Үкіметтік емес ұйым өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру туралы семинарға қатысты

Үкіметтік емес ұйым өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру туралы семинарға қатысты

Тыңдаушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық, адалдық қағидаттарын таратудың маңыздылығы туралы мәлімет алды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Нұр-Сұлтанда Ұлттық академиялық кітапханада елорданың үкіметтік емес ұйымдар өкілдері үшін «Парасаттылық мәдениетін дамыту сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әдісі ретінде» атты семинар өтті.

Семинар тыңдаушылары парасаттылық пен адалдықты тәрбиелеудің ұлттық негіздері, этикалық мәдениет деңгейінің қоғамда сыбайлас жемқорлықтың таралуымен арақатынасы туралы теориялық білім алды. Сондай-ақ парасаттылықты ілгерілету үшін пайдаланылуы мүмкін жаңа әзірлемелермен танысты.

Семинар тренері, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерттеу орталығының сарапшысы Айбек Қабылдин еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының негізгі үш бағытын таныстырды.

«Бірінші бағыт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және тәрбиелеу. Екінші – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау. Үшінші бағыт – жазалау. Парасаттылық мәдениеті бірінші бағытқа жатады. Мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың қоғам өміріне қандай зиянды құбылыс екені туралы білім беру. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Бұл - қоғамда адалдық мәдениетін алаяқтықтан жоғары қою», – деп түсіндірді Айбек Қабылдин.

Сондай-ақ қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесі мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу құралы болып табылатын ISO 37001 халықаралық стандартының құрылымымен, талаптарымен және ережелерімен танысты.

Семинарды «Даму» қазақстандық қауымдастығы Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп ұйымдастырды.