Байқоңыр ауданының әкімі қала тұрғындарының қандай мәселелермен жүгінетінін айтты

Байқоңыр ауданының әкімі қала тұрғындарының қандай мәселелермен жүгінетінін айтты

Өтініштер санының артуы әкімдік халықпен тығыз жұмыс істеп, мәселелерге шұғыл түрде жауап беретінінің айғағы екенін Нұрбол Нұрсағатов атап өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін AstanaTV телеарнасындағы Elorda Live бағдарламасында Байқоңыр ауданының әкімі тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істеу алгоритмі туралы айтып берді. Оның айтуынша, 2019 жылы аудан әкімдігіне тұрғындардан 15 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Ал 2020 жылдың алғашқы бес айында 12 мыңға жуық өтініш келіп түскен.

«Өтініштердің саны өсуде, бұл біз халықпен тығыз жұмыс істеп, барлық сұрақтарға жауап беретінімізді көрсетеді. Бірінші кезекте біз ашық құдықтар бойынша шағымдарға немесе басқа да осыған ұқсас сұрақтарға жауап береміз. Ал егер өтініштер аумақты жөндеуге қатысты болса, біз бұл мәселені 7 күн ішінде қарастырып, мәселе қалай шешілетініне жауап береміз», – деп түсіндірді Н. Нұрсағатов.

Әкімнің айтуынша, ауданның орталық көшелерінің тұрғындары, ПИК жұмысы және қоқыс шығару бойынша шағымданса, ал Кирпичный, Өндіріс және Казгородка ауданындағылар жол төсемдерін қалпына келтіру, жарықтандыру, қоғамдық кеңістіктерді жайластыру бойынша жиі әкімдікке жүгінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар айтарлықтай шешілуде.

«Биыл біз он қоғамдық кеңістік бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Бұған тек аймақтың орталық бөлігі ғана емес жақын жатқан аумақтар да кіреді. Қазгородка ауданы бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, Кирпичный бойынша қазірдің өзінде жұмыс басталды. Өндірістегі екі аймақ бойынша басталды», – деп түсіндірді аудан әкімі.

Сонымен қатар биыл Байқоңырда 50-ге жуық аула абаттандырылады. Отыз алаңда жұмыстар жүргізілуде.

«Әлеуметтік бөлім бойынша бізде Сейфуллин мен Омаров көшесінде жаңа мектеп салынды. Қазір онда абаттандыру жүріп жатыр. Сондай-ақ 31-ші мектепке қосымша құрылыс салынады. Бұдан басқа, Өндіріске келесі жылы аяқталатын дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. 23-ші және 12-ші мектептерді жобалау басталады. Сондай-ақ келесі жылы аяқталатын үш көп пәтерлі тұрғын үй кешені салынуда», – деді Н.Нұрсағатов.

Ауданды көгалдандыру да маңызды. Көктемгі кезеңде аудан аумағында мыңға жуық ағаш отырғызылды. Қазір жасыл желектерді күту жұмыстары жүргізілуде.