
Қаланың әлеуметтік маңызы бар нысандары жыл сайын тексеріледі, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Нұр-Сұлтан қалалық департаменті биыл әлеуметтік маңызы бар нысандарда 41 профилактикалық тексеру өткізуді жоспарлап отыр. Жеке немесе заңды тұлғалардан қол жетімділіктің болмауы туралы өтініштер болған жағдайда, мемлекеттік ұйымдар жоспардан тыс тексеруден өтеді.
«Болашақта профилактикалық бақылау аясында біз барлық мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындарды қамтып, мүгедектердің қол жетімділігін тексереміз», – деп түсіндірді мамандар.
Айта кетейік, профилактика аясында әртүрлі мекемелерді тексеру жыл сайын өткізіледі. 2019 жылы 41 мемлекеттік нысанды аралаумен 39 тексеру жүргізілді. Бұл ауруханалар, оқу орындары, мәдени нысандар және басқалар.
Нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, олардың көпшілігінде көзі нашар көретін адамдарға арналған қол жетімді құралдар жоқ. Тік пандустар, биік табалдырықтар және тар есіктер – мүгедектер арбасындағы адамдарға кедергі келтірді. Сонымен қатар нысандарда есту қабілеті нашар адамдар үшін көрнекі ақпарат болмады.
Еске салсақ, 2015 жылғы 20 ақпанда Қазақстан Республикасы 2006 жылғы 13 желтоқсанда Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады.
«Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 14 бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасындағы мүгедек жандар Қазақстан Республикасының Конституциясында, басқа да заңнамалық актілерде, әлеуметтік инфрақұрылымға қол жетімділікті қамтамасыз ету құқығында бекітілген әлеуметтік-экономикалық және жеке бас құқықтары мен бостандықтарының толық жиынтығына ие.