
Шымкент қаласында көркем гимнастикадан ҚР VI Жастар спорттық ойындары басталды. Төрт жылда бір өтетін бұл спорттық бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің басқа өңірлерінен 300-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жарыс жекелей және топтық жаттығу бойынша үш жас ерекшелігі аясында өтеді. Астана қаласынан бұл маңызды сынға 27 спортшы қатысып, бақ сынады.
Жарыстың алғашқы күнінде топтық бағдарлама бойынша сынға түскен Астана қаласының спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтқанда, спорт шеберлері арасында 1-орынды елордалық «Фурор» командасы иеленді. Ал спорт шеберлігіне үміткерлер арасында елордалық «Виктори» командасы үздік деп танылды. 1-разрядты спортшылар арасында «Пантеры» командасының қыздары алтыннан алқа тақты.
VI Жастар спорттық ойындары – жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жол ашатын маңызды жарыс. Сондай-ақ, бұл жарыста алдағы республикалық және халықаралық турнирлерге қатысатын ел үздіктері анықталады.