
Нұр-Сұлтанда медицина университеті мен колледжінің 200-ден астам түлегі пандемия жағдайында жұмыс істеуді үйреніп, арнайы оқудан өтті. Дәрігерлер жас әріптестерімен өз тәжірибелерін бөлісті. Қазіргі уақытта олардың барлығы жұмысқа алынып, COVID-19-бен күреске атсалысуда. Қазір медицина университеті және колледжінің тағы 120 түлегі тәжірибеден өтуде.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елорда әкімі Алтай Көлгінов медициналық білім ұйымдарының ректорларымен түлектерді тарту және жұмысқа орналастыру мәселесін талқылады. Медицина университеті мен колледждің 500-ден астам түлегі COVID-19-бен күреске атсалысады. Олар емханалар, ауруханалар, стационарлар мен жедел жәрдем станцияларына бөлініп, кейбірі жұмысқа кірісіп үлгерді.
Қала әкімдігі COVID-19 науқастарын емдеуге арналған төсек-орындар санын көбейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Пандемия басталғалы жұқпалы аураулар төсек-орындары саны мыңнан 3 700-ге дейін ұлғайтылды. Осылайша, стационарлар саны 3-тен 14-ке дейін көбейді. Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың базасында 240 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының жеке блогы ашылды. №1 көпсалалы аурухана жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде толығымен қайта құрылды. «Ramada Plaza» қонақ үйінің базасында қосымша 500 төсек орналастырылды. КВИ бар жүкті әйелдер үшін қосымша перинаталдық орталық ашылған. Сонымен қатар пневмониямен ауыратын науқастарды емдейтін медициналық мекемелер саны 1-ден 7-ге дейін көбейтілді.
Эпидемиологиялық ахуал күрделенуі мүмкін екені ескеріліп, тағы 1,5 мың орындық резерв дайындалды: бұл орындар жатақханалар, қонақ үйлер және Ұлттық ғылыми хирургия орталығы базасында құрылған. Сонымен қатар төтенше жағдай резервінде қосымша нысандар бар. Ол үшін арнайы жабдықталған 800 төсек-орын сатып алынады.
Жақын арада, бұрын сатып алынған заттардан басқа, қалаға 200 өкпені жасанды желдету қондырғысы, 500 флуометр, 500 оттегі концентраторы, екі компьютерлік томограф орнатылады.