Елордалық ТЖД балалар жарақатын қалай болдырмауға болатынын айтты

Елордалық ТЖД балалар жарақатын қалай болдырмауға болатынын айтты

Астана қаласы ТЖД қызметкерлері әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп, балалардың терезеден құлауының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Балаларды жазатайым оқиғалардан қалай қорғау керектігі туралы ӨКҚ брифингінде Астана қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана ТЖД мәліметтері бойынша, жыл сайын балалар арасында жарақаттану жағдайы көбейіп келеді. Олардың қатарында балалардың сіріңкемен ойнауы немесе олардың жол ережелерін сақтамауы, сондай-ақ терезелерден құлауы бар. Құтқарушылар мұндай жағдайлардың жиі болатынын атап өтті. Ондай жағдай себептерінің бірі - ата-аналардың балаларды қараусыз қалдырауы.

"Кішкентай балалар айналада болып жатқан барлық нәрсеге қызығушылық танытуы мүмкін, соның ішінде егер бала үйде жалғыз қалса, ол көшеде ойнайтын басқа балаларға қызығушылық танытып, терезеге жақындап, құлап кетуі мүмкін. Терезеден құлау жағдайларының алдын алу және соның салдарын азайту үшін ата-аналар кішкентай балаларға төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін, үйде жалғыз қалған кезде сіріңкемен ойнамауды және ашық терезеге жақындамауды үнемі түсіндіріп отыруы керек", - деді Бауыржан Тоқжұманов.

ТЖД сақталуы қажет қауіпсіздік ережелерімен бөлісті:

1. Егер үйде кішкентай бала болса, терезені ашық қалдырмаңыз, бірнеше секундтың өзіне бей-жай қарамау керек және бұл баланың өміріндегі соңғы сәт болуы немесе мүгедектікке әкелуі мүмкін екенін естен шығармаңыз.
2. Москит торларын балалардың құлауынан қорғау құралы ретінде пайдаланбаңыз. Балалар оларға сүйенуді ұнатады, оларды сенімді тірек деп санайды және олармен бірге құлап кетеді.
3. Баланың терезені өздігінен ашуына жол бермейтін қауіпсіздік құлпын орнатыңыз.
4. Баланың терезеге көтерілуіне жол бермеу үшін жиһазды терезенің жанына қоймаңыз.
5. Балаларға қауіпсіздік ережелерін үйретіңіз. Үлкен балаларды кішілеріне қарауға үйретіңіз.
6. Бала терезені өздігінен аша алмайтындай етіп терезелерге блокаторларды немесе кілттері бар тұтқаларды орнатыңыз.

Сондай-ақ алдын алу шаралары балабақшаларда, мектептерде, көппәтерлі үйлердің тұрғындары арасында, әсіресе, ата-аналар арасында, жадынамалар таратып, сақтық шараларын түсіндіре отырып жүргізіледі.