциясы тізбекті реакцияның жылдам үдеуіне жол бермейді. Бұдан әрі реактордың герметикалық қабығы және белсенді аймақ бұзылған жағдайдың өзінде оны ұстап қалуға арналған балқыма тұтқышы бар. Сутегі жарылысын болдырмау үшін реактор корпусының ішінде оның жиналуына жол бермейтін пассивті рекомбинаторлар орнатылған.
Реактордың айналасында азаматтық ұшақтың құлауына, жарылыс толқынына және сыртқы әсерлерге төтеп бере алатын темірбетоннан жасалған қос қабатты қорғаныс қабығы (контайнмент) қарастырылған.
Халықаралық есептеулерге сәйкес, заманауи АЭС-терде белсенді аймақтың балқуымен ұласатын ауыр аварияның болу ықтималдығы бір реактор-жылға шаққанда 10 миллионнан бір жағдайды құрайды. Бұл көрсеткіш дерексіз теория емес, ол нақты сынақтардың, стресс-тесттердің және нақты модельдерді бағалаудың нәтижесінде алынған.
Станция жобасы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ұсынымдарына сәйкес келеді және әлемдік үздік тәжірибелерді ескереді. Халықтың, қоршаған ортаның және персоналдың қауіпсіздігі - басты басымдық, ал АЭС құрылысы барлық нормалар мен стандарттардың сақталуына толық кепілдік берілмейінше басталмайды.
Заманауи реакторлар – бұл АЭХА-ның талаптарына сәйкес қауіпсіздік сипаттамалары жақсартылған III+ буынды реакторлық технологиялар болып табылады. Жаңа буын реакторларының басты ерекшелігі - станцияны сыртқы (магнитудасы 9 балдық жерасты дүмпулеріне төтеп береді) және ішкі әсерлерге барынша төзімді ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі, соның ішінде автономды қуат көзінің болуы. Бұдан бөлек, АЭС-тің заманауи жобаларында радиоактивті заттардың қоршаған ортаға шығуын болдырмау және персоналды қорғау үшін бірнеше тәуелсіз физикалық кедергілер мен дәйекті қорғаныс деңгейлерін пайдалануға негізделген тереңдетілген қорғаныс қағидаты қаланған.
АЭС базалық жүктемеде электр энергиясын сенімді әрі үздіксіз өндіру арқылы энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Ол ЖЭК сияқты ауыспалы көздерге тәуелділікті азайтып, бүкіл энергия жүйесі үшін берік іргетас қалыптастырады және жабдықтау үзілістерінің тәуекелдерін азайтады. Энергия тығыздығының жоғары болуы арқасында бір энергия блогы көмір немесе газ генерациясының ірі көлемдерін алмастыра алады, бұл резервтерді босатып, жүйенің икемділігін арттырады. АЭС желінің жиілік параметрлерін тұрақтандырады, маневрлік қуаттарға түсетін жүктемені азайтады және диспетчерлеуді жеңілдетеді. Тұтыну көлемінің артуы және энергия желілерінің технологиялық күрделенуі жағдайында атом генерациясының болуы ұлттық энергия жүйесінің сенімді әрі орнықты жұмысын қамтамасыз ету үшін аса маңызды.
Әрқайсысының қуаты 1200 МВт болатын екі реакторы бар және орнатылған қуатты пайдалану коэффициенті 90% құрайтын АЭС-те электр энергиясын өндіру жылына шамамен 18,9 млрд кВт*сағ құрайды.
Кез келген басқа жылу электр станциясы сияқты, АЭС-те өз жұмысы барысында белгілі бір мөлшерде су тұтынады. Айта кету керек, АЭС - бұл көмір қазандығының орнына атом реакторы орнатылған сол жылу станциясы. Қалған барлық жабдықтар ұқсас: турбиналар, генераторлар, электр жабдықтары және т.б.. Сондықтан, суды пайдалану туралы айтқанда, АЭС-тің басқа жылу станцияларымен салыстырғанда ешқандай айырмашылығы жоқ. Жылу станцияларындағыдай, АЭС-те де сыртқы су турбинадан кейін тұрған конденсаторды салқындату үшін қолданылады және ол атом реакторының технологиялық жүйелерімен ешқандай байланысқа түспейді. Су шығыны салқындату жүйесіне тәуелді. Мысалы, егер АЭС теңіз жағалауында орналасса, онда теңіз суының үлкен көлемі айдалатын тікелей ағынды салқындату жүйесі қолданылады. Әрине, мұндай жүйе шектеулі су айдындары үшін жарамсыз, сондықтан өзендер мен көлдерде салқындату мұнаралары пайдаланылады.
Салқындату мұнараларының су шығыны климаттық жағдайларға, яғни оларда айналымда жүретін су көлемінің булану шамасына байланысты болады. Қуаттылығы 2400 мегаватт болатын екі блокты АЭС үшін судың жобалық шығыны жылына шамамен 63 млн текше метрді құрайды. Бұл жылына 18 млрд текше метрден асатын Балқаш көлінің табиғи булану деңгейінің 0,32%-ына тең. Балқаш көліндегі судың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд текше метрді құрайтынын ескерсек, АЭС көлдің су балансына ешқандай әсер етпейді деп айтуға толық негіз бар. Іс жүзінде су шығыны тек жүйені толықтыруға ғана жұмсалады, өйткені су тұйық контур бойымен айналады және бұл процесс су айдынынан қосымша су тұтынумен байланысты емес.
Қазақстанда салынуы қарастырылып жатқан реакторлардың барлығы екі контурлы болып табылады, онда бірінші контурдағы айналымдағы су белсенді аймақпен тікелей жанасады. Бірінші контурдағы судың жылуы жылу алмастырғыштар арқылы екінші контурдағы суға онымен араласпай беріледі. Бұл ретте реактордың екінші контурында өндірілетін бу турбинаны қозғалысқа келтіреді. Осыған байланысты, су айдыны реакторды салқындату контурларымен ешқандай жағдайда тікелей байланыспайды.