
Азаматтардың өтініші бойынша аулалар мен көшелер абаттандырылуда, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Нұр-Сұлтанда аудан әкімдігі өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ мен елорда тұрғындары «бюджетке қатысу» жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, екінші жылдан бері қала тұрғындары жергілікті бюджетті құруға қатысуда. Елордалықтар белсенділік танытып, аулаларды жөндеуге, көшелерді жарықтандыруға және көгалдандыруға, тротуарлар мен бордюрлерді ауыстыруға аудандық әкімдіктерге өтінімдер жолдайды.
«Қала тұрғындары өз бастамаларын ұсынып, мемлекет қаржысын жұмсаудың басым бағыттарын қалыптастыруға қатысады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бұйрығымен бекітілген ережелерге сәйкес, азаматтар абаттандыру мәселелері бойынша жобаларға бастамашы бола алады», - деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық кеңес мүшесі Алтынай Нұркеева.
«Бюджетке қатысу» тәртібі келесідей. Егер белгілі бір тұрғын үй кешенінің тұрғындары өз ауласында балалар алаңын жаңартқысы келсе, үй тиесілі аудандық әкімдікке хабарласып, өтініш бере алады. Осыдан кейін жергілікті атқарушы органның мамандары сараптама жүргізеді. Егер жаңа ойын алаңының қажеттілігі расталса, бастама іске қосылып, оны жүзеге асыруға бюджеттен қаражат бөлінеді.
Биыл бұл механизмге елордада барлығы 600 миллион теңге жұмсау жоспарланған. Қазіргі уақытта қалада осындай 23 жоба жүзеге асып жатыр.
Өтінішті интерактивті форматта да жібере аласыз. Мәселен, Сарыарқа және Есіл аудандары тұрғындары мұны жергілікті атқарушы органдардың сайттары арқылы пайдалана алады. Болашақта осы бағыттағы барлық жұмыстарды бірыңғай формаға келтіру жоспарлануда.
«Нұр-Сұлтан қаласы елдегі «бюджетке қатысу» бойынша алғашқы пилоттық жобаны жүзеге асырушы болғандықтан, біз оның аясын кеңейтуіміз керек. Тек абаттандыру мәселелерімен шектелудің қажеті жоқ. Жергілікті тұрғындарды тарту тек аудандық әкімдіктерде жүзеге асады, бірақ олардың құзыреті мен бюджеттік бағдарламалары шектеулі. Бізде бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі саналатын көптеген қалалық кеңселер бар. Біз оларды осы процеске тартуымыз керек. Яғни, бюджетке қатысу әртүрлі бағытта жүзеге асуы керек», - деп атап өтті Алтынай Нұркеева.
Еске сала кетейік, Сарыарқа ауданында 2018 жылы халықтың бюджетке қатысуы бойынша пилоттық жоба жүзеге асқан. Бұл тәжірибе сәтті болып, кейіннен бұл механизмді бүкіл елге енгізу міндеті қойылды.