
Елордада жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған «Еsirtkisiz еlorda: deni sau urpaq» жобасы аясында ұйымдастырылған «Сенің таңдауың» бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Байқау елордалық жоғары оқу орындарының журналистика факультеттері студенттерінің басын қосып, оларға шығармашылық арқылы тәуелділікпен күрес туралы өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берді. Биыл көптеген шығарма ұсынылды, олардың арасында көркем қысқаметражды фильмдер де, деректі фильмдер де, мамандармен сұхбат және бұрынғы тәуелділердің әңгімелері болды.
Байқау жүлдегерлері:
1-орын: Санель Қалқаманова, Санжар Жараспаев, Даниал Жұмал (Maqsut Narikbayev University) – 150 000 теңгеге ақшалай сертификат.
2-орын: Ажар Тұрсынбек (Maqsut Narikbayev University) – 100 000 теңгеге ақшалай сертификат.
3-орын: Айлин Қайратова (Astana IT University) – 75 000 теңгеге ақшалай сертификат.
Барлық қатысушылар әлеуметтік маңызы бар тақырыпты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды.