
Елордадағы Экономика және құқық колледжінің студенттері мен №15 мектеп-лицейінің оқушылары патрульдік полиция полкіне арнайы барып, тәртіп сақшыларының жұмысының қыр-сырын білді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Оқушыларға патрульдік көліктер көрсетіліп, құқық қорғау органдарының жауапты жұмысы туралы айтылды. Жастар қызметтік форма мен оқ өтпейтін кеудеше киіп көрді. Оларға арнайы сигналдар туралы дәріс оқылды.
Тәртіп сақшылары болашақ полиция қызметкерлерін мектеп қабырғасынан бастап осындай қиын мамандықтың қыр-сырымен таныстыру керектігін атап өтті.
«Жұмысын полициямен байланыстырғысы келетін жастар өз Отанының патриоты болып, өздеріне жүктелген миссияны түсінуі керек. Олар үшін мұндай экскурсиялардың пайдасы зор», - дейді патрульдік полиция полкінің рота командирінің орынбасары Қылыш Жүнісов.
Экскурсияға келген жастар арасында ішкі істер органдарында қызмет етуді жоспарлап жүрген жігіттер де көп болды. Бірі заңгер болатынын анық білсе, енді бір тергеушінің жұмысына қызығады, сонымен қатар олардың арасында прокуратура мен сот жүйесінде қызмет еткісі келетіндер де бар.
«Маған экскурсия өте ұнады, өйткені мұндай қиын жұмыстың екінші жағын көру әрқашан қызықты. Әсіресе, әкем сияқты тергеуші боламын деген ойдамын», - дейді студент Сабина Әлімова.
«Мен заңгер болғым келеді. Мамандық таңдауыма анамның үлесі зор. Ол құқық қорғау органдарында қызмет етеді. Мен полицияда жұмыс істеу өте жауапты әрі қиын екенін білемін, бірақ сонымен бірге ол маған өте қызық», - дейді студент Әмина Төлеген.