Қашықтан оқыту үшін елордалық оқушылар мен мұғалімдерге 9 мың компьютер берілді

Қашықтан оқыту үшін елордалық оқушылар мен мұғалімдерге 9 мың компьютер берілді

Елорданың барлық мектептерінде қашықтан оқыту Bilimland платформасында жүргізілетін болады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Нұр-Сұлтанның барлық мектептері Bilimland білім беру платформасын пайдалануға келісім-шарт жасады. Сонымен қатар 40 мектепте Microsoft teams, Daryn online платформалары қолданылады. 30 тамыздан бастап барлық оқушылар мен мұғалімдерге платформалар қолжетімді болады.

Сонымен бірге мұғалімдер мен оқушыларды компьютер және интернетпен қамтамасыз ету маңызды.

«Компьютерлердің қажеттілігіне мониторинг жүргізілді, осы мақсатта 34 472 дана компьютерлік техника сатып алуға шарттар жасалды. Бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары 100% қамтамасыз етіледі», – деп хабарлады елордалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

Техниканы таруату басталып кетті. 20 тамыздан бастап елордалық мектептер оқушыларға компьютерлік техника, ал 25-нен бастап роутерлер тарата бастады. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам компьютер, 13 300 роутер таратылды.

Оқулықтарға келер болсақ, елорданың барлық білім беру мекемелері кітаптармен толық қамтамасыз етілген.