
Елордадағы «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кешенінде Наурыз мейрамы қарсаңында Ұлттық спорт күніне арналған көрсетілім өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара қонақтарына дәстүрлі ат спорты түрлерінен көрсетілім қойылды. Бағдарламада көкпар, қыз қуу, теңге алу, аударыспақ көрсетілді. Мерекенің көркін көрермендер белсене қатысқан арқан тарту мен асық атудан халық сайыстары толықтырды. Сондай-ақ, қонақтарға қазақтың аңшы иті саналған тазы көрсетілді.
«Бүгінгі ұлттық ойындар фестивалі қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен оның көп ғасырлық дәстүрін еске түсірудің тамаша мүмкіндігі болды», - деді Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиева.
Наурызнаманың онкүндігі аясында қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы елорданың барлық аудандары мен елді мекендерінде мерекелік спорттық шаралар ұйымдастырады.
Астанада кез келген адам қатыса алатын мерекелік шаралар мен бұқаралық спорттық жарыстар басталды.