
Астанада Байқоңыр ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығында белсенді зейнеткерлердің қатысуымен «Руханилық. Ізгілік. Мәдениет» тақырыбында ашық форматта іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – аға буын өкілдерінің рухани құндылықтарды насихаттау арқылы өскелең ұрпақпен тәжірибе алмасу, дәстүрлерді сақтау және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту.
Іс-шараға Байқоңыр ауданының әкімдігі, ардагерлер кеңесі, бастауыш ардагерлер ұжымы, ардагер-журналистер мен ұстаздар қауымы қатысты. Сонымен қатар, жастар ұйымдарының өкілдері мен студенттер де қонақ ретінде шақырылды.
Зиялы қауым өкілдерінің арасында өткен ашық сұхбат барысында екі ұрпақ өкілдерінің арасындағы сындарлы қарым-қатынасты нығайту жолдары, рухани-адамгершілік құндылықтарды жастардың бойына сіңіруі, білім ошақтарында тәрбиенің рөлін арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, кездесуде аға буын өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар беретін ақыл-кеңестер айтты.
Іс-шара барысында зейнеткерлердің бастамасымен құрылған «Ұрпаққа аманат» зияткерлік даму клубының «Рухани-Ізгілік» мәдени жобасының таныстырылымы өтті. Бұл жоба аясында жастар мен аға буын арасындағы мәдени-танымдық кездесулер өткізу, шеберлік сағаттарын ұйымдастыру және ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғырту көзделген.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев кеш соңында ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін мектептер мен аға буын өкілдерінің тығыз байланыста жұмыс істеуінің маңыздылығына ерекше тоқталды.