Елорда әкімі бас дәрігерлерге бірқатар міндеттер қойды

Елорда әкімі бас дәрігерлерге бірқатар міндеттер қойды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов емханалардың бас дәрігерлері мен фармацевтикалық компаниялардың басшыларымен онлайн-кездесу өткізді. Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Әкім бірқатар міндеттерді атап өтті.

«Бірінші.Пациенттермен кері байланысты күшейту. Әрбір симптомсыз науқасты бақылауда ұстау. Егер симптомдар анықталса науқастар ауруханаға жатқызылады. Симптомсыз тасымалдаушылар өзін-өзі оқшаулауы керек. Сыртқа шығуға болмайды.

Екінші. Барлық зертханалардың, емханалардың және стационарлардың базаларын бірыңғай базаға біріктіру үшін жұмыс істейміз. Мысалы, науқастың ПТР-тесті оң нәтиже көрсетсе, дерек ол тіркелген емханаға тікелей түседі. Әрі қарай дәрігер алгоритмге сәйкес науқаспен жұмыс істейді.

Үшінші. Жедел жәрдем станциялары телеграм-боттың (@ns103bot) сапалы жұмысын қамтамасыз етуі керек. Ол арқылы қала тұрғындары жедел жәрдем шақыра алады, сондай-ақ колл-орталықтың жұмысын қамтамасыз етуі маңызды.

Ахуал орталығы жұмысын күшейтеді. Науқастар топталып қалмау үшін қызметкерлер КВИ бар науқастарды стационарларға таратады.

Төртінші. Фармкомпанияларға қысқа мерзімде қаланың дәріханаларына медициналық дәрі-дәрмектерді жеткізу мәселесін шешу тапсырылды. Өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетеміз: логистикалық мәселелерді шешіп, дәрі-дәрмектерді сатып алуға жеңілдетілген несиелер беру және т. б.» – деді А. Көлгінов өз парақшасында.