
Елордада «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қарттарға жан-жақты кәсіби көмек көрсетіледі. Орталық директорының орынбасары Данагүл Жылқыбаева қарт тұрғындармен жұмыс істеу өмірінің бір бөлігіне айналғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Данагүл Жылқыбаева 12 жылдан бері әлеуметтік салада еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, жұмысқа рухани байланбай әлеуметтік салада жұмыс істеу мүмкін емес.
«Эмпатия – менің жұмыстағы басты ұстанымым. Қамқорлығымдағы әрбір адамның ішінде мен қарт адамды ғана емес, өмірлік тарихы, басынан кешкен тағдыры, арман-тілектері бар жеке тұлғаны көремін. Өйткені, біз олардың әрқайсысы, мейлі ол ауруханада болсын, мейлі үйде емделсе де, қолдау мен сыйластықты сезінуі үшін жұмыс істейміз», - деп атап өтті маман.
Астана әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы зейнет жасындағы 1000-ға жуық адамға қызмет көрсетеді. Сондықтан мұндағы мамандар әр адамға қолайлы жағдай жасау мақсатында қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жасауда.
«Біз қызмет көрсету сапасын арттыру үшін тоқтаусыз жұмыс істейміз. Әрбір адамның орталықта тұруына немесе үйінде отырғанына қарамастан, жай ғана көмек емес, жылулық сезініп, қамқорлық пен құрметке ие болғанын қалаймыз. Олар өздерін жайлы сезінуі және жақын жерде көмектесуге дайын сенімді адамдар бар екенін білу маңызды. Өйткені, әлеуметтік жұмыс – бұл жай ғана кәсіп емес, адамдарға қызмет көрсету. Біздің қызметкерлер қарт адамдардың жайлылық пен қауіпсіздікте өмір сүруі үшін күн сайын қолдан келгеннің бәрін жасайды. Өйткені, кәрілік – адамның ерекше қамқорлық қажет ететін шағы, біздің міндетіміз – оларға сенім ұялатып, сыйлау», – дейді ол.
Данагүл Жылқыбаеваның айтуынша, әлеуметтік қызметкер тек көмекші ғана емес, әңгімелесуге болатын адам болуы керек. Ал әлеуметтік салада карьера құрғысы келетіндерге айналасына құрметпен қарауға кеңес береді.