
Елорданың әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Көрісу күні аталып өтті. «Дәстүр» атты марафонға астаналық Білім басқармасының өкілдері, әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының «Аналар мектебі», «Балқадиша» орталығының аналары, ата-аналар мен мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Көрісу күні – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық мейрамы. Бұл күн әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында жыл сайын 14 наурызда аталып өтеді.
«Амал келгенде амандық білісу – көне заманнан жалғасқан айрықша дәстүріміз. Қыстан шығып, шуақты көктемге аман жеткен ағайын осы күні бір-бірімен көріседі. Халқымыз ежелден осындай ғұрыптар арқылы бауырмалдық пен жанашырлықты, татулық пен мейірімділікті дәріптеп, ұрпақтың бойына асыл қасиеттерді сіңіре білген», – деді әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының әдіскері Гульзира Оспанова.
Марафон барысында Оқушылар сарайының 2-қабатында қазақтың ұлттық бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында хореография, театр және вокал бөлімдерінің қатысуымен қазақтың ұлттық ойындары, салт-дәстүрі мен өнері көрсетілді. Концерттік бағдарламаның соңында шашу шашылып, бауырсақ таратылды.