Елордада су тасқынын болдырмау үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

Елордада су тасқынын болдырмау үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

Көшелерді су басудан сақтау үшін әкімдік нөсерлі канализацияны салу және коллекторларды тазарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жауын-шашын кезінде құрылыстары қайта жасалып және жаңадан салынып жатқан учаскелерде суды соруға арнайы техника жұмылдырылған. Қала бойынша барлығы 140-тан астам техника жұмылдырылды. 20 текше метрден астам су сорылды.

«Қалада жауын-шашын жауған сәтте тез су басатын бірнеше көшелер бар. Мысалы, бүгін Иманов көшесін су басты, себебі «Молодежный» шағын ауданында (Тәшенов пен Амман көшелерінің қиылысы) жеткізуші коллекторларды қайта құрумен нөсерлік кәріздердің құрылысы әлі біте қойған жоқ. Құрылыс 2021 жылы толық аяқталады. Ол жерде бұрын батпақ болған, территорияны құрғатып, нөсер ағындарын жинайтын жабдық салудамыз.

«Молодежный» шағын ауданындағы жаңа құрылыстардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл тазалау құрылғылары Ташенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев көшелері мен Республика даңғылын су басудан сақтайды», – деді «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК бас директорының міндетін атқарушы Марсель Ұзақов.

Тазалау құрылысы жер астында орналасқандықтан, құрылыс алаңының үстінде абаттандыру, ШАФ-тар орнату және көгалдандырумен саябақ салу көзделген. Құрылысты 2021 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр.

Б.Момышұлы учаскесінде су басу мәселесі ағымдағы жылдың күзінде шешілетін болады. Бұл даңғылда нөсер кәрізінің магистралды коллекторының құрылысы жүргізілуде. Бұл нөсерлік кәріздердің ұзындығы 500 метрді құрайды. Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін (Б.Момышұлы даңғылы өтеді) жалғасады.

Бұдан басқа, қалада коллекторлардың жалпы ұзындығы 354 км құрайды, олардың үштен бірінен астамы (134 км) тазалауды қажет етеді. Бітеліп қалған жүйелер жауын-шашын кезінде нөсерлі кәріздердің жұмысына әсер етеді.

Мысалы, Ташенов көшесі мен Абылайхан/Таха Хусейн даңғылындағы коллектор толығымен бітелген. Одан 2,5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар өткізу қуатын арттыру үшін қосымша сақина орнатылған.

2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданында екі учаске бойынша нөсерлі кәріз мәселесі шешілді.