
Нұр-Сұлтанда «Smart City» жобасы аясында көп қабатты үйлердің кіреберістері мен аулаларында бейнекамералар желісі кеңейтіледі. Елорда әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Б.Мусин, вице-министрі А.Оспанов және ҚР Ішкі істер вице-министрі С.Сәрсенов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ.Есекеев цифрландыру және бейнебақылау камераларымен жарақтандыру мәселелерін талқылады.
«Smart City» тұжырымдамасы аясында барлық мектептерде бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл оқушылар қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. Осы қағидаға сәйкес біз «Қауіпсіз аула, қауіпсіз подъезд» бейнекамералар желісін кеңейту бойынша бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Мысалы, қалада 2700 көппәтерлі тұрғын үй кешені бар. Олардың 40%-ында бейнебақылау камералары орнатылған. Біріншіден, бұл шаралар балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Екіншіден, пәтерлерде, көліктерде және кіреберістерде ұрлық саны азаяды. Үшіншіден, бұл азаматтардың өздерін тәртіпке келтіреді. Көбіне мүліктің бүлінуі, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастау және т.б. жағдайлар жиі кездеседі», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Б.Мусин «Сергек» камераларын енгізу жол апаты санын едәуір төмендеткенін атап өтті. Көппәтерлі үйлердің аулалары мен кіреберістерінде бейнекамералар желісінің кеңеюі құқық бұзушылықтардың азаюына оң әсер етеді.