
Астанадағы №2 өнер мектебінде «Бірлігіміз жарасқан» атты мерекелік концерт өтті. Мәдени іс-шара 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Концерт барысында өнер мектебінің оқушылары өз өнерлерін ортаға салды. Олар халықтар достығын ұлықтайтын әсем әндер шырқап, түрлі ұлттардың ұлттық билерін орындады.
Қаламызға танымал «Қазына» сазсырнайшылар ансамблі, «Назқоңыр» қобызшылар ансамблі, «Мұрагер» дәстүрлі әншілер және «Сырлы саз» фольклорлық ансамблдері өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді. Іс-шара барысында көрермендер қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, белорус, қырғыз және басқа да ұлт өкілдерінің өнерлерімен танысты. Әрбір өнер туындысы еліміздің мәдени әртүрлілігін, бірлігін, татулығын паш етті.
Сонымен қатар осы мектепте «Бір шаңырақ астында» атты көрме ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты – оқушылардың ұлттық құндылықтарға, мәдени әртүрлілікке деген құрметін арттыру, ел ішіндегі ұлттар достығын насихаттау және көркемдік-шығармашылық қабілеттерін дамыту.
«Бір шаңырақ астында» көрмесі арқылы оқушылар мен қонақтар елімізде тұратын ұлттардың бай мәдени мұрасымен танысып, олардың өнері мен салт-дәстүріне деген қызығушылығын арттырды. Іс-шара оқушылар арасында өзара сыйластық пен түсіністікті нығайтып, бірлік пен ынтымақты дәріптейтін тағылымды тәрбие көзіне айналды.
Көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ата-аналар мен ұстаздар тарапынан оң бағаланды.