
Barys Arena Pool олимпиадалық бассейнінің базасында Тәуелсіздік күніне орай жүзуден ASTANA OPEN ашық республикалық турнирінің жеңімпаздары анықталады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан ашық біріншілікте 2008-2011 жылдары дүниеге келген жасөспірім ұлдар мен қыздар сынға түсіп жатыр.
«Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын додаға 583 спортшы қатысуда. Олардың 197-сі – қыз бала, 386-сы – ұл бала. Бәсекеге Астанадан бөлек, Алматы қаласы, Павлодар, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарынан спортшылар келді. Қатысушылар әртүрлі қашықтықтар бойынша жеке және эстафеталық сайыста жүлдеге таласады», - деді жүзуден Астана қаласының аға бапкері Анна Гершевич.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 12-14 желтоқсан күндері аралығында анықталады. Жарыстың бірінші күні эстафеталық жарыс, 50 метрге баттерфляй, 200 метрге брасс, 100 метрге еркін жүзу және 200 метрге шалқалай жүзу әдісі бойынша өрбиді. Екінші және үшінші күндері спорттық бәсекеде 50 метрге еркін жүзу, шалқалай жүзу, брасс, 100 метрге баттерфляй, шалқалай жүзу және брасс, 200 метрге еркін жүзу, баттерфляй, кешенді жүзу бойынша сынға түседі.
Айта кетейік, ашық біріншілікте үздік көрінген спортшылар ұлттық құрамаға кіруге мүмкіндік алады.